Медицина

Ауыл халқының игілігі үшін

Биыл баспананың ғана емес, халыққа қажетті әлеуметтік нысандардың да құрлысы қарқынды жүріп жатыр. Оған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы негіздеуге келеді. Аталған жоба аясында ел бойынша 655 медициналық нысан бой көтермек. Аймақта да бұл жоба қолға алынып, ауылдық жерлерде фельдшерлік-амбулаториялық пункттердің құрылысы басталып кеткен.

Тапсырыс беруші – облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Басқарма басшысының орынбасары Абылай Смағұловтың айтуынша, ауылдық жерлердегі фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы шілде айынан басталған.

– Жылдың басынан бері «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 14 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оған 2 163 581 мың теңге бөлінген. Оның 1 956 671 мыңы – республикалық бюджеттен, 206 910 мың теңге – облыстық бюджеттен. Жоспар бойынша барлық нысандар қараша айында пайдалануға берілуі тиіс, – деді Абылай Смағұлов.

Әлеуметтік нысандардың құрылысын үш мердігер жүргізуде. Ал, жалпы жауапкершілік – облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасында. Басқармада хабарлағандай, қазіргі уақытта жер жұмыстары жүргізіліп, модульдік каркастар әзірленуде.

– Барлық нысанның құрылысы шілдеде басталды. Жұмыстың орындалу деңгейі шамалас. 15-35 пайыз орындалды деуге болады, – деді Абылай Ғазизұлы.

Қазір ФАП құрылысы Ақтоғай ауданының Ақжарық ауылы, Бұқар жырау ауданының Қарақұдық, Новоузенка, Ақтөбе ауылдары, Қарқаралы ауданына қарасты Томар, Ақжол, Татан ауылдары, сонымен бірге, Шет ауданының Ақшатау, Төменгі Қайрақты, Жұмыскер, Босаға, Көктіңкөлі, Киікті, Бұрма ауылдарында жүріп жатыр.

Сонымен қатар, Қарқаралы ауданының Сарыобалы, Қызыл Ту, Бесоба, Талды, Қарабұлақ, Жаңатоған, Жарлы, Талды, Абыз, Белдеу­тас, Борлыбұлақ, Өсібай, Айрық ауылдарында, Шет ауданының Еңбекшіл, Ақсу, Қарамұрын, Дарья, Қызылқой, Ақшоқы, Еркіндік, Ақжартас, Жыланды, Жәмші, Ақой, Талды, Кеншоқы, Батық ауылдарында, Бұқар жырау ауданының Самарқан мен Тасауыл ауылдарында да жаңа медициналық нысандардың жобалық-сметалық құжаты әзір тұр.

Ұлттық жоба бойынша салынатын медициналық нысандар заманауи талаптарға сай жабдықталады.

Ауылда медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «адамға бағдарланған тәсіл» медициналық-санитария­лық алғашқы көмектің озық тәжірибелерінің жобалары енгізілуде. Мысалы, пациенттерді қолдау қызметі, ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс механизмі, инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, ауруларды басқару бағдарламалары, дұрыс тамақтануды, салауатты өмір салтын үйрету, отбасын жоспарлау, ер адамдардың денсаулығын жақсарту, баланы дамыту кабинеттері бар.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button