Қазақстан бокс федерациясының президенті Асланбек Шымбергеновтің жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді
Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев Асланбек Шымбергеновтің жекпе-жегіне қатысты пікір білдіріп, ХОК төрешілерінің шешімін сынға алды.
Кеңес Рақышев Ханчжоудағы Азия ойындарының жартылай финалында төрешілер тым шектен шығып кеткенін айтты.
– Төрешілердің Азия ойындары тарихындағы ең әділетсіз шешімі! Құрметті жанкүйерлер, әлем чемпионы, Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергеновтің жартылай финалдық кездесуінде төрешілердің аса әділетсіз шешіміне қатысты өрескел оқиға орын алды. Шымбергенов бүкіл жекпе-жек бойы жапониялық Севон Оказаваны соққының астына алды. Жұдырықтары қарсыласқа дәл тиіп жатты. Барлық жағынан мықтырақ әрі басымырақ болды. Бірақ олар Шымбергеновтің қарсыласының қолын көтерді, – деді Кеңес Рақышев.
Оның айтуынша, Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-дағы төрешілікке қатысты әрдайым шағым білдіріп келген.
– Ханчжоудағы Азия ойындарының жартылай финалында болған оқиға тым шектен шығып кетті. Осыған байланысты Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындары бойынша ХОК төрешісіне өз талаптарын ресми түрде білдіреді. Бұл ретте турнирдің ең мықты боксшылары біздің былғары қолғап шеберлерімен бірдей жеребеге түсуі, жалпы жеребенің өткізілу реті, төрешілердің жұмысына сұрақтар туындатты. Ал жергілікті боксшыларға «қызыл кілем» төселді…
ХОК қамқорлығындағы турнирлерде төрешілер шешіміне наразылықтар мен шағымдарды беруге болмайды. Қазақстан – бокс державасы, бокстың көшбасшысы ретінде рингтегі мұндай әділетсіздік фактілерімен келісе алмайды. Мен өз тарапымнан Асланбек Шымбергеновке жеке қолдау білдіремін! Мұндай фактілер капитанымызды сындырмайды, еңсесін түсірмейді деп сенемін және ол бокстан ең маңызды халықаралық турнирлерде Қазақстан Туын биікте желбіретеді деп ойлаймын!, – деп жазды Кеңес Рақышев.