Жаңалықтар

Қазақтың тұңғыш агрономы

Биыл жерлесіміз, қазақтан шыққан тұңғыш ғалым-агроном Қылыш Бабаевтың туғанына 110 жыл толады. Ол 1913 жылы 17 мамырда Бұқар жырау ауданының Үміткер ауылдық округі аумағындағы Қызылтау деген жерде дүниеге келіп, 1948 жылдың 30 қыркүйегінде Мәскеуге В.Ленин атындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылық академиясының (ВАСХНИЛ) кезекті сессиясына ұшып бара жатып, әуе апатынан қаза болған. Небәрі 35 жасында қайғылы қазаға ұшыраған ол отандық ауылшаруашылық ғылымының дамуы мен қалыптасуына зор үлес қосқан ірі ғалым еді.

Бүткіл аймаққа білімдарлығымен белгілі Бабай қажының бұл баласы жасынан зеректігімен танылып, ауылдағы және Баянауылдағы мектептерді оқып бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түсіп, оны 1937 жылы үздік бітіреді. Оқу орнында оқытушылық қызметке қалған білімді жас білікті агроном кадрларды дайындау ісімен және ғылыми-техникалық байланыстарды нығайту ісімен де айналысады. Әуелде осы институтта ассистент, оқытушы болып бастаған ол аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісіне дейінгі сатылардан өтіп, 1942 жылы В.Вильямс атындағы Қазақ егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалады.

Оның ізденімпаздығы, зерттеушілік қабілеті институт қабырғасында жүрген кезінен байқалып, профессор Н.Маловтың назарына ілігеді. Ұстазының ұсынысымен 3-курстан бастап студенттерге дәріс оқып, оның жетекшілігімен Қазақстан жағдайында бұршақ тұқымдастары мен басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарына нитрагиндердің әсерін зерттеп, бұл еңбегінің нәтижесі 1938 жылы жарық көрген «Ауылшаруашылық дақылдарынан жоғары өнім алу майданындағы нитрагин» деп аталатын кітапшаға енген.

Ғылыми-зерттеу институтын басқарған жылдары ғалымдар оның бастауымен топырақты азотпен байыту арқылы мол өнім алу жолдарын жан-жақты зерттеп, қорытындысында 62 жаңа перспективалы, өнімділігі жоғары дәнді дақыл сұрыптарын алуға қол жеткізді. Осы кезеңде ауылшаруашылық саласы бойынша тың агротехникалық тәсілдер көптеп игеріліп, еңбек өнімділігі де артқан болатын. Сол соғыс жылдарында Ыбырай Жақаев пен Ким Сан Самның күріш өсіруден жасаған әлемдік рекордында осы ғылым ордасы ғалымдарының да үлесі бар.

Ғылым жолына біржола берілген Қылыш Бабаев «Қазақ КСР-і малшаруашылық және егіншаруашылық аудандарындағы диқаншылық жүйесі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, елімізде мал өсіруге қажет қуатты жем-шөп базасын құру жолдарын ұсынады. Оның бұл еңбегі әлі де маңызын жойған жоқ. Бірақ алғыр азамат диқаншылық жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі тақырыбын тереңдетіп, докторлық диссертациясын енді қорғайын деп жүргенде мезгілсіз қаза болды.

Сол 1948 жылдың 30 қыркүйегіндегі ұшақ апатынан Қылышпен бірге Қазақстан ауылшаруашылық ғылымының негізін қалаған әріптестері – В.Ленин атындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылық академиясының Қазақ бөлімшесінің төрағасы Кәрім Мыңбаев, осы бөлімшенің жеміс-көкөніс секциясын басқарған Федор Солодовников, мал шаруашылығы ғылыми институтының директоры Хасен Наурызбаев, картоп-көкөніс станциясының директоры Сапар Нұғыманов та қаза тапқан. Аз да болса мағыналы ғұмыр кешкен Қылыш Бабаевтың еңбектері ауылшаруашылық өндірісін жоспарлаудың негізіне алынып, оған жоғары баға берілді де. Бұған дәлел – отыздың ортасындағы жас ғалымның «Қазақ КСРінің ғылымға еңбегі сіңген қайраткері» атанып, КСРО-ның ең жоғары марапаты Ленин орденін алуы.

Қырық жасқа жетпей қыршынынан қиылған Қылыш марқұмның есімі кезінде ардақталған да. Туған жерінде 1961 жылы Үлгі, Үміткер, Төрткөл, Шат бөлімшелерінің бірігуінен Қылыш Бабаев атындағы кеңшар құрылған болатын. Шаруашылық жылына 16 мың гектар жерге егін егіп, 7 мыңдай ірі қара өсіріп, 1998 жылға дейін табысы тасып, дүрілдеп тұрған еді. Мал-жаны бірдей қаулап өскен кеңшарды осы жердің тумасы Жеңіс Шәдетов басқарып тұрған мерзімде 1991 жылы шаруашылық құрылуының 30 жылдық, 1993 жылы жерлес ғалым Қылыш Бабаевтың туғанына 80 жыл болған тойларын дүркіретіп тойланған. Сонда ғалым ағамыздың мерейтойына Алматыдан баласы Марат арнайы шақырылды. Ал, Қылыштың ағасы Балташтың баласы Мэлс ағамыз өзі жасатып әкелген ғалымның қола мүсінін ауылдастарына тарту еткен. Содан кейінгі бес-алты жылда кеңшар да тарап тынып, Бабаевтың есімін өзімен қоса ала кетіп, бүгінде ұмытылуға айналды. Қазір ауылдық округ те, орта мектеп те Үміткер деп аталады. Тек Қылыш Бабаевтың сондағы мүсіні мектеп алдында қалқиып тұр. Ауылдағы бір көшенің аты берілген. Бұл мәселе жөнінде ауылдастары облыстық, республикалық ономастикалық комиссияларға сан рет хат жолдағанымен, әлі шешімін таппай келеді. Енді қазақтан шыққан тұңғыш ғалым-агроном Қылыш Бабаевтың биылғы 110 жылдық мерейтойында оның оң шешілетініне үміт артамыз.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button