«Қазақты сақтау үшін ауылды сақтау керек!»
Қарға тамырлы қазақтың ежелгі ерте мекені – ауыл. Бүгінде өркениеттің өріне шықпаса да, өз күнін өзі көріп, бейсауат біреуге алақан жаймаған «шүкіріне» шүкір қосумен күнелткен ауылдың ахуалы жиырма бірінші ғасырдың жиырма төртінші жылында да тақтайдай түзеле қоймады. Отыз жылдан астам уақыттан бергі қыбыр тірлігі түтінді түзу ұшырғанымен, айхай ауылдың жадау тұрмысын тамсандырардай жақсарта алмағаны да шыжықтай шыжғырылған шындық. Осыдан біраз бұрын алғаш рет өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының осы аса бір мән берілмей жүрген ақиқаттарын ашық айтты. «Кешеннің көсегесін көгертеді-ау!» деген тетіктерді тізіп те берді. Осы орайда ауыл шаруашылығы саласының ардагері Ниқанбай Омархановпен сұхбат құрғанбыз. Әңгіме… тағы ауыл туралы…
– Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Президент агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ықпал ететін алты бағытты белгілеп берді. Сізді осы салаға бүтін ғұмырыңызды арнаған және аймақтың экономикалық-дамуын бірден-бір жетік білетін маман ретінде бағалайды бұқара. Бүгінгі сұхбат осы алты бағытты іске асырудағы аймақтың әлеуеті төңірегінде. Сондықтан да, бірінші өте өзекті сауал – агрокешенді қаржыландыруға қатысты. Рас, мойындау қажет, бұл саладағы қаржыландыру ақсап тұр. Оны Президент те атады жасырмай. Сіздіңше, ауыл шаруашылығын қаржыландыруды жүйелі етудің тетіктері не? Бір кездегі өндірісті өңір Қарағандының қазіргі таңда аграрлы Қарағандыға айналу мүмкіндігі қаншалықты?
– Иә, Астанадағы тұңғыш рет 2000 адам жиналған, Тәуелсіздік сарайында өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Президент өзінің 40 минуттық сөзінде тек қана ауыл шаруашылығы емес, салаға ықпалы бар еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайларға да кеңінен тоқталып өтті. Әрине, жиынның өзегі ауыл шаруашылығы турасында. Президент бөліп айтқан алты бағыттың бәрі де – бір-бір мемлекеттік бағдарламаға арқау, кезек күттірмейтін өзекті мәселелер.
Соның ішіндегі агрокешенді қаржыландыруға қатысты тапсырмасы көптің көкейіндегі, ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына тұсау болған, көптеген жылдар сан министрдің басын қатырып жүрген, қоғамда қызу пікірталастар туғызған, лоббистердің сан түрлі ұсыныстары туындаған, бейнелеп айтқанда әралуан пікірталастарда «біраз найзаларды сындырған» саланы қаржыландыруға байланысты болды.
Мемлекет басшысы «Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу қажет..» деп ерекше айтып, «Агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан субсидиялауды біртіндеп қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруін ынталандырған жөн. Отандық қаржы институттары агрокәсіпорындарға ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаражат ұсынуға тиіс» деген тұжырымын жеткізді. Бұл – ауыл адамдары үшін, әсіресе, алыс ауылдардағы шағын шаруашылықтар үшін өте өзекті мәселе. 25 жыл қалыптасып, ірі шаруашылықтарға жүздеген миллион тегін әрі жанды көмек болған, ал, ұсақ шаруалардың қолы жетпеген мемлекеттік қолдау – субсидия әлеуметтік әділетсіздік тудырып, ушығып кеткені жасырын емес. Басында 10-15 түрлі болған субсидия, әртүрлі, қаптаған салалық одақтардың лобби жасауы, әркімнің «көрпені өзіне тарту» арқылы кейінгі жылдары үнемі өзгерді. Содан барып, саны 50-ден асып кеткені мәлім. Тіпті, министрліктің өзі шатасуға айналды. Жалпақ тілмен айтқанда, «Жап-жақсы ән еді, мына пұшық қор қылдының» кері келді. Орын алған жағдайды саралай келе, Мемлекет