Қазақстанда АЭС бөліп төлеу жүйесімен салынбақ
Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Қазақстанда атом электр станциясы бөліп төлеу жүйесімен салынуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Арман Қасеновтің сөзінше, АЭС-ті кім салатыны әлі белгіленген жоқ.
– Қазір оны кім салады, қай елдер салады деген сияқты шешім қабылданған жоқ. Демек оны қалай қаржыландыратыны туралы да айтылмады. Атом электр станциясын қаржыландырудың бір нұсқасы – бөліп төлеу жүйесімен салу. Яғни, оны салатын компания төлем мерзімін ұзарта алады. Тиісінше, қаржыландыруға қаражат қажет болмауы мүмкін, – деді вице-министр.
Қасенов журналистердің «АЭС Қазақстан үшін тиімсіз бола ма?» деген сұрағына жауап берді. Айтуынша, бұл жоба елімізге шығын әкелмейді.
– Энергия өндіретін барлық жобалардың өзіндік құны бар. Олар тарифке енгізілген. Бұл жоба мен басқа да энергия өндіруші кез келген жоба сол себепті тиімсіз деп есептелмейді, – деді вице-министр.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.