Руханият

Қазақ радиосының Ақбаяны

XX ғасырдың басынан бері қазақ үшін радионы тек ақпарат көзі деп емес, рухани серік, ұлттық үн, үміт пен сағыныштың дәнекері ретінде қабылдау қалыптасты. Ауылдың қараша үйінен бастап, қаланың биік ғимараттарына дейін қай жерде болмасын, радиодан естілген қазақтың қоңыр үні талай буынды тербетті. Талай жүректі елжіретті. Сол қасиетті толқынмен бірге жасасып, тұтас дәуірдің үнін жеткізген ерекше дауыс болды. Ол – Сауық Жақанованың үні еді. Қазақ радиосымен өмір жолы өрілген, дауысымен ұлттың жан-дүниесін көрсеткен, «Қазақ радиосының» ардагері бүгінде 80 жасқа толып отыр. Бұл Арқа жұрты үшін жай ғана мерейтой емес, эфир мен ел есінде мәңгілік сақталған есімге құрмет.

Мерейтой иесімен кездесу кеші Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында өтті. Ал, залда ине шаншар орын жоқ. Себебі, кешке келген көрерменнің әрқайсысы Сауық апайдың дауысымен есейген жандар еді. Парламент Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов арнайы келіп, мерейтой иесіне жылы лебізін білдірді. Әрі Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің құттықтау хатын табыстады.

– Біздің халық қашан да қызын қадір тұтқан. Төрін ұсынған. Себебі, қыз бала – кие. Арқа жұрты бүгінде өз баласын төбесіне көтеріп жатыр. Ардақты ағайын, осындай құрмет үшін әуелі сіздерге алғысымды білдіремін. Біз таңның атқанынан күннің батқанына дейін Сауық апамызды тыңдап өстік. Сіздің үніңізден нәр алып, бойымызға рухани құндылықты сіңірдік. Жалғыз біз емес, күллі қазақ елі сіздің дауысыңызбен оянатын. Біз сізді құрметтейміз, – деді Құдайберген Бексұлтанов.

Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков те келіп, мерейтой иесін арнайы құттықтап кетті.

– Жарты ғасырға жуық ғұмырыңызды Қазақ радиосының алтын қорын қалыптастыруға арнадыңыз. Бағдарламалардың 80%-ы сіздің дауысыңызбен жазылған. Сіздей тұлғаның біздің өңірде туып-өскені – Арқа жұрты үшін зор мақтаныш. Ұлттық мәдениетімізді, оның ішінде, сөз өнерінің дамуына зор үлесіңізді қосып, қайталанбас қолтаңбаңызбен дараландыңыз. Мерейтойыңыздың Алматыдан басталып, туған жеріңізде жалғасып жатқаны – халықтың сізге деген зор ықыласы. Үніңізді аңсайтын тыңдарман әлі де көп. Осының өзі сізге берілген марапат әрі шынайы баға деп білемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Шығармашылық кешке Алматы мен Астанадан әріптестері мен шәкірттері арнайы келіпті. Солардың қатарында «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдақызы, «Сахара сандуғашы» кітабының авторы Таңсұлу Асанова, дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай да бар. Тележүргізуші Қымбат Досжан мен қоғам қайраткері Дана Нұржігіт те өнердегі ұстазын құттықтай келіпті. Осы бір кеште мерейтой иесі көпшілікке алғысын білдіріп, жүрекжарды тілегін жолдады.

– Мен – бақыттымын! Арқа топырағында кіндік қаным тамды. Кейін ата-анам «Оқысын. Білім алсын» деп мені Алматыға жіберді. Жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, Қазақ радиосының кастингінен өттім. Қазақ радиосы тек республикаға емес, әуе толқыны арқылы дүние жүзіне тарайды. Мен радиода цензураның кезінде жұмыс істедім. Ал, біз үшін оңай емес еді. Сол уақытта эфирді тек жеті диктор ғана жүргізетін. Сол дикторлардың көш басында аңыз диктор Әнуарбек Байжанбаев тұр еді. Менің үлкен жетістігім – сол кісімен қатар қызмет етіп, ақыл-кеңесін алғанымда, – дейді мерейтой иесі.

Сауық Жақанованың үні – тұтас бір дәуірдің жаңғырығы. Ол тек эфирден мәтінді оқып қана қойған жоқ, ұлттың үнін жеткізді. Сөз байлығын, тіл мәдениетінің ең биік үлгісін көрсетті. Ал, Әнуарбек Байжанбаевтың өзі «Эфирдің Ақбаяны» деп бағалауы – осының дәлелі еді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Back to top button