Руханият

Қазақ классикасының қазығы – криминалистика

« …Шәкәрім ақталыпты. Ұлы Ахат елге келіп кетіпті. Қажы өлеңдері жарыққа шығыпты». Абай елінде қызметте жүрген Ақторғайға жеткен осы бір үш хабар оған әкесі Азбанбайды іздеу қажет деген ой салды. Бірақ, 1931 жылдан есімі ұмыт қалдырылған Шәкәрім қажыны енді ғана еске алғанда мұның колхозшы әкесін «Үкімет есепке алар-ау!» деп үміт етуге қисын бар ма? Ол уақытта Ақторғай жалғыз емес-тін, советтер елінде репрессия жағдайында сенісерге жан таба алмай, ит жүрегі сенделген миллиондаған жұрт ғұмыр кешіп жатқан. Сенісер адам, сенер үкімет жоқтығының себебі әділет ісінің алды-артын байқарлық білім, ғылымның ішкі сырын білмес мінезде жатты.

Ғалым Д.Дриль «Қай халық­тың болмасын тағдыр болмысын анықтайтын дүние – мінез» деген. Абай да «Адамның ақылы мен ғылымын сақтайтын сауыты – мінез бұзылмасын» деп ескерткен. Криминалистика ғылымының екі білгірі ескі сөзге сүйеніп айтқан ойын қазақтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосы растайды.

Эпос – байырғы ескі сөз. Абай «ескі сөз» терминімен қоғамдық қарым-қатынас­ты реттеуші заңды атаған. Эпостық құл Қодар шал Қарабайдың бос сөзіне сеніп, жалғыз қызы ақ Баянды алмақ болып үміттеніп, өзінің қоғамдағы орнын көрсететін заңға менмендікпен мән бермеген.

Атасы жел, анасы жел тантық, құл Қодар тоқсан мың жылқы айдаған Қарабайдың малын шөлден аман-есен алып шығуға жалданады да, Қарабай Қодарға жалғыз қызы Баянды қалың малсыз, борышсыз бермек болып уағда қылады. Намыссыз Қарабаймен серттескен құл Қодар бай шалға «Бейнеттеніп Бетпақтан өткізген соң дер кезінде, Қареке-ау, алдап кетпе» дейді.

Эпостағы Қодардың әлеуметтік мәртебесі – жалдамалы қызмет көрсетуші, құл. Заң бойынша құл қыздың басына тиесілі қалың мал өткізсе де, азат қызды оған ұстатып жіберуге ата- анасына тыйым етілген.

Біздің дәуірімізге дейінгі XVIII-XII ғасырлар аралығында Кіші Азиядағы Хетт мемлеке­тінің Сот Жарғысының 34 тарауында келтірілген бұл заңның нормасын академик В.Струве келесідей аударған: «Егер де құл азат қыздың қалың малын беріп, қатын қылып алмақ болса, ата-анасы қыз­ды құлға бермеуге тиісті». ( Көне тарих хабаршысы. 1937 №1. 33-38 бб.)

Эпос Баян қызды қатын қылып алмақшы құл Қодарды сөз соңында өлтіріп тынады. Сұлу қызға құмартқан Қодарға қаза келтіру арқылы автор құлға басы азат қызды беруге тыйым салынады деген заң нормасын жүзеге асырады.

Заң нормасы басы азат, еркін қыздың құқығын қорғаумен қатар оларға құда түсем деп әуре болған дәулетті құлдардың бар мал-мүлкінен айырылып қалмасын ойлас­тырған. Алаяқ Қарабайдың сөзіне иланып ақ Баянды алатынына дәмеленген Қодардың «Қареке-ау, алдап кетпе!» деп зар илегені осы жайды меңзейді.

Струвенің пікіріне сай сот жар­­ғысындағы тыйым нормасы қо­ғамдық санада «құлға қыз беру ұят іс, тіпті, қылмыс» деп санала бас­таған кезде енгізілген.

Қазақ эпосының өзі де аңда жүріп кезігіп, ежеқабыл ретімен белқұда болған Сарыбай мен Қара­байдың қылмысынан басталады.

Аң құмар Сарыбай буаз маралды көздеп атса, мал құмар қасапшы Қарабай маралдың жаны шықпай жатып, ішін жарып, мө­ңіреп шыққан екі қодығын тыпырлатып бауыздап тастайды.

Сарыбай құдасы өлген соң «Жетім ұлға қыз бермеймін!» деп, бата байлауды бұзып, қылдай нәзік құдалығын үзіп, тұра қашқан Қарабайдың малы үшін жалғыз қызын Қодар құлға саудалап сатқаны да – қылмыс.

Қатыбас Қарабай сияқты құл Қодардың сұлу қызды заң тыйымына қарамай алмақ қылмыстық ниет, мінезі де қазақ эпосының қазығы – криминалистика екен­дігін дәлелдейді.

Қаскөй батыр құл Қодар «Ар­қада қызы сұлу бай көшіпті» естіген қуып жүріп, әркімнен сұрап жүріп Шу бойында Қарабайды іздеп табады.

Қодар Баянның Қозы Көрпеш­тің атас­тырылған қалыңдығы екен­дігін біле тұра, «Сұлу қызды қайтсем де аламын» деген жаман ниетпен шал Қарабаймен заңсыз келісім қылады. Сол кездегі әлеу­меттік иерархиядағы өз орнын таппаған төменгі таптың өкілі құл Қодар бұл ниетімен Жарғының 34 тарауында көзделген құ­қыққа қарсы қылмыс жасады деп танудың жөні бар.

