Сұхбат

Ауыл маңында аң атпаңыз

Енді, аңшылық шаруашылық аумақтарынан тыс жатқан ауылыңыздың маңында ат мініп, аң қуып, құс атсаңыз жауапкершілікке тартыласыз. Тек, тиісті органдардың рұқсатымен ғана аң аулауға болады. Келешекте бұл тәртіпті қадағалайтын инспекторлар құрамы толыға түспек. Осы мәселені індете зерделеуді көздеген біз облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты Қарағанды орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі шаруашылығы мекемесіне арнайы бардық. Мекеме басшысы Мақсат МҰҚАНОВ бізді толғандырған сауалдарға толыққанды жауап берді…

Осы уақытқа дейін ауылдағы ағайын атқа міне салып, қоян­-түлкі іздеп, сай-саланы шарлап жүруші еді. Заң намадағы өзгеріс қызық іздеп, аң қуғандардың әрекетіне шектеу қойғаны ғой…

– Иә. Жалпы, облыс бойынша 34 млн. 346 мың гектар аңшылық аумақ бар. Оның 19 млн. 278 мың гектары заңды түрде бекітіліп, бұларды 29 жекеменшік аңшылық шаруашылық күзетеді. Сондай­ақ, қараусыз жатқан елді мекендердің де аумағы бар. Яғни, қалған 15 млн. 68 мың гектар жер. Осы аумақтағы аң­құстарды қорғау мақсатында біз мекемедегі инспекторлар тобының санын арттырып отырмыз. Бұл өзгерісті жергілікті атқарушы органдар да қолдап, қажетті қаражатты бөлу мәселесін қарастыруда.

Жаңа тәртіп бойынша ауылдағы азаматтардың тазы салып, аң қууына шектеу қойылады. Аңшы куәлігі болса да, рұқсат жоқ. Мұндағы мақсат – сол аумақтағы жануарларды сақтап қалу. Сондай-ақ, өзен­көлдерден әр адамның 5 келіден артық балық аулауына да тыйым салынады. Егер, келешекте заң бұзушылықтар анықталып жатса, табиғатқа келтірген залалына қарай жазаға тартылып, айыппұл салынады. Міне, осы тәртіпті жіті бақылайтын – біздің инспекторлар құрамы. Сондықтан, құрам санын арттырып жатырмыз.

Бұл өзгерістен тұрғындардың басым бөлігі бейхабар. Ақпараттандыру шаралары қалай жүргізілуде? Аталған өзгеріс қашан күшіне енбек?

– Қазіргі таңда ақпараттандыру шаралары қолға алынды. Әлеуметтік желі мен сайттар арқылы да халыққа жеткізіп жатырмыз. Алдағы уақытта, осы бір індеттің беті қайтқан соң, жергілікті әкімшіліктерге арнайы барып, аудан, ауыл тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Кейін жұмыс жоспарға сәйкес жалғасады.

Бұл өзгерістің жануарлар әлемін сақтауға үлкен септігі тиер деп ойлаймыз. Десек те, қадағалау шараларына қажетті жұмыс күші жеткілікті ме?

–  Қазіргі таңда 12 инспектор бекіді. Әлі 18 маман жұмысқа қабылданады. Қарағанды мен Теміртау қалаларының орман шаруашылығы мекемелері қосылды. Осы тұста қысқартылған бірліктерден мамандар жасақталатын болады. Құрам толық бекіген соң, рейдтік шаралар жоспарымен жұмысқа кіріседі.

Табиғат – ортақ байлы ғымыз. Сондықтан, ағайынды жаңа өзгеріске түсіністікпен қарап, бірлесе жұмыс істеуге шақырамын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button