Ауылда медпункт ашылды
Абай ауданындағы Мичурин ауылдық округіне қарасты Садовое аулында жаңа медициналық пункт ашылды.

Бұл емдеу мекемесінің тапсырыс берушісі облыстық құрылыс басқармасы да,жобалық-сметалық құны 134,4 миллион теңге болатын бұл нысан құрылысын мердігер ұйым “Теміртау жөндеу орталығы” ЖШС өткен жылдың қазан айынан бастап,кеше күні толық аяқтап шықты.
Жаңа медициналық пунктің ашылу салтанатында Абай ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Асқаров құттықтау сөз сөйлеп, оның кілтін аудандық орталық аурухананың директоры Айгүл Бәшековаға тапсырды.
Жаңадан салынып, пайдалануға берілген медициналық пунктің қызметтік, процедуралық, екпе, физиотерапия, ақпараттық, дәрі-дәрмек сақтайтын кабинеттері заманауи жабдықтармен және жиһаздармен жарақтандырылған. Мұнда тұрақты түрде медбике аптаның жұмыс күндерінде отыратын болса, ал маман дәрігер көршілес Жартас аулының дәрігерлік-амбулаториялық пунктінен жұмасына бір рет келіп, қабылдау жүргізіп, сырқаттарды қарап, тексереді.
– Бұл 193 адам ғана тұратын Садовое аулына кешелі-бүгін ауызсу құбырларын тартып бітірсек,енді жаңа медициналық пункті ашылып отыр, – дейді аталған ауылдық округтің әкімі Елдос Баймағамбетов. –Тұрғындар бұған дән риза.Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту жолындағы жұмысымыз жалғаса береді.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы