Жаңалықтар

АУЫЛЫМНЫҢ АТПАЛ АЗАМАТЫ

        Менің қолыма қалам алуыма Темірғали ағамның 70 жасқа келуі ғана емес, оның болмысына деген ризашылығым мен қызығушылығымды шамам келгенше жеткізу үшін табылған себеп болды. Темкең екеуміз бір топырақтың тумасы боламыз.

Біздің ауыл – Алабас облыстың қиырлау шетінде жатқан, жалпақ қара жолдан қағыстау, арнайы іздеп бармасаң, жолүсті соға алмайтын елді мекен. Бірақ, сол жерде туып-өскен азаматтар үшін оның әр төбешігі, әр тасы, бүлдіргені мен қымыздығы – әлемнің азығындай, бұлақтарының мұздай суы – зәмзәмдай.
Сол шағын ғана ауылдан академик те, ғылым мен қоғам қайраткерлері де, қажылар да шықты. Солардың бірі, ауыз толтырып мақтан ететін, аяулы да ардақты азаматымыз – Темірғали Қырықбайұлы Шаушеков.
Темкең жылқышы Қырықбай атамыздың отбасындағы тоғыз баланың екіншісі. Соғыстан кейінгі жоқшылық кезеңінде туған ол өмірдің ащы-тұщысын тәуірдей-ақ татты. Жасынан қара жұмысқа шынығып өскен Темірғали оқуда да алғыр болды. Ауыл мектебінің төртінші сыныптан соң, әке қалауымен қаладағы ағайындардың үйінде жатып, орыс мектебін бітірді.
Қай ата-ана баласының білімдар болғанын қаламайды?! Қырықбай ағамыз да өзінің өмірден ерте кететінін білгендей (бар болғаны 49 жыл өмір сүрді), осы ұлының әрі қарай жоғары білім алып, басқа өсіп келе жатқан іні-қарындастарына қамқор болуын мақсат етті. Темірғали әке арманын орындап, Алматының ауыл шаруашылығы институтын 1971 жылы қызыл дипломмен бітіріп шықты. Өзінің еңбек жолын Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері мен жұмысшыларының кәсіподақ комитетінде бөлім бастығынан бастап, 1974-1976 жылдары Ульянов ауданына (қазіргі Бұқар жырау ауданы) қарасты ХХ партсьезд атындағы кеңшарда бас агроном қызметін атқарады. 1976 жылы В.Вильямс атындағы егін шаруашылығы Қазақ ғылыми зерттеу институтына аспирантураға түсіп, оны 1979 жылы аяқтайды. 1979-1981 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінде ботаника кафедрасында аға инженер болып істеді. 1982 жылы Қаскелеңдегі ауыл шаруашылығы ғылым академиясының ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында кандидаттық диссертацияны ойдағыдай қорғады.
Темірғали Шаушеков академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде 1982 жылдан аға оқытушы, доцент, дайындық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1992-1994 биология-география факультетінің деканы, 2002-2006 жылдары ботаника кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Кафедра көптеген маман биологтар, экологтар, фермерлер, зоотехник, биотехник мамандар дайындап шығарды. Олар бүгінде республикамыздың барлық өңірлерінде жемісті қызмет етіп жүр.
Темірғали Қырықбайұлы аталмыш білім ордасының өсіп-өркендеуіне, білім беру сапасын арттыруға бір адамдай үлес қосты. Ол көптеген ғылыми, ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы. Мен, әлбетте, иір-қиыры мол ғылым әлемінің тылсым тереңіне бойлап, мән-маңызына білікті маман-ғалымдардай баға бере алмаймын. Мен тек ағамыздың адамшылық абзалдығына, кісілік келбетіне ел назарын аударсам ба деймін. Темкең табиғи бекзат болмысы мен кәсіби қарым-қабілетінің арқасында көпшіліктің қапысыз құрмет, қошеметіне бөленіп келеді. Өз ісіне шексіз берілген, қызметіне адал, жаны таза тұғырлы тұлғаның әріптестері мен дос­тары арасында ғана емес, ел ішіндегі абырой-беделі де көптеген замандастарынан асып түсіп жататындығы да сондықтан. Сыйлас дос, жақын-жуықтары мен әріптестері оның жанының жайсаңдығы мен көңілінің кеңдігіне, адамға деген шынайы мейірім, шапағаты мен мәрттігіне тәнті болудан танған емес.
Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар. Бірақ, еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік – әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Оған – дәл осындай адами асқақ қасиетке, қанша ғұмыр кешкенімен, жеткен де бар, жетпеген де бар. Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық дәстүрлерді үкілеп келе жатқан Темкеңмен бірге өсіп, біте қайнап келе жатқанымды мақтан тұтамын. Осы ұлағатты ағадан өнеге алған іні-қарындастары да білім қуды. Інілері – Сапар Алматы ауыл шаруашылық институтының түлегі – агроном, Мәрденғали ауыл шаруашылығының һас маманы, Зәркеш – жоғары білімді инженер, қарындастары Бикен мен Жәмила – медицина қызметкерлері, Баян педагогика ғылымдарының кандидаты, інісі Зәдеш – жоғары дәрежелі ғалым биолог. Темір ағамның мағыналы өмірінің, шуақты шаңырағыңның алтын діңгегі – өмірлік қосағы Сәуле жеңгем, оның жалғасы, ертеңгі мәуелі жемісі – бауыр еті балалары Арман мен Анар, алтын асықтай немерелері.
Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты Темкеңді мағыналы ғұмырының биік бір белесі – 70 жасқа алып жетті. «Қарты бар елдің – қазынасы бар» деген сөз бар халқымызда. Осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі, арқасүйері болып отыр.

Амангелді ЖҮНІСБЕК,
Қарағанды облыстық мәслихаты аппаратының бас инспекторы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button