Аутизм туралы ашық әңгіме
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтардың мәселесіне тоқталып, аутизмге шалдыққан балаларды оңалту орталықтарын құрып, осындай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында аймақта осы мәселеге арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Шараны ұйымдастырушы Қазақстан халық партиясы өкілдері басты мақсат ерекше қажеттілігі бар балалардың жағдайын шынайы саралау арқылы тиісті шешімдер қабылдау екенін жеткізді.
– Президентіміздің ерекше балаларға жағдай жасау туралы берген тапсырмасын орындау үшін партияның орталық аппараты жанынан кеңес құрылған болатын. Оған балалар құқығымен айналысатын ұйымдардың өкілдері сарапшы ретінде кірді. Мамандармен бірлесіп ерекше балаларды дамытуға қатысты аймақтардағы кемшілік пен жетістікті саралап, Президент айтқан жаңа заңға өзіміздің нақты ұсыныстарымызды енгізу – жоспарымыз. Сол үшін осы мәселені жан-жақты зерттеуді қолға алдық, – дейді партияның орталық аппараты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұрдәулет Оразханов.
Оның айтуынша, партияның мұның алдында білдірген бірқатар ұсыныстары жүзеге асқан.
Дөңгелек үстелде облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Нұрсұлтан келтірген дерегіне сүйенсек, облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 19 886 бала бар. Арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау мен ерте түзетумен 17 043 бала қамтылған. Маманның айтуынша, жыл сайын аутистік спектрдің бұзылыстары бар балалар саны артып келеді.
– Бүгінгі таңда психологиялық-медико педагогикалық кеңес деректері бойынша облыста аутистік спектрдің бұзылыстары бар 1 358 бала тіркелген. 2022 жылдан бастап Қарағанды облысының білім басқармасына қарасты «Аутизмі бар балаларды қолдау орталығы» жұмыс істейді және жыл сайын шамамен 600 балаға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, облыста он арнайы мектеп-интернат, үш арнайы балабақша, алты психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес, он психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, екі оңалту орталығы, сонымен бірге, аутизмі бар балаларды қолдау орталығы жұмыс істейді. 2025 жылы Бұқар жырау ауданында түзету кабинетін ашу жоспары бар, – деді Гүлдана Ерболатқызы.
Облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдардың мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталив мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуда бірқатар мәселелер бар екенін алға тартты.
– Ең әуелі қолданыстағы қолдау шараларын талдау керек. Қажет болса, бағдарламаларды бейімдеген дұрыс. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруда квотаны орындамайтын кәсіпорындардан компансациялық төлемдер алып, оны квотаны орындап отырған кәсіпорындарды ынталандыру ретінде жолдау керек, – деп атап өтті ол.
Бірқатар арнаулы мекемелер мен орталықтарды аралап шыққан сарапшылар аймақта ерекше қабілетті балалар үшін жағдай жасалғанын атап өтті. Ұйымдастырушылар осындай шараларды еліміздің барлық өңірлерде ұйымдастырылатынын айтты. Бұған дейін мұндай кездесу Көкшетау қаласында өтіпті.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»