Жаңалықтар

Ауылды “ұстап тұрған” үштік кім?

Шағын қалалардың шаңырағын шайқалтпай тұрған, негізінде, жүйеқұраушы кәсіпорын, өнеркәсіптер. Бүтін шаһардың тамырына қан жүгіртіп тұр. Соның арқасында олардың түтіні – түзу. Дәл осындай кәсіпорындар да ауылдарға керек. Өйткені, бүгінде біз білетін ауылдарда оларды ұстап тұрған үш тірек қана бар. Ол – мемлекеттік қызметшілер, мұғалімдер, дәрігерлер. Ошақтың үш бұтындай бұл үштік құласа, бітті. Бүтін ауыл қоса құрдымға кетеді. Бюджеттік мекеменің арқасында күнелткен кей аудан орталықтарына осындай кәсіпорын оттегідей аса керек. Дүркіреген өндіріс сұрамай-ақ қоялық. Бірақ сол ауданның қажетін ашатын, тірек пен жүрек болатын өнеркәсіп, кәсіпорын ашуға не кедергі? Білуімізше, кедергі жоқ осы күні. Небары, креативті ойлау жоқ.

Ауылдарға қаражат Үкіметтен қазір аз құйылып жатқан жоқ. Тұрғын үйіңді сал, кәсіпкерлігіңді аш, малыңды өсір. Әйтеуір, таңдау жетерлік. Бұрнағы жылдары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы әрекет етті. Одан кейін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бар. Мұның сыртында етті, сүтті мал өсіруге, егістік, көкөніспен айналысуға арналған Үкіметтен берілетін несие, субсидияны қосыңыз. Рас, қайсыбір бағдарламалардың берекесіздікке ұшырағаны да мәлім. Оны сол арадағы жергілікті атқарушы биліктің біліксіздігінен деп білеміз.

Ал, күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыруды тапсырғаны мәлім. Сол бағдарлама қазіргі күні бастау алды. Жобаны дайындау барысында Үкіметке әкімдермен және мәслихаттармен бірлесіп, келешегі бар ауылдарды іріктеп, сол жерлерде әлеуметтік саланы дамытып, интернаттар құру тапсырылды. Онда ауылдар өсу және орнықты даму нүктелері болуы тиістігі қадап айтылған. Ол үшін ауылдарда халық тұтынатын тауарлар өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бизнесін дамыту қажеттігі де айтылудан кенде емес. (Біздің сөзіміздің «сандырақ» еместігі осында).

 Жалпы, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында жыл сайын Үкіметтен 30 млрд. бөлінеді. Сөйтіп, 3 жыл ішінде бұл сома 90 млрд. теңгені құрамақшы. Қаражаттар ауылдарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандарды дамытуға бағытталады. Аз қаражат емес.

Жалпы алғанда, жаңа жұмыс орындарын ашатын әлеуметтік маңызды сала ретінде ауыл шаруашылығын дамыту көзделуде. Бағдарламаның негізгі құралы – зәкірлік кооперация және қосылған құн тізбегін құру.

 Үкіметтің айтуынша, бүгінде аймақтарда әкімдіктермен бірлесіп, 52 елді мекен іріктеліп алынды. 7 жыл ішінде басқарылатын урбанизация арқылы жоба бойынша 2025 жылға дейін 6,1 млн. адамға жететін тірек ауылдардағы қолайлы өмір сүру ортасын құру күтілуде. Жөн-ақ.

Ал, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы Қарағанды облысында үш аудан орталығынан басталуда. Биыл инфрақұрылымдық жобалар Атасу, Нұра және Ұлытау ауылдарында іске асырылады.

Арнайы жобаны дамыту үшін қаржы республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден бөлінеді. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, үш аудан орталығында инфрақұрылымдар мен әлеуметтік саланы дамыту бойынша 26 жоба жоспарланған. Олардың алтауы Нұра ауылында жүзеге асырылады. Төрт жоба әлеуметтік саланы жақсартуға бағытталған. Бұл аудан орталығында 8 жол жөнделеді.

Сондай-ақ, бұған дейін жергілікті билік өкілдері ауыл тұрғындарының өмірін жақсарту үшін бір ғана арнайы жобамен шектелмейтіндігін де атаған. Түрлі бағдарламалар арқылы бюджеттік қаржы және жеке инвесторлар есебінен бұдан да басқа жобалар іске асырылмақшы екен. Құптарлық.

Бірақ, көтерілген ауылды ұстап тұратын кәсіпорын, я өнеркәсіп керек. Ең бастысы, сол. Демек, біздіңше, инвесторларды осы мақсатқа тарту керек. Әйтпесе, бүгін жасалған шаруаның ертең шашылып-төгіліп қалатыны айдай анық. Ауылдардың жолы, инфрақұрылымы арқылы айы оңынан туып кете қоймайтыны бесенеден белгілі. Аудан орталығы саналған ауылдардың өзінде қандай да бір іргелі жұмыс орны салынуы тиіс. Ол сол өңірдегі ішкі миграцияға өзді-өзінен ықпал етері даусыз. Ал, тұрғыны көбейген ауылдың да өсу мүмкіндігі жоғары. Қандай да бір мықты кәсіпорыны бар аудан орталығы ешкімге де алақан жаймайды.

  • Ұғынғанға, мұғалім мен дәрігерге байланған ауыл – келешексіз. Дамусыз, өркендеусіз. Өркениетке көш түзеген тұста мұны түсіну үшін асқан бір даналықтың да қажеті жоқ.

Қызғалдақ Айтжан

Басқа материалдар

Back to top button