Қазақстан бойынша 10,4 мың сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр
Қазақстанда республикалық референдумға байланысты саяси науқан аясында Орталық референдум комиссиясы өз жұмысын бастады. Қазіргі уақытта комиссияның алғашқы отырысы басталғалы отыр. Референдумды өткізуші орган дауыс беру барысы туралы мәліметтерді тұрақты түрде жариялап, әр 2 сағат сайын жаңартылған ақпарат беріп отырады.

Қазақстан бойынша 10 388 сайлау учаскесі ашылды. Сағат 7:00-де Мемлекеттік әнұран орындалып, осылайша референдумға қатысушылардың дауыс беруі ресми түрде басталды.
Референдум барысында азаматтарға: «БАҚ-та 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ ұсынылады. Бұл құжат елдің саяси және құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды бастама ретінде қарастырылып отыр.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, референдумның өтті деп танылуы үшін сайлаушылардың жартысынан астамы дауыс беруге қатысуы қажет. Осы талап орындалған жағдайда ғана референдум заңды түрде өткен болып есептеледі.
Дауыс беру процесі тек Қазақстан аумағында ғана емес, шетелде де жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, уақыт белдеуінің айырмашылығына байланысты Оңтүстік Кореяның Сеул және Жапонияның Токио қалаларындағы қазақстандықтар алғашқылардың бірі болып дауыс берген.
Айта кетейік, Қазақстанда Конституцияға өзгерістер бұған дейін де бірнеше рет енгізілген. Атап айтқанда, 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары елдің негізгі заңына түзетулер қабылданған.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



