Президент тапсырмасын орындай отырып...

Ауыл тұрғындары өз таңдауын жасайды

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау керектігін айтқан болатын. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына қол қойды. Енді ауыл әкімдері тікелей сайланатын болды.

Сайлау – қоғамды заманауи демократияландырудың маңызды институты, халықтың ерік білдіруінің көрінісі, оның мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі нысандарының бірі.

Заң жобасының мақсаты – аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды енгізу болып табылады. Сайлау 40 күн бұрын жарияланады. Ал, сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтеді.

Сайлау науқанының мерзімі 30 күнді құрайды. Заң жобасының негізгі міндеттері: сайлау жүйесін жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайту, Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін төмендету.

Біздің өңірде еліміздегі алғашқы тікелей ауыл әкімдерін сайлауға дайындық басталды. Биыл ауылдық округтердің 75 әкімін сайлау жоспарлануда. Бұл олардың жалпы санының үштен бір бөлігі. 149 елдімекеннің 81 мыңнан астам тұрғыны дауыс бере алады.

Тікелей сайлау кезінде жаңадан сайланған ауыл әкіміне өз сайлаушылары алдында белгілі бір жауапкершілік жүктеледі және бұл оның осы мәртебедегі одан әрі атқарған жұмысының нәтижелеріне оң әсер етуі тиіс.

Бүгінгі күнге дейін Қазақстанда аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау жанама әдіспен аудандық мәслихат депутаттары таңдаушы болса, ал, кандидаттарды ұсынуды жергілікті қоғаммен келіскеннен кейін аудан әкімі жүргізіп келді.

Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болып сайлану үшін кандидат сайлау туралы Конституциялық заңда көзделген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Ол әрекетке қабілетті, соттылығы және сыбайлас жемқорлық қылмыстары жоқ, кемінде 25 жастағы ҚР азаматы болуы тиіс. Бұдан басқа, жаңа норма бойынша бір адам бір кенттің әкімі болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды. Саяси партиялар әкімдікке кандидаттарды өз мүшелерінің арасынан сайлау округінде бір-бірден ұсынады немесе сайлаушылардың жалпы санының кемінде бір пайызы қолдаған жағдайда өзін-өзі ұсынған адамдар қатыса алады.

Әкімнің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, сайлау бір ай ішінде тағайындалады және олар тағайындалған күннен бастап бір ай мерзімде өткізіледі. Өзін-өзі ұсынған жағдайда, сәйкестік анықталғаннан кейін кандидатты қолдау үшін қол жинау үшін қол қою парақтары беріледі.

Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және сайлау күніне 10 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады, содан кейін сайлау алдындағы үгітті жүргізуге болады. Сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады. – Атқарушы билік өкілдерінің тікелей сайлануы, сөзсіз, еліміздің дамуына оң әсер етуі тиіс, – дейді Қарағанды облысы кәсіпкерлер қауымдастығы директорының міндетін атқарушы Серік Санаубаев.

– Мемлекет қалыптасуының белгілі бір кезеңдерінде бұл мәселені жұртшылық көтерді. Енді уақыт келді – Президент сайлау туралы Заңға түзетулерді бекітті. Бұл – демократиялық процестің бір бөлігі. Заңның өзі сайлау процесі ашық және таза болуы керектігін білдіреді. Егер сіз әкімді басқа ауданнан, қаладан және тіпті, аймақтан тағайындасаңыз, ол келгенімен, бұл ауылдың жағдайында, адамдарды да білмейді, содан барып бұл жерге кірігудің ұзақ жолы басталады. Халықтың сенімінсіз, оның қолдауынсыз, сен қандай кәсіби болсаң да, сапалы жұмыс болмайды. Сондықтан, «өз» адамының болуы өте маңызды. Міне, осыдан барып үлкен жауапкершілік тұрғындардың өзіне жүктеледі. Ауылды қалай басқару және ары қарай ауылдағы өмір қалай құрылатыны жаңа сайланған әкімге байланысты болады. Сондықтан, ауыл тұрғындары күн сайын ауыл проблемасын, әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешуге, жұмыс орындарын құруға талпынған әкімді таңдауы тиіс. Әрбір ауылда осындай лайықты адамдар бар екеніне сенімдімін. Бұл кезеңде биліктің атқарар жұмысы да маңызды. Өйткені, халыққа түсіндіру жұмыстары барысында тұрғындардың өздері өз елдімекендерінің тағдырын шешіп жатқанын жеткізу қажет. Егер олар таңдау мәселесіне үміткердің қасиеттері тұрғысынан емес, туыстық және достық қағидаты бойынша жүгінетін болса, онда нәтиже теріс болуы мүмкін.

Бұл жерде жергілікті бюджет маңызды роль атқарады. Егер халықтың салығы осы ауылда қалса, ағымдағы мәселелерді шешуге көбірек мүмкіндік пайда болады. Сонымен қатар, әкім бизнес нысандарын дамытуға, ауыл экономикасын көтеру үшін жобаларды енгізуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және сол арқылы жергілікті қазынаны толықтыруға мүдделі болады. Сонда барлығы өз өлкесінің игілігі үшін жұмыс істейтін болады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button