Ауылдық медицинаға мән беріліп келеді
Медициналық ұйымдарда материалдық-техникалық базаны жетілдіру және қолайлы жағдайлар жасау – медициналық қызмет көрсету сапасын арттырудың маңызды факторы.
Былтыр «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы шеңберінде ауылдық жерлерде 21 жаңа медициналық нысан салынды, тағы 27 нысан пайдалануға берілмек. Ал, биыл 51 медицина мекемесін салуға дайындық жұмыстары жүргізілді.
Теміртау мен Балқаш қалаларында екі ауданаралық аурухана жаңғыртылды. Бұл өңір тұрғындары үшін медициналық көмекке қолжетімділікті айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.
10 объектіде күрделі жөндеу жүргізілді, ал 5 объектіде екі жылдық жөндеудің бірінші кезеңі басталды. 17 объектіде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жас мамандарды тартуға және медицина қызметкерлерін материалдық қолдауға бағытталған 2024-2026 жылдарға арналған кадрлық стратегия әзірленді. Екі жыл ішінде 563 маман тартылды, биыл 210 жас маман жұмысқа алынды, оның 106-сы ауылдық жерлерге жіберілді.
Әлеуметтік қолдау шеңберінде көтерме жәрдемақылар, қызметтік тұрғын үй және ипотекалық несиелер берілетінін де айтып өткен жөн. 2024 жылы 63 маманға 407 млн теңге көтерме жәрдемақы төленді. Оның ішінде, ауылға барған 106 дәрігерге көмек көрсетілді. 203 қызметтік пәтер берілді, Қарағанды қаласында тұрғын үй кешенін салу және Нұра ауданында 14 пәтерлі үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz