Қазақы қылжақ
«Айналайын Сейтқазинов…»
Қалың қауымға «Дәридай» әуенімен танымал, айтыстың айтулы ақтаңкері, ұлытаулық Мұқаш Сейтқазинов – той-думанды басқаратын асабалық өнердің де һас шебері.
Өзінің айтуына қарағанда «асаба» деген сөз «Айналайын Сейтқазинов, ал барыңды аяма», ал «тамада» деген ұғым «Тағы, айналайын Мұқаш алдымызда дәл анадағыдай» деген сөйлемдердегі сөздердің бастапқы әріптерінен шыққан екен…
Қ-А-Б-Ы-Л-Б-Е-К
Мұқаштың институтта оқитын кезі. Қасында әзіл-қалжыңы жарасқан Қабылбек дейтін курстас досы бар. Екеуі де реті келген жерде ішімдікке «кет әрі» емес. Әрине, студент байғұстың қалтасы үнемі «тесік» болатыны белгілі. Ауылдан ара-тұра бес-он сом келгенде, қолдарына стипендия тигенде «аттың басын жіберіп» алады ғой жарықтықтар. Оның өзінде бағасы арзандау болған соң қызыл арақ ішетін болса керек.
– Қалталарына сәтімен азды-көпті қаржы түсіп, жатақханада қызыл арақты құмарлана сіміріп, дуылдатып отырған бір күні Мұқаш қызара бөрткен досынан «Осы сен есіміңді неге Қабылбек қойғанын білесің бе?» – деп сұрапты.
– Қайдан білейін, – дейді Қабекең аң-таң болған күйінде.
– Білмесең, енді біліп жүретін бол, – депті сонда Мұқаш. – Сенің есіміңді «Қызыл арақты бар ықыласымен лақылдатып бөтелкеден еметін керемет» деген сөйлемнің бас әріптерінен құрас – тырып қойған.
Қызыңқырап қалған Қабылбек досының сөзіне қарсы қояр уәж таппай, басын еріксіз шұлғи беріпті.
С-Е-Р-І-К
Мұқаштың институт қабырғасында қатар оқыған, «жарты нанды бөліп, жарты құртты жарып жеген» Серік деген досы болады. Оның өзгелерден көзге ұрып тұратын өзгешелігі ұзынтұра, арықша келген, сидаң жігіт болса керек. «Түлен түртті ме» кім білсін, Мұқашқа бір күні Серік өзі соқтығып: «Сенің талдап, таратып жүргендерің бірыңғай жеңіл сөздер. Мықты болсаң, менің есімімді талдап берші», – дейді ғой. Сонда Мұқаң Секеңнің тұла бойына тінте қарап тұрып: «Сүйегіне еті ретсіз іліккен көтерем», – деген екен.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