Ауыл халқына айрықша тарту
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Бұқар жырау және Шет аудандарының төрт ауылында заманауи медициналық нысандар ашылды. Фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Жобаға сәйкес келесі жылға дейін 92 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. Соның ішінде, 11 дәрігерлік амбулатория, 34 фельдшерлік- акушерлік пункт және 47 медициналық пункт бар. Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, екі жылда 26 нысан іске қосылды. Бұл ондаған мың ауыл тұрғынының медициналық қызметке қолжетімділігін арттырды.

Бұқар жырау ауданының Сарыарқа және Құрылыс ауылдарында екі жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді. Жаңа нысандарды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аралады. Ол ауылдық медицинаны дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі екенін және Президенттің тапсырмасы бойынша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған жобалардың жүзеге асатынын атап өтті.
– Біз ауылдық жерлердегі өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмысты дәйекті түрде жалғастырамыз. Медициналық инфрақұрылымға ерекше назар аударылады. Жаңа медициналық нысандар салынып, санитарлық көлік қамтамасыз етілуде, сондай-ақ, кадрлар тартылуда. Мұның бәрі біздің азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Екі нысан Үштөбе ауылдық округінің мыңнан астам тұрғынын базалық медициналық көмекпен қамтамасыз етті. Медициналық көмектің қадамдық қолжетімділігінің арқасында ауыл тұрғындары енді дәрігерлердің кеңесін алу үшін аудан орталығына бармайды.
Жаңа ғимараттар кең және заманауи стандарттарға толық бейімделген. Олардың әрқайсысында дәрігерге дейінгі, емшара және егу кабинеттері қарастырылған. Мүгедектігі бар адамдар үшін пандустар, шақыру түймелері және қозғалыс индикаторлары орнатылған.\
– Мен Сарыарқа ауылына Қарағандыдан келдім, – дейді медбике Береке Болат. – Ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға көмектесемін. Мұнда заманауи кабинеттер мен жабдықтар бар. Тұрғындар тағайындалған ем ала алатын жақсы физиокабинет те іске қосылды. Дәрігерлік қабылдау да қарастырылған, оның ішінде бейінді мамандар да бар.
Бұған дейін мамандар Сарыарқа ауылының 900-ге жуық адамын бейімделген үй-жайларда қабылдауға мәжбүр еді. Енді ауыл тұрғындары медициналық көмекті барлық талаптарға сай жабдықталған жаңа мекемелерде алады.
Дәл сондай мүмкіндік Шет ауданының Қызылқой және Ақсу ауылдарының тұрғындарына да жасалып отыр. Екі елдімекенде де 200-ден астам халық тұрады. Медициналық нысан ашылғанға дейін олар медициналық көмекті талаптарға сай келмейтін үй-жайларда алып келген болатын.
Жаңа медициналық нысандардың жұмысы жергілікті тұрғындардың денсаулығын жақсартуға ғана емес, ауылдық жерлерде жұмыс істеуге дайын жас мамандар үшін де оң ықпал етеді.
Денсаулық сақтау басқармасы мамандары Ақсу мен Құрылыс ауылдарында салынған пункттердің ерекше маңызды екенін алға тартады. Себебі, ол жерлерде бұрын медициналық нысан болмаған.
Қазіргі уақытта 66 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 15-і өткен айда аяқталды. Қалған 51 нысанның құрылысын күзге дейін аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде барлық ауылдық жерлердегі медициналық нысандардың 52%-ы жаңғыртылады деп күтіледі.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында Балқаш және Теміртау қалаларында екі көпсалалы аурухананы қайта құрылатынын да айта кету ләзім. Өткен жылы Теміртау қаласында ангиографиялық операция бөлмесіне арналған қосымша құрылыстың құрылысы аяқталса, Балқашта бұл жұмыс жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін аталған екі қалада кардиологиялық, хирургиялық, травматологиялық және оңалту бөлімшелері бар екі заманауи ауданаралық аурухана ашылады. Олардың жұмысын қамтамасыз ету үшін қосымша 40 дәрігер тартылады. Бұл – жаңа жұмыс орындары. Ауданаралық ауруханалардың мүмкіндігін еселеу үшін биыл магниторезонансты томограф, ангиограф және 2 компьютерлік томограф сатып алынады деп жоспарланған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасының мақсаты – ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. Бой көтеріп жатқан жаңа нысандар бізді бұл мақсатқа бір табан жақындатады.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»