басшысы үзілді-кесілді шешім қабылдамай, өзінің байсалды саясатымен, біртіндеп субсидияны азайтып, арзан несиелерге көшу мәселесін шешу туралы тапсырма берді. Әлбетте, бұл – асығыс шешім қабылдауға келмейтін, бірнеше жылда біртіндеп шешуді қажет ететін мәселе. Несиелендіруде алғашқы бастамалар бар, жаман емес. Мысалы, шаруаларға жанталас тудыратын көктемгі егісті ерте қаржыландыру шешілгендей. Келесі жылғы көктем егісті қаржыландыру үстіміздегі жылдың желтоқсан айынан бастау алды. Оған қоса, бұрнағы жылдарға қарағанда бөлінген қаржы көлемі де айтарлықтай. Яғни, диқандар енді көктемгі егін егу және жиын-терін жұмыстарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие алады. Мұндай несиелеу көлемі алғаш рет жарты триллион теңгеден асты (580 миллиард теңге, бұған дейін 180 миллиард теңге болған). Алдағы уақытта бұл көрсеткіш бір жарым триллион теңгеге дейін жетеді. Бірақ, жұмыс көп, ауыл шаруашылығы тек егіншіліктен құралмайтыны белгілі. Алда әлі мал шаруашылығы, сапалы мал азығы, суармалы жерлер, техникалық, инфрақұрылымдық мәселелер де жеткілікті. Үкімет оны қалай шешеді уақыт көрсетеді.
Бұл мәселеде жан-жақты пікірталастар мен ауыл адамдарының көзқарастарын талқылай келе, бірқатар ұсыныстарымыз бар. Бірінші, субсидия бойынша. Мұнда ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау (субсидия) механизмін түбірінен өзгерту, бүгінгі күнгі 50-60 түрлі субсидия механизмін жойып, 7-8 түрін ғана қалдыру қажет. Бұл арадағы басты мақсат – 100% шаруа адамына субсидияға қолжетімділікті қамтамасыз етіп, әркімге еңбегіне қарай төлем принципін шешу. Субсидия төлеуде басымдықты ұсақ және орта шаруашылықтарға бағыттау қажет. Жағдайы жақсы, аяғынан тік тұрған, ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидияны азайту керек. Ұсақ және орта шаруалар мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне ұлғайту керек. Яғни, субсидия төлеуде дифференциация жасау – міндет. Қазіргі субсидия төлеу механизмі байларды байытып, кедейлерге бұйырмайтын принципке сүйеніп алған. Таяу арада Премьер-Министр де ауыл шаруашылығы субсидияларының әділ бөлінуін бақылауға алу туралы «Қаржы саланың ірі ойыншыларының табыс көзіне айналмауы тиіс» деп тапсырма бергенін естен шығармауымыз керек.
Екінші – арзан несие. Ауылдағы ұсақ және орта шаруаларға арзан (1-3%), ұзақмерзімді (10-15-20 жылға), өндірілген өнім, сатып алынған негізгі қорлар кепілдігімен несиелер беру механизмін енгізу қажет. Бұл арада басында 15-16%-бен беріп, сосын оның 10%-ын қаржы ұйымына қайта субсидия беру арқылы көмек жасау – шаруаның көп уақытын алады. Сондықтан, шаруаларды бұған араластырмай, субсидияны қаржы ұйымы мен сатушыға төлеп, жеңілдетілген несиені шаруаға тікелей беруді жолға қою керек. Осы орайда қайтадан коммерциялық екінші деңгейдегі агробанк ашуға асығыстық керек емес. Оның орнына экономист-қаржыгерлер ұсынып отырған әрі өзінің тиімділігін дәлелдеп, шаруалар дұрыс қабылдаған және қалыптасқан, аудандарда несиелік серіктестері бар Аграрлы несие корпорациясы (АКК) базасында коммерциялық емес «АКК Банк» ашқан дұрыс деп ойлаймын. Бұл істе Ресейдің, Еуроодақ елдерінің ауыл шаруашылығы жүйесін қаржыландыру тетіктерін зерттеген дұрыс. Менің ойымша, қазір көп айтылып, біртіндеп қолданысқа енгізіле бастаған, барлық жағынан тозып тұрған, қаржылық жағдайы мен рентабельдігі нөлдік деңгейдегі ұсақ, орта шаруаларға 5%-дық несиелер де қымбат. Еуропа елдеріндегідей 0,1-0,5% болмаса да, бізден 10 есе кіші іргеміздегі Армения сияқты 1-3%-бен беру тиімді болады.