Адамзат қоғамындағы әлімсақтан әр­түрлі әлеуметтік топтарға бөлінуінің әсте үзілмес үрдісінің бір мысалын советтік репрессия құрбандарын ақтау тәжірибесінен де нақты көруге болады.

1917-1953 жылдардағы Мәс­кеу­дегі мерез мінезді, Сталинмен бірге репрессия жүргізген нақұрыс номенклатура ол өлгенде бірінші кезекте жедел түрде өздерінің түрмедегі жұбайларын азат етуден бастайды да, азап лагеріндегі сан мыңданған қалың бұқараның жағдайын таза естен шығарады.

Сол себептен атом астында қалған алыстағы Абыралының азаматы Ақ­торғай әкесі Азбанбайдың тағдырын ойлап алаңдауы орынды еді. (Үш томдық жинақ. «Реабилитация: как это было». М.2000).

Әлемдегі барша белгілі клас­си­калық көркем шығарманың көр­кі де, көрігі де – қиыннан қиыс­тырған танымдық тартыс, онсыз көркем сөздің еш қызығы жоқ.

Тартысты тудыратын іс – әр­кім­нің адам болып өмір сүру құ­қығының жер бетінде нақты жүзеге асуына арналған күресі. Адамның тағы табиғатына тән құқыққа қас, заңға жат қызғаныш пен құмарлығы әкелетін қатыгездікке наразылығы, заңды қарсылығы.

Талантты суретшінің тірегі: танымдық тартысқа толы тіршілік табиғатының трагедиясы – қылмыс пен құқық. Оған жығылмас дәлеліміз – «Абай жолы» роман-­эпопеясы.

Әуезов эпопеясы ауылына асыққан бала шәкірттің үлкен жолдастары оны жолбасар ұры-қарыға толы тұста жалғыз шабудан тежеуінен басталып, Құнанбай ауылында Тобықты үлкендерінің «Қодар сұмдығына» тергеу жүргізіп жатқанымен жалғасады.

Романдағы Қодар – батыр денелі, алпысқа жаңа кірген, бурыл қарт. Ұлы Құтжан қайтыс болған соң көшерге көлігі жоқ болып, оны елден сұрауды лайықты санамаған Қодар қыстауда келінімен қалып қойған.

Ел аузына кім қақпақ болады, қыс бойы қыстауынан ірге аударып жылжымай жатып алған Қодар мен келінін жұрт жаман атқа таға бастайды: «Жалғыз баласы өлген соң келіні Қамқамен жақын болыпты».

Өсек сөз Құтжанның нағашы жұрты Сыбанға жеткенде оның төресі «Шыңғыстау бөктеріндегі шашты сайтаныңды тыйсаңшы» деп Құнанбайдың бетінен алған соң ауылға оралған ел ағасы тергеу ісін бастайды.

Әуезов Қодар мен Қамқаны жазықсыз қылмыстық жазаға тартылып, қорлықпен өлген күнәсіз, кінәсіз бейбақтар деп бейнелеуді таңдаса, жазушыдан жасы да, жолы да үлкен Шәкәрім «Қодардың өлімінде» оларды ар сүймейтін, ел бұзатын ерсі, улы іс қылды деп адамдық құқықты қорғай сөйлеген.

Қазақ та адам баласы, сол себепті сот шешімі «ер адамға бөтен әйел түгіл өзінің анасы, қарындасы, қызымен оңаша қалуға болмайды» деген Ману заңының 213, 214, 215-баптарындағы ар қорғаушы құқықтық тыйымға негізделген-тін.

Осы оқиғаға байланысты Құ­нанбай мен Абайды қарама-қарсы қойып суреттеуі жазушыға өз шы­ғармасына қан жүгірту үшін таптық талаптан туған, амалсыз, қолдан жасалған қисынсыз, қиянат, бояма тартыс еді.

Кері заманды күл қыламыз, езілген елді бақытқа бөлейміз деп бөсіп, ел-жұртты қырып, жойып билік басына келіп алған бүлік большевиктер бірден билеуші, үс­тем тап екенін сездіріп, әркімнің өмір сүру құқығына қарсы репрессия жолына толық көшеді.

Жер жүзін жеке билеп алмақшы болып есірген тыйымсыз, тежеусіз өскен даңғой, бәңгі большевиктік номенклатура репрессияны «жеке басқа табынудан» туған, кездейсоқ іс деген желеу­мен барша жауапкершілікті өлі Сталинге артып, бәз баяғы жазасыздықтарына сеніп, өздерін ақ­тап алуға ұмтылды.

Олар үшін болмай қоймайтын ар сотынан құтылудың бір ғана амалы – мемлекеттегі биліктің иесі халықты баяғыдай қорқытып, үркітіп ұстап, билікті жеке иемденіп кетіп, бар байлықты талан-тараж қылып тыраштану еді.

Алайда, ескіру мерзімі өтуге жатпайтын, мәңгілік сұрауы бар қылмыс істеген надандардың Тәңірінің құрған тезіне түспей кетеміз деуі бекерлік еді.

Өйткені, Ахат пен Ақторғайдай мың­даған ұлдар әкелерінің адал аттарын қорғап шығуының артында негізі мықты құқықтық мінез тұр еді.

Алла Тағала адам баласын өсіп, өнсін деп жаратқан. Сол ғалами ғылым заңы әркімге өзінің адам болып өмір сүру құқығын қорғауға толық құқық берген.

Халықтың қажымас жалғыз досы құқықты қорғай білу әлімсақтан әр қазақ­тың міндеті бол­ғандықтан криминалистика қазақ классикасының қазығына айналуы заңды еді.

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button