Ауылдарда ақшаңқан үйлер
Ауылда құрылыс жүргізіліп, үй салынбағалы қашан?!. Кешегі кеңес заманында жергілікті және сырттан келетін (оларды «шабашниктер» дейтін) құрылысшылар, одан қалды студенттік құрылыс жасақтарының күшімен жыл сайын әр ауылда қаншама тұрғын үйлер мен әлеуметтік-тұрмыстық нысандар бой көтеріп, пайдалануға беріліп жататын еді ғой. Бірақ, өткен ғасырдың 90 жылдарынан бастап, ол жақсы дәстүр де тараған кеңшарлармен бірге құрдымға кетіп тынған.
Соның салдарынан екі қолға бір жұмыс таппаған жұрттың көбісі жылы орындарын суытып, қалаға көшті емес пе? Сонда барып, тапқан пайдасы да шамалы. Енді солардың біразының от жағып, күл төккен жеріне қайта оралғысы бар. Келген күнде де олар үшін дайын тұрған баспана қайда?! «Қайта кірер есігіңді қатты жаппа» демекші, кезінде өздерінің сыңғырлаған үйлерін бұзып, құрылыс материалдарына сатып жіберген ағайынның басындағы бұл жағдай баршаға мәлім. Оның үстіне, сол кезде қара орнынан қозғалмай қалған ауыл тұрғындары да содан бергі отыз жылдан аса мезгілде өсіп-өніп, бір үйде екі-үш отбасыдан тұрып жатқандары да жасырын емес. Бұл проблема еліміз бойынша барлық селолық аудандарға, соның ішінде, Бұқар жырау ауданына да тән.
Міне, мемлекетімізде қабылданған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы да осы мәселені оң шешуді көздейді. Соның шеңберінде ауылдық елдімекендерде тұрғын үй құрылысын жандандырып, ең бірінші кезекте жылдап пәтер кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарын үй-жайлы қылу біз айтып отырған Бұқар жырау ауданында қолға алынған. Сол бойынша 8 жекеменшік құрылыс инвесторлары ауданның 6 ауылында өз күш-қаражатымен 40 пәтерді салып бітірсе, аудандық әкімдік оларды сатып алып, жоғарыдағы санаттағы адамдарға жалға береді екен.
Атап айтқанда, Үміткерде екі пәтерлі – 3, Ақбелде – 2, Жаңақалада – 1, Баймырзада – 2, Көкпектіде – 5, Ботақарада – 1 және екі қабатты 12 пәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Содан 30 пәтерді сатып алу үшін «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорынан 460 миллион 470 мың теңге, қалған 10 пәтерге республикалық бюджеттен 134 миллион 250 мың теңге және аудандық бюджеттен 320 миллион 880 мың теңге бөлу қарастырылыпты.
– Бұл күйген кірпіштен салынып жатқан пәтерлердің әрқайсының аумағы 80 шаршы метрді құрайды. Оларда тұрмысқа қолайлы жағдайдың бәрі жасалады. Электр желісі, ауызсу, кәріз жүйелері тартылып, үйдің ішіндегі жуынатын орын мен дәретханасының сантехникасы, сыртта септигі мен отын қорасы сайланып, маңайы абаттандырылып, қоршалады, – дейді бізбен әңгімесінде Бұқар жырау ауданының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Айнагүл Искакова. – Біз олардың архитектуралық-құрылыс талаптарының бәріне сай екендігін әбден зерттеп, тексергеннен кейін ғана оларды конкурс жариялау арқылы сатып алып, пәтерге мұқтаж жандарға жалға береміз.
Айнагүл Әкімқызының айтуынша, қазірде Ақбел, Ботақара, Жаңақала ауылдарындағы екі пәтерлі 4 үйдің құрылысы бітіп, айналасы абаттандырылып жатқан көрінеді. Сәтін салса, сол елдімекендердегі 8 отбасының қонысмай жасайтын күні де таяу.
Жалпы, естіп білгеніміздей, бүгінге дейін Бұқар жырау ауданы бойынша пәтер кезегінде 1022 адам тұрса, мұның өзі сол санды сәл де болса азайтары анық. Ендеше ауылдарымызда ақшаңқан үйлер көптеп салынып, қайыра дамып, өркендегенін тілесек, бұл өміршең жобаның жылдамдата жүзеге асқаны жөн-ақ.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz