Қазақстан қоғамының қабілеті
Осы жылғы Жолдауында Елбасы алдымызға қойылған бағыт-бағдар мен бағындырар белестерді айқындап берді. Бұл Жолдаудың ерекшелігі – атқарылған жұмыстарды қорытындылап қана қоймай, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, елдің қарқынды дамуына жол ашатын жаңа бастамалардың көтерілуінде.
Даму жолында келе жатқан Қазақстан халықаралық істерге белсене араласа бастады. Айтар болсақ, 2017 жылдан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесіне айналды. Алматы қаласында Универсиада ойындарының алауы жағылды. 2000-нан астам спортшы мен 57 елден делегация қатысып жатқан жарыста қазақстандық спортшылар алдыңғы қатардан көрінді. Жақында Астана «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі есігін ашады. Елбасы атап айтқандай, «Мұндай өте маңызды әлемдік деңгейдегі іс-шараны біз ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып өткіземіз».
Өзге елдер дағдарыстан шығар жолды іздеп жүргенде, Елбасымыз дамудың дара жолын ұсынды. Ол – экономикалық өсу мен елдің жаһандық қабілеттілігін арттыруға себепкер болатын «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы». Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай «Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік».
Денсаулық сақтау, білім беру ісінде және басқа да перспективалы салаларды дамытуда 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді жаңа индустрияларды қолданысқа енгізу ел экономикасын түбегейлі өзгертері сөзсіз. Сондай-ақ, қазақстандықтар үшін жаңа 20 мың жұмыс орнын ашатын инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылуы қуантады. Аграрлы секторға өзгерістер енгізу, астық өнімдерін өндіру бойынша Еуразиядағы көшбасшы елге айналу, кооперативтер құру – бұның бәрі ел экономикасын нығайтатын бастамалар. Білім беру, денсаулық сақтау секілді әлеуметтік салалардағы өзгерістер адам капиталының сапасын арттырып, жұмыла еңбек етуге әкеледі. Прогресс адамзаттың қолында екенін ескерсек, адам капиталы сапасының артуы – Қазақстанның 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына ену мақсатына жетуіне себепкер болмақ. Жолдауда жаңа жаңғыру жолынан еліміздің табысты өтуіне ықпал етер барлық бағыт-бағдарлар айқын көрініс тапқан.
Қарағанды облысы Ассамблеяның құрамындағы барлық құрылымдық бөлімдер, Қоғамдық келісім кеңесі, аналар кеңесі, ғалымдар, этно-мәдени бірлестіктер Елбасы Жолдауын толықтай қолдап, 2050 жылға қарай Қазақстан дамыған 30 елдің қатарында боларына кәміл сенеді.
Елбасы бұл жолы біздің басты күшіміз бірлік екенін де атап айтты. Бүгінде Қарағанды облысы бойынша 75 этно-мәдени бірлестік қарқынды қызмет атқаруда. Этно-мәдени бірлестіктердің басты міндеті – қоғамда ұлтаралық бірлік пен татулықты тірек тұтып, мемлекеттік және туған тілдің тынысын кеңейтіп, облысымыздағы түрлі этностардың мәдени тоғысып, толысуына ықпал етіп, мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыру. Сондай-ақ, «Достық» үйінде медиация мен халық шығармашылығына арналған жұмыс бөлмелері есігін ашты.
Елбасы негізін салған ұлтаралық және дінаралық татулықтың таптырмас үлгісі бұл күндері әлемдік қауымдастықтардың назарын аударуда. Қоғамдағы тыныштық пен татулық, барлық ұлт пен ұлыстың тарихы мен мәдениетіне деген құрметтеуді қалыптастыру – сіз бен біздің ортақ жетістігіміз. Қазақстан татулықтың тал бесігі екендігіне тағы бір дәлел – осы.
Думан МАЛАЕВ,
Қарағанды облысы әкімі
аппаратының «Қоғамдық келісім» ҚММ ғылыми-сараптамалық
сүйемелдеу және әдістемелік
қамтамасыз ету бөлімінің
жетекшісі.
Сурет ғаламтордан алынды.