Жаңалықтар

Азамат асуы

Сурет Жомарт Оспанның жеке мұрағатынан

Тіл-көзден сақтасын, жорға қаламды журналист, өрелі өлкетанушы Жомарт Оспанды асқаралы алпыс жасқа келді дегенге сенетіндер қатары сирек-ау… Құжатына бір қарап, тұрпатына мың қарап, аң-таң боларыңыз анық. Осындайда еске түседі екен, ертеректе бір қаламгер ағамыз 60 жасқа келіп, қаламдас көкелерінің бірін мерейтойына шақыра барған екен. Сонда әлгі ағасы:

– Бұрын 60-қа шалдар келуші еді, қазір бала-шаға келетін болған ба? – депті таңданысын жасыра алмай. Сол айтқандай, менің Жомарт ағам да аяқ астынан алпысқа келіп, айналасын абдыратып тастады. Ел газеті «Егеменнен» бастап, Арқаның бас газеті «Орталық» бар, Жомарт ағаның қолтаңбасы қалған бірнеше аудандық, қалалық басылымдар бар, бәріміз әбігер болып жатыр­мыз. Жаңағы қаламгер ағамыз айтпақшы «бұрынғыша» ойласақ, менің бұл жазбамның айдары «Ақсақал асуы» болар еді… Амал жоқ, «Азамат асуы» деп айдарладым да, қаламыма қамшы бастым.

Ардақты ағаның боямасыз болмысын, сымдай тартылған сымбатты тұрқы мен Арқаның ақ самалындай аңқылдаған кең пейіл, кемел келбетін, шығармашылық жолдағы жинақылығы мен еңбекқорлығын, көңілінің таңғы шықтай тазалығын ойымнан бойыма көшіріп жатырмын. Яғни, бастан – жүрекке қондырып… Жақсы аға жайлы жарым лепес жүректен шықсын деген пиғыл ғой – менікі.

Жомарт Қызбалаұлының болмысындағы тектілік, жан дүниесіндегі мөлдірлік бастауы тұнық кәусар бұлақтай болатын себебі бар. Ол – жазиралы Жаңаарқаның ең шұрайлы да, құйқалы мекені Қараағаштың тумасы. Қараағаш – ну орман, ғажап табиғатымен ғана емес, өзінде туған текті ұлдарымен даңқы шыққан қасиетті мекен. Кешегі «Жақсылардың соңы» атанған Телғозының Шоңы билік құрып, Төлебай сал төрелік айтқан қастерлі топырақ. Одан беріде академик Серік Қирабаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қани Мұсылманбеков, республикаға белгілі дәрігер, қоғам қайраткері Әбілхакім Ақмурзин, спорт саңлағы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Диханбай Биткөзов, ақын-жазушылар Жақан Смақов, Сайлаухан Нәкенов, Болат Асанов, Базарбай Әлеуханұлы, Кенжебай Ахметов, Төлеген Жаманов секілді тектілердің алтын бесігі болған киелі қоныс. Осы топырақта кіндік қаны тамып, кіл жақсының жалғасы болып өмірге келген Жомарттың жолынан жампоздықтың жоралғысын іздеуге һақымыз бар шығар…

