Жаңалықтар

Қазақ спортының қола дәуірі

Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген Токиодағы дүбірлі дода тәмамдалды. Төртжылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан 83-ші орында. Көш бастаған АҚШ, ал, Қытай екінші орынды еншілесе, Жапонияда үздік үштіктің олжасы. Қазақстандық құрама айтарлықтай айқын нәтиже көрсете алмады. Жеңістен жеңілуіміз басым болды. Дегенмен, спортшыларымыздың Токио Олимпиадасында өзге қырлары ашылып, бұрынғы бокс пен ауыр атлетикадан ғана алар қоланы каратеден алғандары жүрекке жылу сыйлады. Гимнаст Милад КАРИМИДІҢ де еңбегі ерен. Бұрын-соңды гимнастикадан бестік топқа кіру түгілі ілігуіміз екіталай еді. Асқақ арманға бір табан жақындатқандай сезім сыйлады жанкүйерлеріне. Сонымен, сегіз қоланы қанжығаға өңгердік. Қола да болса медаль алғандар қатарында дзюдошы Елдос СМЕТОВ, зілтеміршілер Игорь СОН мен Зүлфия ЧИНШАНЛО бар. Сондай-ақ, былғары қолғап шеберлері Қамшыбек ҚОҢҚАБАЕВ пен Сәкен БИБОСЫНОВ, палуан Нұрислам САНАЕВ және қос каратеші Дархан АСАДІЛОВ пен Софья БЕРУЛЬЦЕВА.

Ал, 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен Олимпиада Қазақстан үшін ең жемісті кезең болды. Көк туымыз көктен желбіреп, ел еңсесі тіктелген сәт. Бокстан Василий Жиров, бессайыстан Александр Парыгин, грек-рим күресінен Юрий Мельниченколар алтын алды. Ауыр атлетикадан Анатолий Храпатый, ныса[1]на көздеуден Сергей Беляев, бокстан Болат Жұмаділов күміс асынып, Нысана көздеуден Владимир Вохмянин, бокстан Ермахан Ыбрайымов, қоланы иемденіп, 196 елдің арасынан 24 орынға тұрақтағанымыз әлі есте.

Сиднейде өткен 2000 жылғы XXVII жазғы Олимпиада ойындары да үлкен жеңіс әкелген еді. Бокстан жай отындай соққысымен тарихта қалған тарлан ұл Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбрайымов, жеңіл атлетикадан Ольга Шишигиналар алтынмен апталды. Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдәбеков бокстан, велоспорттан Александр Винокуров, еркін күрестен Ислам Байра[1]муков күміспен күптеліп, абыройды асқақтатқан бо[1]латын. 199 елдің ішінен 22-ші орыннан көзге түскен нағыз Қазақ спортының дәуірі десем, артық емес.

2004 жылғы Афинада өткен Олимпиадаға аттанған 119 спортшының 8-і жүлдемен оралды. Атап айтар болсақ, Бақтияр Артаев бокстан алтын асынып, Геннадий Головкин күміс медальмен марапатталды. Ауыр атлетикадан Сергей Филимонов, грек-рим күресінен балуан Георгий Цурцумиа, еркін күрестен Геннадий Лалиев күмісті қанжығалаған. Оң сатылы жеңіл атлетикадан Дмитрий Карпов, бокстан Серік Елеуов, грек[1]рим күресінен Мхитар Манукяндар қола алып, топ жарған кезең бұл. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы 202 мемлекеттің арасынан 40-шы орынға табан тіреді.

2008 жылы Бейжіңде өткен XXIX жазғы Олимпиада ойындарында Бақыт Сәрсекбаев (бокс), Илья Ильин (ауыр атлетика) алтын алды. Ирина Некрасова (ауыр атлетика), Асқат Жіткеев (дзюдо), Алла Важенина (ауыр атлетика), Таймураз Тигиев (еркін күрес) күміс алса, Нұрбақыт Теңізбаев (грек-рим күресі), Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі), Мария Грабовецкая (ауыр атлетика), Елена Шалыгина (еркін күрес), Марид Муталимов (еркін күрес), Еркебұлан Шыналиев (бокс), Арман Шылманов (таэквондо) қола жүлдені иемденді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы 204 мемлекеттің арасынан 29-шы орынға шықты.

Қазақстан құрамасы үшін бақ пен бап қатар шапқан тұс, ол 2012 жылғы Лондонда өткен XXX жазғы Олимпиада ойындары. Бұл сында Қазақстан 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль алып, медаль саны бойынша жалпы есепте 204 ел арасында 12-ші орынға өрлеген кез. Мұнда Серік Сәпиев (бокс), Илья Ильин (ауыр атлетика), Александр Винокуров (велоспорт), Зүлфия Чиншанло (ауыр атлетика), Майя Манеза (ауыр атлетика), Светлана Подобедова (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика) алтын алған алтынды дәуір болып есте қалды. Әділбек Ниязымбетов (бокс) күміс алып, Ақжүрек Таңатаров (еркін күрес), Гузель Манюрова (еркін күрес), Даниял Гаджиев (грек-рим күресі), Марина Вольнова (бокс), Иван Дычко (бокс) қола жүлде олжалап, ерекше әсерлі сәтімен са[1]бақталған кезең қазір уақыт еншісінде, тарих таспасында жаңғыруда.

2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарындағы мәнерлеп сырғанаудан Денис Теннің еңбегін атап айтпасақ болмас. 58 спортшының ішінде жалғыз қола иемденген Теннің табандылығы ел намысын қамшылағандай еді.

2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиадада ел қоржынына 17 алқа салынды. Брасс әдісі бойынша 200 метрге суға жүзуден Дмитрий Баландин, ауыр атлетикадан Ниджат Рахимов, бокстан Данияр Елеусінов алтын иемденсе, дзюдодан Елдос Сметов күмісті қанжығалады. Әйелдер арасынан ауыр атлетикадан күміс алған Жазира Жаппарқұл, бокстан Василий Левит және Әділбек Ниязымбетов, әйелдер күресінен Гюзель Манюровалар болды. Қола алып қуантқандар қатарында дзюдо күресінен Отгонцэцэг Галбадрах, ауыр атлет Фархад Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков және жеңіл атлетикадан өнерін сарапқа салған Ольга Рыпакова. Күрестен әйелдер құрамасынан Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, бокстан Иван Дычко мен Дариға Шакимовалар қола алған болатын. Биылғы жылда қолаға қанағат еттік. Қазақ спортының қола дәуірі баққа тұсау бапқа бұғау болды деп айта алмаймыз. Керісінше, келесі кезеңге жігерді қайрап, намысты жандырар бәлкім… Токио төрешілерінің төрелігі әділ, елді бөле-жармай, ұпайды ұлтқа емес, сайыстың салмағымен сынады десем, ол, өтірік. Сындары сынықты сылтау еткен соқыр ұста секілді бір темірді төрт қайтара көтертіп, ашықтан ашық аламанда алтыннан мақрұм қалдырғаны болмаса…

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button