Жаңалықтар

Қауіпсіздіктің жаңа қадамы

Қазақстан қара металлургиясының қазыналы қамбасы Qarmet соңғы жылдары ауқымды жаңғырту мен цифрлық трансформация кезеңіне батыл қадам басты. Компания өндірістік тиімділікті арттырумен қатар, еңбек қауіпсіздігін күшейту, заманауи технологияларды енгізу және халықаралық стандарттарға сай басқару жүйесін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс­тар жүргізіп келеді. Яғни, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканың барлық саласын цифрлық тұрғыдан жаңғырту жөніндегі тапсырмалары Qarmet компаниясында жүйелі түрде жүзеге аса бастады деп айтуға толық негіз бар.

Сурет компания сайтынан алынды

Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – металлургиялық комбинатта жаңа буындағы Жедел бақылау жағдаяттық орталығының (ЖБЖО) іске қосылуы. Бұл орталық – тек бақылау құралы ғана емес, өндірістегі барлық қауіпсіздік, логистика және басқару процестерін біріктіретін интеллектуалды цифрлық алаң.

ЖБЖО тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Мұнда нақты уақыт режимінде өндірістік аумақтағы барлық қозғалыс пен процестер бақыланады. Күзет бөлімшелерінің қызметі толық цифрлық форматқа көшіріліп, мердігер ұйымдардың техника қозғалысы GPS-навигация және бейне-телематикалық жүйелер арқылы қадағаланады. Бұл бұрынғыдай тек жекелеген учаскелерді емес, бүкіл комбинат аумағын кешенді бақылауға мүмкіндік береді.

Бүгінде орталықта 15 бақылау аймағына біріктірілген 400-ден астам заманауи бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, 21 автокөлік және жаяу жүргіншілерге арналған өткізу-бақылау пункті толық цифрлық жүйеге қосылған. Әрбір қозғалыс, әрбір әрекет тіркеліп, деректер базасында сақталады.

Жаңа орталықтың іске қосылуы тек техникалық тұрғыдан жаңарған деп ойласаңыз, қателесесіз. Бұрынғы бақылау жүйесінің тозығы жеткен инфрақұрылымы толық жаңартылып, күрделі жөндеу жүргізілді. Заманауи жабдықтар орнатылып, операторлардың жұмыс істеу жағдайы да айтарлықтай жақсарды.

ЖБЖО-ның басты артықшылықтарының бірі – Жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізу. Ақылды алгоритмдер қауіпсіздік талаптарының бұзылуын автоматты түрде анықтап қана қоймай, мінез-құлық үлгілерін талдап, ықтимал қауіптерді алдын ала болжай алады. Бұл – өндірістегі тәуекелдерді басқарудың мүлде жаңа деңгейі ретінде бағаланып отыр.

Одан бөлек, орталықта ұшқышсыз ұшу аппараттарының жұмысы да бақылауға алынған. Дрондар арқылы өндірістік аумақты әуеден шолу мүмкіндігі жағдайды жедел бағалауға, апатты жағдайлардың алдын алуға және логистикалық процестерді оңтайландыруға жол ашады.

Нәтижесінде, жаңа жүйе ұрлық пен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, материалдық шығындарды азайтуға және өндірістік процестердің толық ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Компания цифрландыруды тек жер үстіндегі өндіріс нысандарымен шектеп отырған жоқ. Соңғы жылдары шахталарда да заманауи технологиялар кеңінен енгізілуде. Бүгінде жерасты өндіріс орындарында шамамен 200 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылып, олардың барлығы диспетчерлік орталықтарға қосылған.

Жүйе кенжарларды дайындау барысын, көмір өндіру үдерісін және жұмысшылардың қауіпсіздігін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Бұрын қауіпті аймақтарда бақылау шектеулі болса, енді әрбір маңызды учаске – тұрақты цифрлық қадағалауда.

– Бұл орталық комбинат аумағындағы барлық логистикалық үдерістер мен жалпы ахуалды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Орталықтың үздіксіз жұмысын әр ауысымда 15 бейнебақылау операторы және бір үйлестіруші маман қамтамасыз етеді, – дейді Qarmet компаниясының режим және қауіпсіздік жөніндегі директоры Олжас Сейтахметов.

Шахталардағы қауіпсіздікті арттыру бағытында тағы бір маңызды шешім – заманауи аэрогаздық бақылау жүйесінің енгізілуі. Әрбір өндірістік нысан 100-ден астам датчикпен жабдықталған. Бұл датчиктер метан мен көміртек оксидінің концентрациясын, ауа ағысының жылдамдығын және тозаң деңгейін үздіксіз өлшейді.