Айтпақшы, тілімізге тиек болып отырған осы тізімге Жөкеңнің өз әкесі марқұм Қызбала қарияны қосуға болар. Өлке тарихын жатқа біліп, қазақтың шерлі шежіресін таңды-таңға ұрып шертетін абыз еді. Әңгімені өз төңірегінен төгілдіре бастап, Арқадан Бетпақдалаға дейінгі өңірді шарлап кеткенде, тыңдаушының өзін шалдықтыратын. Ақсақалдың әсерлі әңгімесіне елтіп кеткенің соншалық, жүйрік қиялыңмен Қараағаштағы «Есен тоғайынан» шығып, «Шоңның Қызылағашын» кезіп кетесің. Бабасы Бұзау болыс туралы айтқанда, буырқанған селдей жөңкіліп, тыңдаушы Сарысуды жағалап, сұңқар Сәкеннің сонарымен Қаратау асып кетеді. Қара Нұра мен Есенді бойлай отырып, Ертіс-Баянға бастап кететін әңгімелері де керемет еді. ҚарЛАГ-тың қасіретін шерткенде, Сәкеннің әкесі Сейфолланың сүйегін басып кететіндей тұла бойың дірілдейді-ау… Қызбала ақсақалдың шерткен шежіре, күбіден жаңа қотарған балғын қымыздай бапты әңгімесіне қанбай қайтасың ғой… Қарияның көзін көрдім. Сан мәрте сәлем беріп, батасын алдық. Әңгімесін тыңдадық. Зерделі қарияның сергек жаратылысын алтын көмбеге балайтын едік. Ендеше, Жомарт аға – сол алтынның сынығы, асылдың көзі. Жаңаарқалықтар Оспановтар әулетін сөз қонған, өнер дарыған әулет ретінде керемет құрметтейді. Әкесінің әлеуетін біршама әңгімеледік. Үлкен ағасы Бекен марқұм бұрынғы Жезқазған облысын мойындатқан шебер өнерпаз болатын. Ол кісінің игермеген аспабы жоқ еді. Екінші ағасы Атымтай марқұм да сөз ұстаған, қаламы жүйрік зергер еді. Кеңес дәуірі кезінде аупартком мен ауаткомда жауапты қызметтер атқарып, сегіз жыл бойы аудандық «Жаңаарқа» газетінде бас редактор болды. Студент кезімізде ел жаққа жол түсе қалса, жазған-сыз­ғандарымызды арқалап Атымтай ағаға барушы едік. Жазғы демалыстан қайтқанымызша, аудандық газетте жарық көрген дүниелеріміз үшін әжептәуір қаламақы алып, қалтамызды нығыздап алатынбыз. 

Үлкен апасы Оркен марқұмның да шарапатын көп көрдім. Ол кісі мен оқыған Жезқазған университетінде кадр бөлімінің жетекшісі болды. Сессия кезінде қаһарына ілініп қалған ұстаздарымыздың соңына Оркен апайды салып, өзіміз сайран саламыз. Апай қаһарлы оқытушының «ашуын басып» бізге деген көзқарасын өзгертіп қоятын. Бұл әулеттегі болашақ әріптесім Жомарт ағамен ғана сирек араласып, амандығын алыстан біліп жүрдік.

…Жалпы, Жомарт Қызбалаұлын «Орталықтың» оқырмандарына ежіктей таныстырып жатудың өзі артық. Ол – «Орталықтың» өз ұлы. «Мылтықсыз майдандағы» жорығын «Қарағанды жастары» («Замандас») газетінде бастаған демесеңіз, Жомарт аға қаламының жорғалығы мен жауһар жазбалары «Орталық Қазақстан» газетінде қызмет атқарған жылдарында (1992-1998 жж.) танылған. Жастар басылымында қалыптасу кезеңінен өткен талантты ұлдың асау қалам, албырт шағы аймақтың бас газетінде шығармашылық тұрғыдан шыңдалу дәуірін басынан өткерді.

«Орталықта» қызмет атқарған жылдарында Рымқұл Сүлейменов, Марал Хасенов, Аман Жанғожин, Тілеуқабыл Байтұрсын, Айқын Несіпбай, Мағауия Сембай, Сүйіндік Жанысбай, Сәбит Бексейіт, Серік Сексенұлы, Аманжол Ақын, Ержан Имаш, Төлеубай Ермекбаев сынды Арқа журналистикасының алыптарына ізбасар болып, сөз өнерінің айтулы мектебінен өтті.

Негізі, Жомарт Қызбалаұлы – айналасы мықты, журналистикадағы жолы құтты болған қаламгер. Досқа да, ұстазға да жарыған азамат. Қарағанды университетінде бірге оқыған курстас, қаламдас достары да – бүгінде елге танымал ақын, қаламгер, ғалымдар. Олар – Елеужан Серімов, Қойлыбай Асанов, Зәмзәгүл Жуынтаева, Әлімжан Жақан, Қайрат Әбілда, Мархаба Тұрсынова… 

Секретариатта тәжірибе жинақтап, әбден шыңдалған Жөкеңнің мықты макетші екеніне кейін көзім анық жетті.

2007 жылы Қаражал қалалық «Қазыналы өңір» газетіне бас редактор болып тағайындалдым. Қызметке кіріскен бетте штаттық кестені алдырып, қызметкерлер тізіміне үңілсем, «Жомарт Оспан – шығарушы редактор, редакцияның баспаханадағы өкілі» дегенді көзім шалды. Мен білетін Жомарт аға – Қарағандыда. Сонда мынау Жомарт Оспан Қаражалда не істеп жүр? Ол кезең газет өндірісі компьютерлік беттеуге енді ғана қол жеткізіп, бұрынғы «қорғасын дәуірінен» өркениет әлеміне қадам басып жатқан уақыт еді. Менің Жомарт ағам редакциядан жіберілген материалдардың кекілін тарап, сақал-мұртын бастырып, облыс орталығындағы «Арко» баспаханасында отырып беттейді екен. Қатты қуандым. Компьютер тілін меңгере қоймаған, тіпті, оған қай жағынан жақындауын білмейтін кезім ғой. Біздің макетсіз жіберген мақалаларымызды қабылдап алып, беттерді эстетикалық талғаммен безендіріп, «қыздың жиған жүгіндей» қылып жіберетін жауапты орында жанашыр ағаның отырғаны қандай жақсы?!

