Жаңалықтар

Ауылы азаматын ардақтады

Ақтөбе ауылдық клубында ауылының мақтанышы, өлкетанушы, қаламгер Қабиден Байбосин ағамыздың шығармашылық жолына арналған әдеби сазды кеш өтті. Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын қаламгердің шығармашылық кешіне арнайы келіп, қатысып, құттықтау хатын табыстады.
Туған мекеніне деген құрметін, өскен ортасына деген алғысын қаламмен қағаз бетіне түсірген, ауылының шырайын ашуда атқарған еңбегі зор ардақты азаматтың кешіне Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Болатбек Қазатай, қаламгердің жерлестері мен туған-туысқандары арнайы қонақ ретінде келіп, қатысты.

Суретті түсірген Ж.Макишев

Өткенге тағзым етіп, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың қадірін арттырған Ұлы Жеңіс күніне биыл 80 жыл. Осы Ұлы Жеңістің артында тоқсан тараулы тарихтың тағдыры, қанша ұрпақтың көз жасы, жүрек жарасы жатыр. Сол ұмытылмас кезеңнің үнін, боздақтардың жүзін, оқ пен оттың ортасында өмірін қиған ерлердің есімін қағаз бетіне түсіріп, келешекке аманат еткен санаулы азаматтардың бірі – Қабиден Байбосин ағамыз. Ол – дерекші емес, жүрекпен жазатын жазушы. Ауылдан майданға аттанған талай боздақтың тағдырын түгендеп, қағазға қаттап, әр жолына жанын салғанын көргендер: «Қабиден аға архив емес – шырақшы» – дейді. Себебі, жазылған кейіпкерлері қиялдан туған бейнелер емес, нақты өмірде болған адамдар. Ағамыздың шығармаларынан оқ пен оттың иісі аңқиды, ананың жылаған дауысы естіледі, жесірдің зары, жетімнің жанарындағы мұң сезіледі.

Туған мекеніне сыйлы азаматтың ең үлкен марапаты – ауылдастарынан алған алғысы мен жинаған абыройы. Бүгінде ел алғысын арқалаған Атымтай жомарт жанның ел басына ауыр күндерді тудыр­ған дәуірдің шындығы мен болмысын көркем түрде бейнелеп, қағаз бетіне түсірген шығармалары әдебиет төріне жайғасып, халқының көңілінен шықты. Қаламгер азамат Қабиден Байбосин 1948 жылы 16 желтоқсанда Ақтөбе ауылында туған, орта мектепті аяқтаған соң мал шаруашылығы техникумын, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. 1973-2003 жылдар аралығында Амангелді атындағы совхозда бас мал дәрігері, экономист, бас экономист, бастауыш партия ұйымының хатшысы, №1 орталық Ақтөбе бөлімшесінің басқарушысы, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарған. 2003-2017 жылдарда Қарағанды «Нәтиже» сүт комбинатының сүт өнімдерін дайындау бөлімінің меңгерушісі, завод директорының сүт өнімдері жөнінде міндетін атқарушы қызметтерінде болған.

Елі, жері, ауылының сұлу табиғатын суреттесем деп қолына қалам алған қаламгердің «Жылдар жылжып жылыс­тап» ауылға деген ыстық ықыластан, туған жерге деген махаббаттан тұратын «Ауылым Сарыарқаның кіндігінде», «Арайлы ауылым – Ақтөбе» атты кітаптары жарық көрген. Қазіргі таңда құрметті зейнет демалысындағы Қабиден Байбосин Қарағанды қаласында тұрады.

Еліне қадірлі, жұртына сыйлы азаматтың өмір жолын, шығармашылық мұрасын насихаттауды, жас ұрпаққа үлгі етуді мақсат еткен шығармашылық кештің шымылдығы «Гүлдер» тобының биімен ашылды.

Аудан әкімі Ерлан Құсайын «Қаламыңыздан шыққан шығармаларыңыз бүгінде ел аузынан түспей, көңілінен шықты. Әлі де туындыңызбен баршамызды қуанта беретініңізге сенімдімін. Шығармашылығыңыз шыңдала берсін» деп, құттықтау хатын табыстап, қаламгердің иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов, Қарағанды қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Өзібек Бимендин, Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы +Тілеубек Камалиев, Бұқар жырау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Исабаев жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ардагерлер қозғалысына қосқан үлесі, ауыл тарихын жасауға сіңірген еңбегі үшін Алғыс хат табыстады.

Қабиден Байбосиннің құрметіне арналған кеште арнайы қонақ болып, төрден орын алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов пен парталас, замандас сыныптастары осы шараның тікелей ұйымдастырушылары екендігін айта кеткіміз келеді. Кеш барысында Ғабит Тұяқов сахнаға шығып, Қабиден Байбосинмен бірге өткен бала күнгі естеліктерімен бөлісіп, «Бірге өскен достарға» өлеңін оқып берді. Көмейінен жыр тамған, тыңдаған жұртты тамсандыр­ған, сахна төрінде асқақтатып ән салған, өзі оқыған Ақтөбе орта мектебінде ұстаздық еткен зейнеткер Рымкеш Төлеубайқызы сахна төрінде ақ жүректен шыққан ізгі тілеген арнап, «Замандасқа» атты әнін орындап берді. Кеш иесінің замандасы Еркетай Жүнісқызы жылы лебізін жеткізді.

Туған ауылының тарихында орны бөлек тұлғалар жайлы қалам тербеп, туған өлкенің гүлденуіне еңбек еткен Қабиден Байбосиннің бірге қызметтес болған замандасы, Нұра ауданынан арнайы келген Мәжит Иманбеков пен Қарағанды Жоғары медициналық интерколледжінің бас директоры Аманжол Нұрбеков ақ тілектерін арнады.

Сондай-ақ, шығармашылық кеш барысында қаламгердің өмір жолы мен әдеби мұрасы кеңінен таныстырылып, оның өлеңдері оқылды. Кешке қатысушылар оның шығармашылығына жоғары баға беріп, қазақ әдебиетіне қосқан үлесін атап өтті.

Қабиден Байбосин қос жанрды бірдей алып келе жатқан қаламгер. Ол жүрегін жарып шыққан жалынды жырларымен бірге сабақты, тарихи-тағылымға толы әңгімелер де жазады. Туған ауылының тамылжыған табиғатын, қонақжай жерлестерінің тағдырын көріп, естіп өскен қаламгердің жазбаларында өміршеңдік, шынайылық бар. Туған жерінің тарихында орны ерек тұлғалардың ғұмырын шығармашылығы арқылы мәңгілік ете білген қаламгердің жазбалары ұрпаққа аманат, елге өнеге, тарихқа тағзым болып қалары сөзсіз.

Б.ЖАКЕШОВА

Басқа материалдар

Back to top button