Егер көрсеткіштер белгіленген шектен асып кетсе, жүйе автоматты түрде электр энергиясын өшіріп, қауіпті аймақтағы жұмыстарды тоқтатады. Бұл – адам өмірін сақтауға бағытталған нақты әрі тиімді шешім. Сонымен бірге, оптикалық талшықты байланыс желілеріне көшу деректерді жер бетіндегі орталықтарға жедел әрі тұрақты жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.

– Барлық 8 кәсіпорында шахталық атмосфераны бақылау үшін «Дэвис Дерби» жүйесі орнатылған. Бұл жүйе метан газын, көміртегі оксидін, ауа ағынын – негізгі және соқпақтағы ауа мөлшерін бақылайды. Жүйенің басты ерекшелігі – деректерді нақты уақыт режимінде қадағалайды. Жүйені жаңарту жоспарланып отыр. Біз цифрлық технологияларға өтеміз. Яғни, әрі қарай жүйені дамытуға мүмкіндік алу үшін. Шахтадағы дайындық және өндіру учаскелерінен алынған мәліметтерді жер бетіне шығару үшін оптикалық талшықты желілерді қолдану тиімділікті арттырады және сапалы бақылауға мүмкіндік береді, – дейді «Qarmet» АҚ КД өндірістік қауіпсіздік жөніндегі бөлімінің басшысы Николай Алейников.

«Костенко» шахтасы аумағында қазіргі уақытта 100-ден астам бақылау датчигі тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл құрылғылар өндірістік учаскелердегі ауа құрамын үздіксіз бақылап, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

– Датчиктер шығатын жұмыс беттеріне орнатылған. Белгіленген шекті мәндер асып кеткен жағдайда, жүйе автоматты түрде электр энергиясын ажыратып, жұмыс тоқтатылады. Одан кейін метан мен шаң концентрациясын қалыпқа келтіру бойынша тиісті шаралар қабылданады. Жақын арада біз жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, оптикалық талшықты желілерге өтуді жоспарлап отырмыз. Оның артықшылығы – көбірек нысандарды қамтуға және деректерді беру жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Костенко атындағы шахтаның аэрогаз бақылау механигі Роман Максимов.

Мамандардың айтуынша, мұндай жүйелер шахталардағы қауіпсіздік мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп отыр. Әсіресе, метан мен көміртек оксиді секілді қауіпті газдардың шоғырлануын үздіксіз бақылау – адам өмірін қорғаудың маңызды тетігі.

Сонымен қатар, компания шахталарында заманауи жерасты бейнебақылау жүйелері де қарқынды енгізілуде. Бүгінде кенжарлар мен өндірістік жұмыстар жүргізілетін негізгі учаскелерге шамамен 200 бейнекамера орнатылған. Олардың барлығы диспетчерлік орталықтарға қосылып, нақты уақыт режимінде ақпарат беріп отыр.

Бұл жүйе өндірістік үдерістердің барлық кезеңін – кенжарларды дайындаудан бастап, көмір қазу жұмыстарына дейін толық қамтиды. Нәтижесінде қауіп-қатерлер дер кезінде анықталып, алдын алу шаралары жедел қабылданады.

– Біздің шахтада басқа нысандардағыдай бейнебақылау жүйесі толық енгізілген. Қазіргі таңда жүйе толық көлемде жұмыс істейді. Бізде жеті забой бар, әрқайсында екі камерадан орнатылған. Сонымен қатар, адамдар жұмыс істейтін орындарда, материалды қайта тиеу және өткізу нүктелерінде қосымша камералар қойылған. Осы бейнебақылаулар арқылы забойды жұмысқа дайындау процесін, қазу барысын толық көре аламыз. Ең бастысы – жұмыстардың қауіпсіз әрі талапқа сай орындалуын бақылап, талдау жасауға мүмкіндік бар, – дейді «Қазақстан» шахтасының апатқа қарсы қорғаныс жөніндегі механигі Роман Жилкин.

Қорыта айтқанда, Qarmet қолға алған цифрлық жаңғырту жобалары – өндірістегі қауіпсіздік пен тиімділікті қамтамасыз етудің жаңа моделін қалыптастырып отыр. Жедел бақылау орталығы, аэрогаздық мониторинг жүйелері және жерасты бейнебақылау кешендері біртұтас цифрлық экожүйеге бірігіп, тәуекелдерді алдын ала анықтауға, жедел шешім қабылдауға және адам өмірін барынша қорғауға мүмкіндік беруде. Заманауи шешімдерді жүйелі енгізу арқылы компания өнеркәсіп саласында халықаралық талаптарға сай келетін қауіпсіз, ашық әрі тиімді өндіріс үлгісін қалыптастырып келеді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button