Екеуміз жақын араласа бастаған шақта мені Жомарт ағаның шығармашылық жұмыстағы тиянақтылығы мен тау қозғалса тапжылмайтын сабыры еріксіз баурап алды. Көркем мінез, көшелі болмысқа бай адам қандай болады десе, мен Жомарт ағаны көрсетер едім. Кейінгі жылдары өлкетану ісіне ден қойып, осы өңірдегі ауылдардың бай тарих, көне шежіресін хатқа түсірудің өзіндік үлгісін қалыптастырып, бірнеше жинақ шығарды. Бұл сериялық кітаптарды белгілі өлкетанушы, тіл жанашыры, ел мен жер тарихының терең білгірі, марқұм Ібірахым Ісләмовпен бірлесіп жазып шықты. Екеуінің авторлығымен жарық көрген «Өспен: ел мен жер шежіресі», «Қасиетті мекен Қараағаш», «Ақтауым – атамекенім», «Ақтүбек – алтын бесігім», «Мерейлі мекен Мойынты», «Қырандар ұшқан Қызылтау», «Толағай – тектілер тұғыры» атты толымды жинақтар мен Жомарт аға жауапты редакторы болған «Жаңаарқа», «Нұра», «Әбілқас Сағынов» энциклопедия­ларын ұлт руханиятына Оспанов салған орасан олжа деп бағалауға әбден болады. Сондай-ақ, Жөкең Қарағанды «Болашақ» университетінің бастамасымен жарық көрген «Сәкен Сейфуллин», «Қаздауысты Қазыбек», «Бұқар жырау» энциклопедияларының сапалы жарық көруіне елеулі үлес қосты.

«Қарағанды жастары», «Орталық Қазақстан» басылымдарынан кейін әр жылдары Абай аудандық «Абай Ақиқат» газетінде бас редактор, «Болашақ» университеті жанындағы редакциялық-баспа бөлімінде, Орталық Қазақстан гуманитарлық ғылыми-зерттеу институтында, Қарағанды облыстық мәслихатында жауапты қызметтер атқарған қарымды қаламгер, қадірлі әріптес Жомарт Қызбалаұлы бүгінде еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет етіп жүр. Газеттің жетекші бөлімдерінің бірін басқарады. Қазақстан Журналистер одағының, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің және бірқатар мерекелік медальдардың иегері. Абыройдан кенде емес. Алайда, өзі ресми марапаттан халқының құрметі мен оқырмандарының ыстық ықыласын жоғары қояды.

Отбасында – адал жар, ардақты әке. Алтын асығы Жарасқан Қарағанды қаласындағы Мағжан гимназиясын «Алтын белгімен», Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университеттің мұнай-газ институтын қызыл дипломмен бітірген. Қазір «QazaqGaz» ұлттық компаниясында қызмет етеді. Қызы Назерке Еуразия Ұлттық университетін «Туризм ісі» мамандығы бойынша үздік бітіріп, Елордадағы туристік агенттіктердің бірінде жұмыс істеп жүр.    

…Сөз басында Жомарт ағаның сырбаз бітімін сымдай тартылған деп қалдық қой… Иә, өмір белесінің асқаралы асуын сергек бағындырып отырған аңқылдаған ағаның, жарқылдаған талант иесінің тағдыр жолында да, тал бойында да өзі ұялатын да, кемел болмысын кейіптеп отырған біз ұялатын да сөкеттік жоқ. 

Бұл күнде сымдай тартылған

Жүрегім, жүйкем, бар тұлғам.

Айныма осы қалпыңнан,

Айныма осы қалпыңнан! – деп жырлаған мұзбалақ Мұқағалидың өзі қырық бестің қырынан аса алмаған. Мұқағалидың жасынан асып, азамат асуына көтерілген абзал ағаға «Айныма осы қалпыңнан» деп, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тіледік.   

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button