Қазақы жылқыға қолдау бар
Ескіміз жаңғырып, еңсеміз көтерілуде. Қазақтың көне салты қайта түлеп, ұлттық құндылықтар қолдау тауып жатыр. 2024 жылдың 9 шілдесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды.
Құжат мініс және мініс-жегін бағыттарындағы жылқылардың отандық тұқымының өсімін молайтуға бағытталған. Сондай-ақ, қазақтың спорттық, яғни, көкпар, бәйге жылқыларының көне қасиеттерін сақтай отырып, өсімін молайтуды, олардың тұқымдарын құндырақ етіп, асылдандыру жұмыстарын жүргізуді көздейді.
Бұдан бөлек заңның бастапқы бөлігіндегі «асыл тұқымды мал» және «тұқым стандарты» ұғымдарына түзетулер енгізіледі. Осылайша, тұқым стандартына сәйкес келетін және Республикалық палатада тіркелген таза тұқымды жануарлар ғана асыл тұқымды жануарға жататын болады. Оларға құзырлы орындардан арнайы мөрі бар құжаттар беріледі. Фенотиптік және өнімді көрсеткішке қойылатын минималды талаптар ғана емес, сонымен қатар басқа көрсеткіштер де қамтылатын «тұқым стандарты» ұғымдары нақтыланады.
Заңда асыл тұқымды жылқыларды өсіруді ынталандыру мақсатында Қазақстан аумағында өсірілген мініс және мініс-жегін бағыттарындағы жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мақсатында жұмсалған шығындарды өтеу көзделеді.
Бұл заңның қабылдануы еліміздегі асыл тұқымды жылқыларды сақтап қалуға һәм олардың басын ұлғайтуға зор ықпалын тигізеді деп күтілуде.
Қарағанды облысында осы заңға байланысты жоспарлар құрылуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша, әзірге тек жегін жылқы басының өсіміне көп көңіл бөлінген. Биылғы жылы жегін жылқы басы – 11,1 пайызға өскен. Бұл – 352,2 мың басты құрайды.
Жан АМАНТАЙ,
Сурет автордан
Ortalyq.kz