Жалпы, тұралап қалған ауыл шаруашылығын таза құрдымға кетірмей, тоқыраудан алып шығуы үшін мемлекет ауылдан аянбауы тиіс. Бірақ, бөлінетін қаржыны да кімге, қанша, қандай шартпен беру керектігі мұқият зерттелуі шарт. Бірікпей (іріленусіз) ауыл шаруашылығы көтеріле алмайды. Ал, мемлекеттің ұйымдастырушылық рөлінсіз бірігу (ірілену) тағы мүмкін емес. Жеке қосалқы шаруашылықтар мен ұсақ шаруалардың ерікті түрде бірігіп жұмыс істеуінің экономикалық механизмі ретінде бүгінгі таңдағы бірден-бір жол – әлеуеті жоғары ауылдарда «Дайындау – Өткізу – Қызмет көрсету кооперативтерін» ашу. Сол кооперативтер арқылы Үкіметтің қамқорлығынан сырт қалып жүрген облысымыздағы 50 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылықтарды да (ЛПХ) жанама субсидиямен қамтуды шешуге болады. Сонымен бірге егістігі, көпжылдық шөп алқаптары ауқымды, қажеттілік бар аудандарға облыстағы «Сарыарқа» ӘКК (СПК) арқылы тозып кеткен ауыл шаруашылығы жерлерін игеру мақсатында МТС-тар ашуды ұйымдастыру қажет.
Қандай дағдарыс болса да, мемлекетті тәуелсіз ұстаудың бірден-бір жолы – ауыл шаруашылығы.
Қарағанды облысының аграрлы аймақ болуына география жағдайын ескерсек, ауыл шаруашылығына қаржы құйып, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізе білсек, климаттық өзгерістерге ыңғайлана әрекет жасасақ, барлық жағдайлар бар. Оған биылғы егін шаруашылығындағы көрсеткіштер дәлел. Келесі жылдан бастап, «Аграрлы Сарыарқа» бағдарламасын жасауға ауыл шаруашылығы басқармасы мүдделі. Облысымызда ауыл шаруашылығы саласында жаңа есімдер де пайда болуда. Ендігі міндет – 30 жыл дәріптелген жаттанды азын-аулақ ірі шаруаларды көрсете бермей, заманауи технологиямен дамып келе жатқан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді алдыңғы қатарға шығару. Олардың тәжірибелерін жарнамалап, семинарлар өткізіп, қолдап, тіпті, марапаттарды соларға беретін уақыт келді.
– Төртінші өнеркәсіптік революцияны өткердік деп, бөрікті аспанға атқанымыз бар еді. Сол революциялар ауыл шаруашылығына жетпей қалғанын көзіміз көріп келеді. XXI ғасырдағы елдегі ауыл шаруашылығы сол жиырмасыншы ғасырдың 80-90 жылдарындағы тұрмысынан қатты ұзай қоған жоқ секілді. Әрине, озық технология мен үздік техниканы пайдаланып отырған шаруашылықтарды жоққа шығара алмаймыз. Алайда, аймақтағы оларды санамаласақ, он саусағымыз артылып қалатыны анық. Агроөнеркәсіп кешені индустрияландыруды қалай және қашан толық сезінеді?
– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын индустрияландыру деген не? Соған тоқталайықшы. Үкімет «Индустрияландыру – өнеркәсіптің жаңғыруы, инвестициялар ағымы, инновациялық серпіліс» деп бағыт белгіледі. Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы (2010-2014) бағдарламасында шикізаттық секторды, инфрақұрылымды дамытуды қоса алғанда, өнеркәсіптің барлық салалары қамтылды, осылайша, басымдықтарының кең ауқымы нақтыланды.
Екінші бесжылдық (2015-2019) сыртқы экономикалық шоктарға аса төзімді және қазақстандық экономика үшін «қауіпсіздік төсемі» болу әлеуеті бар сектор ретінде нақты өңдеу өнеркәсібіне бағдарланды. Бұл бесжылдық аясында өңдеу өнеркәсібінің 14 басымдықты секторы айқындалды, қолдау құралдары соларға бағытталды. Қазіргі кезде 13 АЭА мен 23 Индустриялық аймақ құрылып, жұмыс істеуде.
