Қазақ үшін шаңырақ қасиетті
Жалпы, қазақ шаңырақты қасиетті санаған. «Пәленшенің әулеті пәлен шаңырақ болыпты» деген сөз сол адамның үрім-бұтағының өскендігін көрсетеді. Сонымен қатар, шаңырақ берекені, бірлікті де білдіреді. Бата-тілек бергенде, «Шаңырағың шайқалмасын» деп жатады. Отбасы тату-тәтті, бірлікшіл болсын деген сөз.

Шаңырақты сом қайыңнан иіп, қоспаларын қиыстырып, шегемен ұстатады. Шаңырақтың өн бойын көк өріс өрнектермен немесе «ырғақ», «тіс», «қошқар мүйіз» оюлармен безендіреді.
Шаңырақтан кейінгі ерекше қастерленетін киіз үйдің бөлшегі – босаға. Жаңа қосылған жас жұбайларға үлкендердің беретін ақ батасында «Қос босағаң берік болсын», «Ақ босағадан аттаған келін оң аяғымен енсін» деуі немесе балаларға: «босағаны керме, босағаға бақытсыздық орнайды» деп ырымдап жатуына үлкен мән-мағына бар. Босағаны киелі, қасиетті деп санағандықты білдіреді.
ХХ ғасыр басында қазақ қоғамында тамыр сөзі жиі қолданысқа ене бастады. Бұл Ресей, Украина жерінен көшіп келген бірнеше мыңдаған шаруалар жергілікті халықпен шаруашылығы араласып, бір-бірін «тамыр» деп атай бастады. Бұл, әрине, барлық жерде қолданысқа ие болмағанымен жаңа бір бірліктің өлшемі болды.
Кеңес Одағын мекендеген халықтардың қай-қайсысы болсын сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен, саяси қуғын-сүргіннен аман қалған жоқ. Кеңес үкіметі жылдарында жекелеген партия, кеңес, комсомол қызметкерлері ғана емес, тұтас бір халық сенімсіз де сатқын ұлт қатарына жатқызылып, тарихи атамекенінен күштеп жер аударылды.
1938 жылдың көктемінде корейлерді көшірудің екінші кезеңі басталды. Енді олар тұрақты мекендерге орналастырылды. 70 корей ұжымшары республиканың 8 облысында – Қызылорда, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстанда орналасты. Олар балық және ауыл шаруашылығымен айналысты.
КСРО-ның ұлт саясатындағы 30 жылдардағы қуғын-сүргініне иран ұлты да ілікті. Түрікменстан, Әзірбайжан, Грузия және Армения аудандарында тұрып жатқан ирандықтар 1938 жылы қазан-қараша айларында Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарына көшірілді.
Күрдтердің Қазақстанға депортациясы да соғысқа дейінгі кезеңнен басталады. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Әзірбайжан құрамында 1923 жылы Күрдістан автономиялы республикасы құрылғаны белгілі. Алайда, 1936 жылы күрдтердің ғасырлар бойғы арманы аяқ асты етіліп, өздері «сенімсіз халықтар» қатарына жатқызылды. 1937 жылдан бастап, ешбір негізсіз 7,3 мың күрд Армения, Әзірбайжан аумағынан көшіріліп, Орталық Азия мен Қазақстанға қоныстандырылды.
Дәл осындай «сценариймен» қарашай, қалмақ, шешен, ингуш, балқар және т.б. Солтүстік Кавказ, Грузия, Қырым өңірі халықтары «фашистік басқыншылармен жақындасты» деген желеумен көшіріліп, ұлттық автономиялар жойылды.
1943 жылы Қарашай автономиялы республикасы жойылып, жалпы саны 45,5 мың адам Қазақстанның Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылды. Қалған отбасылар Қырғызстанға, Өзбекстанға аттандырылды.
Жалпы саны 40 мыңдай балқардан Солтүстік Кавказ түгелдей «тазартылды», 46,6 мың балқар отбасы оңтүстік облыстарға қоныстандырылды. Қалғандары Қырғызстанға жөнелтілді. 1945 жылға карай Қазақстанға көшірілген шешендер мен ингуштардың жалпы саны 406,3 мың адамға жетті.
Қоныс аударған халықтар баспанасыз далада қалмады. Бұларды ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі бар қазақ халқы өз бауырына алды.
Темірғали АРШАБЕКОВ,
тарихшы-этнограф