Поэзия

Қазақстан

Жырсың ғалам, ғаламат

нұрсың далам,

Етек-жеңін қаусырып

қусырмаған.

…Қазақстан, қарғам-ай,

әнім едің – қанатында

аққудың сусылдаған.

Мөлдір тамшы ілінген

бүрінде емен,

Көкжиекке көз салсам

Күнін көрем.

…Қазақстан!

қастерлі күйім менің –

Тұяғында дүлдүлдің дүбірлеген.

Ақ таң туса Алашқа

арыс күткен,

арнасынан асады ағыс біткен.

Құба далам ойласам тына қалам

домбыраның ішегіндей

қағыс күткен.

Асылдардан аманат…

тапты мені,

ғасырлардан күткенім ақ күн еді.

…Қазақстан – бабамның

ақ батасы

Қазақстан – анамның ақ тілегі.

Замананың тербелсе

шынар бағы,

Ұлытаудың шуламай ұларлары…

Қазақстан – қызымның

қызғалдағы –

Қазақстан – ұлымның

ұлы арманы.

Қазақстан!

көнермес көктем елім,

өзіңе аян,

көгеріп көктегенім…

Қазақстан – жалғызым,

жалғызыма –

Жар бола гөр, жаратқан, –

деп келемін.

Шомылатын шуаққа

шоқ қарағай,

Күннен қуат іздеген,

оттан арай,

…Қазақстан – жүрегім,

Жүрегімнің –

Мәңгілікке дүрсілі тоқтамағай!

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button