Қазақтың аңшылығы қандай еді?
Аңшылық – қазақтың қанында, дәстүрінде бар құндылық. Ел басына күн туған қиын-қыстау заманда тұтас ауылды аштықтың азабынан аман алып қалған аңшылар болған. Олардың серілігі, мергендігі мен құмай тазысы ел арасына аңыз болып таралып, ұрпаққа өнеге ретінде ұсынылатын. Ал, қазір ше?
Бүгінгінің аңшысымақтары «обал, кие» деген ұғымды білмейді, білсе де ескермейді. Әйтпесе, о заман да бұ заман, қазақ атқан аңын қорлаушы ма еді?! Қансонарға шыққан аңшылар аңның етін азық ретінде пайдаланатын. Осы күні киіктің мүйізіне қызығып, етін қоқысқа тастайтындар көбейді. Одан қалса қисапсыз қырылған аңды видеоға түсіріп, ессіз қылығын мақтан көретін есерсоқтар бар. Егер жоқ-жітік жандар отбасын асырау үшін қолына қару алып, саятшылық құрса түсінуге болар еді. Алайда, шетелдік қымбат көлікті тізгіндеп, ірі калибрлі винтовкалармен қаруланған адамдардың жағдайы нашар дегенге кім сенеді?!
Ресми деректерге көз салсақ, өткен ғасырларда қазақ даласында арқар, киіктің саны миллионнан асып жығылған екен. Ал, қазір ше? Санаулы ғана қалды. Оның өзіне жойылып кету қаупі төніп тұр. Екі аяқты жыртқыштар заңмен тыйым салынғанына қарамастан, аң атуын қояр емес. Тіпті, аңды былай қойып, адам атуға көшті…
Өткен аптада Нұра ауданында қарағандылықтардың ғана емес, барша халықтың қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиға орын алды. Шетелдік қымбат көлікті тізгіндеген бір топ браконьер «Охотзоопром» инспекторларына шабуыл жасап, Ерлан Нұрғалиевті өлтіріп кетті. Аң түгілі адамды аямаған қылмыскерлердің ізіне түскен полицейлер аз уақыттың ішінде айыптыларды тапты. Куәгерлер де анықталды.
Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Твиттер» парақшасында табиғатты қорғау жолында қаза тапқан азаматтың ерлігі ұлықтауға лайық екенін жазды.
«Ол Қазақстанның құндылығын қорғау жолында қаза тапты. Иманды болсын! Бандиттер мен олардың жақтастары жазалануы керек. Ал, Батырдың есімі мәңгі сақталуы тиіс», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев .
Істі жеке бақылауына алған ҚР Бас Прокуроры Қайрат Қожамжаров жауаптылардың жазадан құтылып кетпейтініне кепілдік берді. Әйтсе де, бұл өлген адамды қайта тірілте ала ма? Марқұмның артында қалған туыстарының қайғысын жеңілдете ме?
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