Осы индустрияландыру бағдарламаларын саралай келе, «Ауыл шаруашылығында индустриалдық революция бастауы бар ма өзі?» деген сұрақ туады. Егер индустрияландыру революциясы өнеркәсіпте, өңдеу кәсіпорындары, мұнай-газ, алтын-мыс, көмір-темір өндірудегідей ауыл шаруашылық саласында қарқынды жүргізілгенде, бүгінгі күнгі 90% Кеңес үкіметінен қалған ескі техникалармен жарақтанған, инфрақұрылымы жойылған, мал тұқымы азып кеткен, жерлері деградацияға ұшыраған, азып-тозған ауылдар, тапқан нәпақасы өзінен артылмайтын шаруалар болар ма еді?! Сондықтан үкімет ауыл шаруашылығы саласын индустриялауды ең бірінші техникалық паркін жаңартудан бастаса, біраз оңды өзгерістер орын алар еді.
Жалпы, ауыл шаруашылығын толық индустрияландыру саясатын іске асыру үшін ауылға қаржылық-экономикалық, саяси-әлеуметтік, ғылыми-практикалық революция керек.
– Техникаға қолжетімділік пен экспорттық әлеует туралы сіздің жеке пікіріңіз…
– Бұл Президенттің 4-5-6 тапсырмаларында нақты айтылды. Техникаға қолжетімділікті айтқанда медальдің екі жағын қараған дұрыс. Өзіңіз айтқандай, облысымыздағы қолмен санарлық, кезінде жан-жаққа тарамай, жеке-жеке кетпей, ұжымды сақтап қалған ірі шаруашылықтар әлемдегі ең заманауи техникалармен жарақтанған. Тіпті, тоза бастаған техникаларын жаңалап отыруға да шамалары жеткілікті. Өкінішке қарай, олардың саны өте аз.
Мәселе бүгінде мемлекеттің де, қоғамның да, адамның да бас ауруына айналған 1,7 млн жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруашылықтарда. Әсіресе, бұндай жағдай өз ұлтымыз мекендеген қазақи алыс aуыл аудандарға тән құбылыс. Бірінші кезекте 20 жыл жыр болып келе жатқан «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» Заңды шұғыл қабылдау керек.
Ұсақ және орта шаруаларды қолжетімді, тиімді ауыл шаруашылығы техникаларымен жарақтандыру мақсатында отандық ауыл шаруашылығы машинасын жасау, құрастыруды дамыту қажет. Еуразиялық одақ, Қытай елдерінің ауыл шаруашылығы машина жасау зауыттарының құрастыру цехтарын, отандық мөлшерін (отечественная локация) ұлғайту арқылы бұл мәселені шешуге болады.
Бүгінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 80% құрайтын ұсақ шаруалардағы 80-85% тозып тұрған ауыл шаруашылық техникаларын жаңартып алғанша, ұсақ шаруаларға қолжетімді трактор, машина, ауыл шаруашылығы техникаларына алғашқы төлем, утильалым, мемлекеттік баж, ҚҚС төлемеуге кем дегенде 10 жылға мораторий жариялануы тиіс.
Шаруалар сатып алатын құрал-жабдықтар құнын кем дегенде 50-70% субсидиялау арқылы утильалым мен алғашқы төлемді алып тастап, еліміздегі ұсақ және орта шаруаларды 5-10 жылда қолжетімді техникалармен жаппай қамтамасыз етіп алуға болады. Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін көтеру маңызды мәселе. Онымен Үкімет арнайы шұғылданып, экспорттық әлеуетті ұлғайту үшін ең бірінші «Алқаптан – Сөреге» принципі бойынша ұлттық тауар өткізу жүйесін құру – бүгінгі күннің сұранысы.
– Мемлекет басшысы «агроөнеркәсіп кешенін одан әрі цифрландыру мен автоматтандыру мәселесі ұдайы назарда болуы тиістігін» атады. Бұл орайда аймақтағы шаруашылықтардың ахуалы туралы не айтар едіңіз?
