Жаңалықтар

Австриядағы әке ізі

Ұлы Отан соғысы – адамзат тарихындағы қасіретті кезеңнің бірі. Осы кезеңде миллиондаған боздақтар жаумен шайқасты. Әрқайсысы батырлық, ерлік және туған жерге адалдықтың бейнесі болып тарихта қалды. Олардың арасында атам Тащан Токушев та бар. Ол 1945 жылдың 12 сәуірінде Австрияның астанасы Вена қаласын жау­дан азат ету үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапты. Ұрпақтарының ізденісі мен табандылығының арқасында рухы туған жерімен қайта қауышты.

Тащан Токушев 1906 жылы Қарағанды облысы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Арғын Мұрат руының Бекайдар атасынан тарайды. Тащан атамыз 1941 жылы Ұлы Отан соғысына шақырылып, 331-атқыштар дивизиясы құрамында жаумен шайқасты. Оның әскери атағы – гвардияның кіші сержанты. 1945 жылдың 15 сәуірінде Австрияның Грейлинг қаласы маңындағы қиян-кескі ұрыста қаза тауып, сол жерде жерленді. Ұлдары, артында қалған жұбайы Қазиза әжеміз оны соңғы сапарға шығарып сала алмады, себебі, оның орналасқан жері ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келді.

Ұрпақтары Тащан Токушевті іздегеніне біраз жылдар өтті. Әсіресе, оның тұңғыш немересі – ағам Мәжит Тащанов атасының жатқан жерін анықтау үшін 20 жыл бойы ізденді. Мәжиттің ізденісін қызы Әсем Тащанова жалғастырды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылым департаментінің Ғылыми басылымдар және ғылыми-метрикалық ресурстар басқармасының бас маманы болған Әсем ғылыми ізденістерге бет бұрып, 2018 жылы «Память народа» сайтынан атасының есімі мен әскери мәліметтерін тапты. Бұл сайтта әскери архивтерде тіркелген құжаттар бойынша Тащан Токушевтің Австрияның Грейлинг қаласында жерленгені анықталды. Сонымен қатар, 1945 жылы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны белгілі болды. Осылайша, Әсемнің табандылығының арқасында көптен күткен шындық ашылды.

Биыл ағам Мұхит пен оның қызы Мадина Австрияға барып, Ақтөбе ауылынан бір уыс топырақ алып Тащан Токушевтің бейітіне салды. Бұл рәсімді – боздақтың туған жеріне қайтып оралған белгісі ретінде қабылдадық. Марқұмның қабірінен алынған топырақ туған жерге әкелініп, дұға оқылды. Осы игі істің жоғары деңгейде өткізілуіне Қазақстан Республикасының Австриядағы елшісі Мұхтар Тілеуберді мұрындық болды. Сұм соғыста опат болған боздақтарға арнап Санкт-Пёльтен қаласында мемориалды тақтаның ашылу салтанатын ұйымдастырып, Херцогенбург қаласындағы қабір басына барып, зиярат етіп, гүл шоқтарын қоюға арнайы көлігін пайдалануға ықпал еткен үлесіне әулетіміздің атынан ерекше алғыс айтамыз.
Тащан Токушевтің артында қалған үш ұлы – Қани, Сәкен және Сәбиттің ұрпақтары өсіп, шөбере, немене сүйіп отыр. Тащан Токушевтің тағдыры – бір әулеттің ғана емес, бүкіл халықтың ұмытылмас тарихы. Оның батырлығы – бүгінгі ұрпақ үшін айрықша тағылым. Боздақтың өзіне бұйырмаған бейбіт өмір бүгін оның ұрпақтары арқылы туған жерімен қайта қауышты. Батырлардың есімдері ұмытылмайды, олар әрқашан жүрегімізде өмір сүреді.

Жанара ТАЩАНОВА,
майдангердің немересі

Басқа материалдар

Back to top button