Құрылтай

Қазақстанның жаңа тарихындағы биік белес

Еліміздің өкілді билігінің жаңа жоғары органы жалпыхалықтық сайлау нәтижесінде құрылып, биылғы қыркүйек айында өз жұмысына кіріседі. Осылайша, тәуелсіз Қазақстан тарихында жаңа кезең басталмақ. Бір жағынан, Парламент саяси партиялардың демократиялық бәсекесіне негізделген орнықты дәстүр аясында қалыптасады. Екінші жағынан, Құрылтай қазақ халқының өзіндік халықтық өкілдік жүйесінің жарқын көрінісіне айналуға тиіс.

Бір палаталы парламентті Қазақстанның даму жолындағы құндылықтарға адалдық айқындайды. Бұл – өткен жылдардағы жетістіктердің сабақтастығы мен мемлекеттіліктің іргелі институттарының беріктігінің көрінісі. Сонымен қатар, еліміздің әлем мемлекеттері арасындағы лайықты орнын нығайтатын заңдардың жедел қабылдануына жол ашатын маңызды алғышарт.

Менің түсінігімде, Қазақстанның жаңа Парламенті – білімді, білікті әрі адал азаматтардың басын қосатын орта болуы керек. Мүмкін, бұл – идеалға ұмтылу шығар. Дегенмен, оның бойынан әл-Фараби сипаттаған «Қайырымды қала» қағидаттарының белгілерін көргім келеді.

Басқаша айтқанда, Құрылтай жауапкершіліктің, ғылыми көзқарастың және парасаттылықтың орталығына айналуға тиіс. Еліміздің әр өңірінде әртүрлі сипатқа ие, ұзақ уақыттан бері шешімін күткен күрделі мәселелер жан-жақты әрі терең зерттелуі қажет.

Мен депутаттардан популистік мәлімдемелерді емес, сайлаушылар көтерген мәселелердің мәніне үңіліп, олардың барлық қырын жан-жақты зерделеуді күтемін. Ол үшін жергілікті жерлерде сарапшылар тобын құрып, өмірлік маңызы бар барлық салаларды талдауға бағытталған депутаттық тапсырмалар әзірлеген жөн.

Мысалы, сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері. Оларды зерттеуге мамандарды, жас ғалымдарды, сондай-ақ мұрағаттармен, ресми құжаттармен, келісімшарттармен және жобалармен жұмыс істеуде мол тәжірибесі бар су шаруашылығы саласының ардагерлерін кеңінен тартуға болады. Немесе экологиялық талаптар тұрғысынан көмірсутек энергетикасы мен болашақ металлургиясының даму перспективалары. Бұл – біздің өңір үшін аса маңызды бағыттың бірі. Осы салада жинақталған тәжірибе де, ұсыныстар да, жүзеге асқан әрі алдағы уақытта іске асырылатын шешімдер де аз емес. Халықтың сұранысы мен ғалымдар мен өнеркәсіп өкілдерінің беделді пікірлерін үйлестіре отырып, ортақ шешім қабылдау – Парламент пен облыстық мәслихат депутаттарының қолынан келетін іс. Сондықтан, депутаттар бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп, жүйелі сараптамалық жұмысты жақын арада қолға алуы тиіс.

Сондай-ақ, конституциялық құқықтардың мызғымастығын қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті дамыту, заңдардың қолданылу тәжірибесіндегі мәселелерді шешу де – экономикалық, экологиялық және әлеуметтік күн тәртібінен кем түспейтін маңызды қызмет бағыттары.

Құрылтай ел үмітін ақтап, жоғары кәсіби деңгейде жұмыс істейтін, халықтың үнін еститін және халық билігінің шынайы жоғары органы болады деп сенемін.

Вилен МОЛОТОВ-ЛУЧАНСКИЙ
медицина ғылымдарының докторы, профессор

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button