ЖаңалықтарМәселе

Ауылдықтар қысқы мал азығын жинай алмай жатыр

Ауылдағы ағайын малдың азығына алаң. Шілде туса да, қыстың көзі қырауда түлігін көтерем қылмай шығарар шүйгін шөп таппай шарасыздық кепті киген шаруалар кімге шағынарын білмей дал. Көктен тамшы тамбай кенерені кептірген жаңбырға ма? Əлде жылдар бойы ескерілмей келіп, енді тулақ сүйрегендей тақырға айналған шабындығына ма? Не болса да, малды кəсіп еткендердің мəселесі құзырлы орындарда майшаммен қарауды қажет етіп тұр. Əйтпесе, түлік өргізген қырдағы елдің өрісі тарылып барады. Онсыз да мидай даланы қуаңшылық майсыз табаға салып, қуырып жатқандай…

Жем-шөп бағасының биыл, тіпті, шарықтайтын түрі бар. Неге десеңіз, шаруалардың дені əлі шабындыққа шалғы салған жоқ. Шөптің көтерілгенін күтуде. Техникалары сақадай сай. Жердегі көктің құнары үшін көктен жауын тілеуде.

Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының мəлімдеуінше, 458 мың ірі қара, 696 мың қой жəне 312 мың жылқының қыстан қоңды шығуы үшін 1 млн. 900 мың тонна шөп қажет. Былтыр да осынша көлемде мал азығы маяланған екен.

Биыл шабындыққа 7 434 шалғы, 532 жатка, 2887 тырма жəне 769 шөп жинайтын (пресс) техника жұмылдырылады.

Алайда, көп шаруаға уақыт оздырған тиімді. «Былтыр шауып алған жерлер тап-тақыр» дейді олар. Жер де, жүйке де тозып тұр, қысқасы.

– Үш жыл болды. Шөп жоқ. Əйтеуір, сай-сайды қуалап жүріп, кезіккен шөпті орып аламыз. Қолдағы малға 1 500 тоннадай шөп жинауым керек. Мұның өзі мұңға айналды. Тракторды майлап қойдық. Шөп шабатын техниканы да жаңаладық. Арзандатылған дизель отынының литрін 210 теңгеден алдық. Барлығы дайын. Енді, жаңбырды, шөптің сəл де болса көтерілгенін күтеміз. Жылда артылған шөпті ауылдағыларға сатып, шыққан шығынды ақтап алатын едік. Биыл аман-есен өзімізге қажетті қор жинасақ та, тəубе дегелі отырмыз, – дейді қарқаралылық жеке шаруашылық иесі Қайырбек Қыдыралин.

Ал, «Атамекен» шаруа қожалығының иесі Сланбек Қинаят даладағы шөптің аздығымен қоса, шегірткенің қаптап кеткенін айтып, шыр-пыр.

– Өзіміз амалдап, алысып жатырмыз шегірткелермен. Егістіктің сыртына трактормен қайта-қайта дəрі сеуіп отырмыз. Уайымымыз – осы. Ауылдағылар шөптің жоқтығынан, тіпті, арзанға малын сатып та жатыр. Бұзаулы сиыр – 250 мың. Мұның бəрі қайбір жетіскендіктен дейсіз, амалсыздықтан, – дейді шаруа қожалығының басшысы.

Не десек те, қуаңшылық мал азығының қымбаттауына əкеп соқты. Шөбі қашан да шұрайлы Арқа атырабы сусап тұр.

– Шөп былтырғыдан да сұйық шықты. Жақында ғана шықтық шабындыққа. Жылдағы межеміз – 600 тонна. Артылғанын саудалаймыз. Былтыр рулонның бағасы 12 мың теңге еді. Біз болсақ, 10 мыңнан өткіздік. Биыл да сол бағаға ұсынатын сыңайымыз бар. Əйтпесе, халыққа оңай емес. Қосалқы бөлшек бағасы да жыл сайын 10-15 пайыз ға қымбаттайды. Былтыр орама жіптің жұпталған бумасын 14-15 мың теңгеден алғанбыз, биыл 18 мың. Əйтеуір, Үкімет дизель отынын 210 теңгеден беріп отыр. Əйтпегенде, мұның да бағасы шырқап тұр. Қазір көзге көрінген шөптің барлығын шауып алып жатырмыз. Шіліңгір шілдеге де іліктік. Аптап ыстық күйдірмей тұрғанда қорды жинап алуымыз керек. Қараған шөбін де шауып алуға тура келді, – дейді Шет ауданындағы «Харекет» шаруа қожалығының иесі Қуаныш Хантөре.

– Ауыл шаруашылығы министрлігіне тағы да жеңілдетілген жанар-жағармайға сұраныс жібердік. Шаруалардан өтінімді электронды түрде қабылдадық. 3,1 мың тонна жанар-жағармайды шілде, тамыз айларында бөліп беретін боламыз. Баға мəселесі Энергетика министрлігі арқылы нақтыланып, бекітіледі, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту жəне техникалық жарақтандыру бөлімінің басшысы Болат Омарбаев.

Мұнымен бірге, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов шөп шығынын азайтуға 400 млн. теңге бөлінгенін айтып өтті. Бұл – 200 ірі қарасы бар шаруаларға көрсетілген Үкіметтің субсидиясы. Қосымша тағы 400 млн. теңге қарастырылады. Бір басқа берілер субсидия көлемі – 10-12 мың теңге шамасында.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының биылғы есебі біржылдық шөптер алқабына – 25,2 мың гектар, көпжылдық шөптер алқабына 35,2 мың гектар дəн себілгенін айтады. Ал, бұл көрсеткіштің мейлінше аздық ететінін алға тартады тəуелсіз сарапшы Ниқанбай Омарханов.

– Шұғыл түрде, кезек күттірмейтін мəселе – облысымыздағы тозып кеткен 300 мың гектардан астам көпжылдық шөптер алқабын жаңалау. Бұл – оңай шаруа емес. Шөп тұқымдарының бағасы аспандап кетті. Бұрынғы тоннасы 300-400 мың теңге болса, қазір 2-3 млн. теңге. Осының бəрін ескере отырып, 2011-2012 жылдары қолға алынып, өз тиімділігін көрсеткен көпжылдық шөптер алқаптарының 80 пайыз тұқымын жəне жаңартылған əр гектарын субсидиялау арқылы жаңарту бағдарламасын қайта енгізбесе болмайды. Сонымен бірге, облыстағы бар су қоймаларын толық зерттеп, тексеріп, қар суларын жинақтап, алқаптарды суаруға пайдалану керек. Бұл мəселеде облыстың табиғи ресурстар жəне табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жанындағы «Қарағанды су қоймалары» коммуналды мемлекеттік кəсіпорыны бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, ешқандай жұмыс жасап отырған жоқ. Өкінішке қарай, бүгінде облыс та 160 су қоймасы иесіз жатыр, – дейді Ниқанбай Иманғалиұлы.

Тəуелсіз сарапшы ауыл шаруашылығы саласының басшылары, əкімдер Үкіметке осы бастан қуаңшылыққа байланысты жем-шөп с атып алуға мақсатты субсидияға кезектен тыс сұраныс жасау керектігін де ашық жеткізді.

Қысқасы, мал азығы – ертеңгі ел азығы екенін естен əсте шығармауымыз керек.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button