– Біздің аймақта шаруашылықтары заманауи техника, технологиялармен жабдықталған ірі АШТӨ спутниктік технологиялар арқылы өндірісті цифрландыру технологияларын пайдаланып, «ақылды техникалар», «ақылды алқаптар», «ақылды қоймалар», «ақылды мал базалары», «ақылды жайылымдар» сияқты интеллектуалды технологияларды енгізе бастаған тәжірибелер бар. Ал, өкінішке орай, алыс ауылдағы ағайындар үшін бұл жаңалықтар әзірше арман. Цифрландыруды өмірге дендеп енгізудің алғышарты ең бірінші, әрине, кеңжолақты интернетпен алыс ауылдарды, оның ішінде, алыстағы 600-ден астам қыстақта электр энергиясыз отырған шаруаларды қамтамасыз етіп алу керек. Ал, бүгінгі таңда ауылда жарықтың өзі бір күн бар, бір күн жоқ жағдайда цифрландыру туралы ойлау қиындау…
– Ғылым – дамудың көзі. Өңірде бұл ғылымға назар аударылған ба?
– Облысымызда ғылым саласында жаңалықтар бар. Бірақ өңірде жалпы ғылымнан бөліп қарасақ, ауыл шаруашылығы ғылымы бүгінде дамып жатыр деп айта алмаймын. Кезінде Қарағанды Ауыл шаруашылық селекциялық тәжірибе ғылым стансасы (СХОС) барлық аудандардағы тұқым учаскелері А.Христенко, Еламан Шаханов сияқты ғалымдар басқарып тұрғанда қандай керемет құрылым бар еді. Сол замандағы ғалымдардың жыл он екі ай шұғылданатын, әрбір совхоздарда асыл тұқымды малдар (қой, ірі қара) бөлімшелері, селекциялық учаскелер, бордақылау алаңдары, мал фермалары механизациясы, бордақылау цехтары, құнарлы мал азығын дайындаудан бөлек, селекциялық тұқым дайындайтын суармалы жерлер, асыл тұқымды шаруашылықтар болды. Ол заманда әрбір совхоз жоғары индустриялы, жаңа техникалар, алдыңғы қатарлы технологиямен жарақталған, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізумен шұғылданатын өндірістер жүргізді. Өкінішке қарай, бүгінде соның бірі қалмайды ғылыми негізделген жұмыстан жұрдай стихиялы жағдайда жүргізілуде. Ғылым мен тәжірибе қатар жүрмей, ештеңе өркен жаймайды. Бұл жерде А.Суворовтың «Практикасыз теория өлі, теориясыз практика соқыр» («Теория без практики мертва, практика без теории слепа») деген сөзі қалыптасқан жағдайдың бәріне жауап.
«Қуатты аймақтар – қуатты ел» деген сөз. Біз осы қағидаға сай жұмыс істеуіміз керек. Себебі мықты мемлекет боламыз десек, ауылды дамыту аса маңызды. Осы орайда мен баршаңызға үндеу тастағым келеді:
«Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры – ауылда. Халқымыздың салт-дәстүрі, тілі мен ділі, бәрі де ауылда сақталған. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек» деген Президенттің Үндеуі 20 млн қазақстандықтарға, Үкіметке, 21 министрлікке, 23 ұлттық холдингке, 20 облыс, қала әкімдіктеріне, 260 аудан мен 6500 ауыл әкіміне орындауға тапсырылған стратегиялық бағыт деп есептеймін. Тек осы айтылған орындаушы тізбедегі жауаптылар, жүйелік ақауға жол бермей, Президент тапсырмасын орындауда бір жұдырықтай жұмылып, соңына дейін жеткізе ала ма, гәп сонда…
Мемлекет басшысының «Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Соған сай жаңа бастамалар мен жоспарларды жүзеге асырамыз. Қазір оның бәрі мұқият зерделеніп жатыр. Келесі жылы халыққа ұсынатын боламын. Кейбір бастаманы әдеттегідей Ұлттық Құрылтайда жариялаймын. Оның кезекті отырысы Бурабайда өтеді. Қалғанын Жолдауда айтамын» деген тұжырымына сүйенсек, ел экономикасының қарқынды дамуында зор өзгерістер күтіп тұр деп сенейік.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.