Руханият

Қазақ прозасы көшіп келгендей…

«Қарағанды көктемі» – қаламгерлердің басын Қарағандыда қосатын дәстүрлі фестиваль бұл. Аталған алқалы басқосуға прозашылар Арқа жеріне ат байлады. Әр өңірдегі жазушылардың жүздесіп, прозадағы келелі мәселелерді кеңінен талқылап тұрғаны алғаш осы екен. Екі күнге созылған республикалық ұлттық проза фестивалі – Қарағанды қаласының әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы филиал арасындағы айтулы жобасы.

Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі Қарағанды зерттеу университетінің филология факультетінде өтті. Өйткені, бұл Арқа жерінен талай ақын-жазушылардың қанатын қатайтқан қасиетті қара шаңырақ.
Алқалы басқосуды Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы ашып беріп: «Қарағанды – жазушылардың өз елі. Былтыр поэзия тойы дүркіреп өткен еді. Биыл прозашылар тұңғыш рет бас қосып отыр. Тарихи сәт. Арқа жеріне менің кешіме Алтай мен Атырау, Алатау мен Арқадан ақындар келген еді. Міне, той жалғасып, жазушылар жиналып жатыр. Қарағанды қашан да қаламгерін қадір тұтады. Той құтты болсын!», – деп ақ батасын білдірді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Геральдикалық зерттеу орталығы басшысының міндетін атқарушы, ақын Шерхан Талап министр Аида Балаеваның фестивальге жолдаған құттықтау хатын оқып беріп, сәтті өтуіне тілектестігін білдірді. «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет ертеден Қарағанды әдеби ортасының қуатты екенін айта өтіп, қазір де игі істің бастамашысы, руханияттың ордалы орталығына айналғанын айтты.
Е.Бөкетов атындағы зерттеу университетінің Стратегиялық даму жөніндегі проректоры Ербол Сармурзин әдебиеттің әлді мектебі филология факультетінде екенін мақтанышпен жеткізді.
Салтанатты рәсімнен соң университеттің жаңа кітапханасында министрлік жанынан құрылған «Алқа» әдеби-мәдени клубының көшпелі отырысы өтті. Дөңгелек үстелде проза жанрының бүгінгі жай-күйі кеңінен талқыланды. Модератор – Геральдикалық зерттеу орталығы басшысының міндетін атқарушы, ақын Шерхан Талап.
Алғашқы сөзді алған әдебиеттанушы, ғалым Жансая Жарылғап бүгінгі прозашылардың шығармашылығына жан-жақты талдау жасады. Белгілі сыншы, әдебиеттанушы Әлия Бөпежанова «Прозаны көтереміз десек, сынды жолға қойғанымыз жөн», деді. Мұнымен қоса, баспа ісіне қатысты, грант тағайындау жөнінде мәселелерге де назар аударды.
Жазушы Асқар Алтай жас сыншыларды қалыптастыру керектігін айтады. Түрлі мемлекеттік байқауға сапасыз дүниелер ұсынылып жатқанын алға тартты. Жазушы Айгүл Кемелбаева қазақтан шыққан тұлғаларды көркем образ ретінде насихаттау керектігін, фантастика жанрын жаңғырту қажеттігін алға тартты.
Жазушы Нұржан Қуантайұлы қаламгерлердің әлеуметтік мәселесін көтерді. Жазушылар университет, колледж қабырғасында қазіргі қазақ әдебиетінен сабақ берсе, Оқу-ағарту министрлігімен бірлескен жоба әзірленсе, игі іс болатынын жеткізді.
Жазушы, аудармашы Кенжебай Ахметов кітап баспа ісіндегі, оның ішінде аударма жұмысының жай-күйіне қатысты қалыптасқан аудармашылар командасын жасақтау жөнінде ұсыныс білдірді. Ал жазушы Серік Сағынтай қазақ прозашыларының еңбегін шетел тіліне аударып, қазақ шығармаларын әлем таныса деседі.
Белгілі драматург Думан Рамазан да аударма ісін жетілдіру жөнінде ой қосты. Қаламгер Қамбар Ахмет балалар оқитын жаңа шығармаларды жарыққа шығару қажеттігі туралы ойын ортаға салды. Кітап басып шығарудан бөлек, оның сөреде сақталып қалмай, оқырманға жетуі жөніндегі жұмысқа жүйе керектігін жазушы Есболат Айдабосын айтты. Этнограф жазушы Ұларбек Нұрғалым қазақ әдебиетін экранға шығару жөнінде ауқымды жоба қажет деген пікірде.
Ғалымдар Жандос Смағұлов, Саржан Такиров ауыл тақырыбындағы прозаның жазылғанын, енді қала балалары оқитын шығарма керектігін алға тартса, жазушы Мадина Омарова да осы ойға қосылды. Этнограф жазушы Төрехан Майбас ұлттық прозаның деңгейіне алаңдайды.
Модератор Шерхан Талап дөңгелек үстелде қозғалған барлық мәселені түртіп алғанын, министрге жеткізетінін айтты.
Фестивальдің келесі күнінде жазу­шылар Долинка кентіндегі қасіретті ҚарЛаг саяси-тұтқындар лагерінің мұражайына барып, мұнда жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым жасады.
Қазыналы Қарағанды тарихының бір бөлшегі – Майқұдықтағы кеншілер музейінде. Ұйымдастырушылар жазушыларды сол жерге де апаруы тегін емес. Қарағанды қаласы, өндірісі жайлы өлмес шығармалар жазылғаны көп дүниені аңғартады.
Фестиваль Қасым кітапханасында қорытындыланды. Ұйымдастырушылар басқосу барысында жабық бәйге жариялаған болатын. Жазушы Қанат Әбілқайырдың прозасы үздік деп танылып, жеңімпазға «Қасым» баспасынан шыққан Мұхтар Мағауиннің 26 томдығы табыс етілді. Мұнымен қоса, Ақтоғай, Нұра, Шет, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандары бес жазушыға сыйлық тағайындады. Әлихан Бөкейхан атындағы сыйлық Дидар Амантайға, Кәмел Жүніс атындағы сыйлық Думан Рамазан мен Мадина Омароваға, Бүркіт Ысқақұлы атындағы сыйлықты Әлия Бөпежановаға, Ғабиден Мұстафин атындағы сыйлық Асқар Алтайға, Ғабдиман Игенсартов атындағы сыйлық Айгүл Кемелбаеваға берілді.
«Фестивальді алғаш өткізген жылдан бері 100-ден аса қаламгер келіп кетті. Әр өңірден. Бұл жолы прозашыларды жинадық. Бүгінгі әдебиетті, прозаны талқылады. Осы орайда, қолдау көрсеткен қалалық әкімдікке, аудан әкімдеріне және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетіне зор алғыс айтамын, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының өңірдегі өкілі Жанат Жаңқашұлы.
Ұйымдастырушылар қазақы дәстүрмен алыстан ат арытып келген қонақтардың иығына «Қарағанды көктемі» белгісі бедерленген бренд шапан жапты.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button