Жаңалықтар

Қазақ жастарының қамқоршысы

Қарағандының индустриалды-өнеркәсіптік және экономикалық саласы ғана емес, сонымен қатар, ғылымы мен медицинасы жоғары деңгейде дамыған. Осы орайда өмірін өңірдің қарыштауына арнап, кейінгіге үлгі болған жақсының жақсылығын айтып, өзгелерге өнеге қылу – парыз.

Облыстың денсаулық саласының өркендеуі жолында Қарағанды медицина институтының іргетасын қалаған тұңғыш ректор – Петр Поспеловтің еңбегі ерен.

КММИ-ге ҚазКСР Денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шарманов келгенде (оң жақта)

Петр Моисеевич көптен көрегендігімен, жоғары медициналық мектептің даму перспективалары мен болашағына деген айрықша көзқарасымен ерекшеленді. Қазақ тілін жетік меңгерді. Көзін көргендердің айтуынша, Петр Моисеевич «Егер сен өзің мекендеп жатқан халықты құрметтесең, онда оның тілін білуің керек» деген ұстанымда болатын.

Ұлттық медицина кадрларын даярлауға ерекше талаппен қарады. Қазақтар арасында шексіз құрметке ие болды. Мәселен, 1950 жылы Қарағанды облысында қазақ дәрігерлер саны тек 8 адамды құрады. Ал, 1973 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтына қабылданған 7 726 түлектің 2 184-і қазақтар еді. Осылайша саналы ғұмырын дәрігер мамандар даярлауға арнады.

1933-1950 жылдар аралығында қатардағы аурухана дәрігері, бөлім меңгерушісі, бас дәрігер, облыстық денсаулық басқармасының басшысына дейін көтерілді. Ал, 1950-1974 жылдары Қарағанды мемлекеттік медицина институтының ректоры қызметін атқарды. 70-тен астам ғылыми еңбектің авторы атанды.

Петр Поспеловтің соғыс жылдарында Қарағандыда эвакогоспиталь тобын басқарғанын айта кеткен жөн. Оқу үлгерімі жақсы, қоғамдық жұмысқа белсенді қатысып жүрген қазақ жастарын институтқа оқытушылық жұмысқа қалдырып, аспирантурада ғылыми жұмыс­тармен шұғылдануларына жол ашты. Медицина саласында үлкен жетістіктерге жетіп, қазақ медицинасының өркендеуіне үлкен үлестерін қосқан профессорлар – А.Рахишев, Т.Сейсембеков, Ғ.Құлқыбаев, Е.Сраубаев, Қ.Елеуов, З.Шайыхов, М.Тұрғынов, С.Қойшыбаев, М.Айткулов, А.Баширов, Қ.Алиханова білікті дәрігерден тәлім алған. Осылайша үздік шәкірт дайындаған ерекше ұстазға облыстағы денсаулық сақтау ісінің дамуына қосқан еңбегі мен белсенді ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметі үшін «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Поспеловті көптеген студенттер әкесіндей құрметтеген. Бірде 5-курс студенті А.Рахишевті ректор кабинетіне шақырып алып, қазақ мектебін бітірген студенттерге орысша-қазақша-латынша сөздік жазуын тапсырған. Бұл сөздік осы уақытқа шейін медицина университетінде, медицина колледждерінде жоғары сұранысқа ие әрі әлі күнге дейін қолданысқа жарауда. Кейіннен А.Рахишев Алматы мемлекеттік медицина институтының ректоры қызметіне жоғарылап, академик атағын иеленді.

Институт бітіргендеріне он жылдық кездесу мерейтойында профессор Намазбай Орманов бірінші курста тіл жағынан қиындық көріп, оқуды тастап кетемін деген жерінен ректор алып қалғанын мінбеде толқып тұрып айтып еді. Бүгінгі таңда Намазбай Орманов – медицина ғылымының докторы, Шымкент медициналық университетінің кафедра меңгерушісі.

Кешкі бөлім студенттерімен бірге

Петр Моисеевичке менің де әке-шешем батасын беріп отыратын.

Профессор Ермек Сраубаевты «Қызыл дипломмен бітіріп отырсың, сен ғылымның адамысың», – деп, Мәскеуге аспирантураға жіберген. Кейіннен ректордың осы сенімін ақтап, докторлық диссертация қорғап, өзінің бітірген институтында кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды.

Жастар тарапынан орын алған бұзақылықтарға кешіріммен қарайтын. Үнемі «Сендерді ауылда әке-шешелерің күтіп отыр, сенімін ақтауға тырысуларың қажет» деп кеңес беретін.

Осы естелікті жазып отырған сәтімде Шет ауданының Құрметті азаматы Марат Түсіпов былай деп еді: «Поспеловті Шет ауданының тұрғындары аңыз ғып мақтап айтатын. Мына бір оқиға әлі есімде. Ауылдың бір адамының қыз баласы осы институтта оқып жүріп, емтиханды «3» деген бағаға тапсырып, стипендиядан айырылып қала жаздаған жерден П.Пос­пелов қол ұшын созып, стипендиямен оқуына себепкер болған».

Ректордың қазақ балаларына қамқорлығын көпшілік аңыз қылып айтады.

Қарағандының 90 жылдық мерейтойында Қарағанды медицинасының және медицина институтының іргетасын қалаған адамдарды жадымыздан өшіруге болмайды. Ректор институт қабырғасында жүргізілетін көптеген үйірмелердің барысын өзі барып, бақылап, жатақхана жағдайына алаңдаушылық білдіріп, студенттердің жай-күйін назарында ұстаған. Тіптен, қолында көп мүмкіндік тұрса да, институт бітірген ұлы Бористі Бұқар жырау (бұрынғы Ульянов) ауданының бір ауылына жұмыс істеуге жіберді. Бұл – ректордың қарапайымдылығынан.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді». Ректор Петр Поспеловтің қазақ жастарына жасаған қамқорлығы – жадымызда. Әрине, ұрпаққа аңыз қылып айтып жүреміз.

Аманжол НҰРБЕКОВ,
Қарағанды жоғары медициналық интерколледжінің директоры.
Денсаулық, білім беру және ғылым ісінің үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты.

Суреттер Қарағанды Медицина университетінің архивінен.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button