Бас тақырып

Қауіпсіздік қаперіңізде жүрсін

Былтыр тұрмыстық газ баллонының жарылуы бес рет қайталанған. Тұрмыстық газ қоспасының өртке орануы кәсіпорындар мен тұрғын үй секторында ауық-ауық кездесіп, жанымызды түршіктірмей, қалыпты жағдайға айналып жатқаны ойлантады. Өкінішке қарай, жазатайым оқиғалардың көпшілігі тұрғын үйде оқыстан орын алып жатады. Айта кетерлігі, газ баллоны отқа оранбай тұрып, ауа ағынымен жарылған күннің өзінде де адам айтқысыз қауіп төндіреді.

– Былтыр қаламыздағы Щорс көшесінде қосқабатты үйлердің бірінде осындай оқыс оқиға болды. Нәтижесінде газ бен ауа қоспасының жарылысы салдарынан пәтердің қабырғалары сетінеп, үй ішіндегілер зардап шекті. Шыны керек, ондай жағдайда үйдің іші жым-жылас боларлық қауіп бар екендігін, тіпті, жарылыс ауқымынан көрші-қолаң да едәуір зарар тартатынын қатаң ескертеміз, – деп түсіндірді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Әлішер Аманбеков.

Мұның барлығы қарапайым тұрмыстық газ аспаптарын пайдалану ережесін білмегендіктен өрістеп жатады. Газ құрылғылары мен арнаулы цилиндрлер жайлылық пен ыңғайлылықты қамтамасыз ететін көптеген отбасының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналғалы қашан. Тұрмыс құраушы зат болғандықтан, қарапайым адамдар қауіпсіздікті әсте қаперіне ала бермесі кәдік. Ресми түрде тұтыну себетінде жоқ болса да, оның коммуналдық ресурс ретіндегі орны бар. Заң қаншалық шектеу қойса, соншалық сұранысқа ие баллон әзірге ығысар емес. Оның үстіне тиісті жерге мезгілі жеткенде тапсырылуы тиіс қағидаларға бас ауырта қояр жұмыр басты пенде, әрі оны қадағалар жандар да сирек. Төтенше жағдай қызметі мұндай деректерді тексерейін десе, жекеменшік үйлерге кіре алмайды.

– Теміртау шаһары алтыншы шағынаудандағы бес қабатты тұрғын үйде газ баллоны жарылып, іле-шала өртке оранған. Алау алты шаршы метрді жайлаған. Үй ішіндегі екі ересек түрлі деңгейдегі жарақат алған. Балалар көміртегі тотығымен уланған. Отбасы мүшелерінің барлығы да емханаға жөнелтілді, – деп қосты Әлішер Асхатұлы.

Енді заңнамаға жүгінелік. Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңына сәйкес, тұрмыстық газ баллонды екі қабаттан жоғары үймереттерде қолдануға тыйым салынады. «Осындайда қосқабатты үйлерге рұқсат етілген газ жабдығы бес қабатты үйлерге неге рұқсат етілмейді?» деген тосын сауал туындары рас. Шынтуайтында, жарылыс жағдайында бес қабатты тұрғын үйлер ондағы отбасын да, мемлекет қорын да адам айтқысыз шығынға ұластыру ықтималдығы өте жоғары.

Не дегенімізбен, тұрғындар газ жабдығын үйінде тұтынуға мүдделі және астыртын тұтынып та жүргендігі белгілі. Мұны байқаған жандар дереу Назарбаев 39 мекенжайындағы тұрғын үй инспекциясы бөліміне, яки, 42-11-05 телефон нөміріне қоңырау шала алады.

Тағы бір ескерту. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 729-бабына сәйкес, газ жабдығына байланысты әлдеқандай тәртіп бұзушылық тіркелген жағдайда жергілікті атқарушы құзырлы мекемелер тиісінше хаттама толтыруға құқылы. Нақтылағанда, қауіпсіздікті қаперіне алмай, тұрмыстық газ жабдығын пайдаланған жан жеті айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалайды. Шағын кәсіпкерлік өкілдері – 10 АЕК, орта кәсіппен айналысатындарға – 15 АЕК, үлкен кәсіп тізгіндегендер 20 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

Тағы бір жағымсыз мысал. Жаңа жыл қарсаңында Саран қаласындағы үй отқа оранып, үй иелері баспанасыз қалған қайғылы жағдай да елдің есінде. Оқиға былай өрбіген. Тұрғын газ баллонын қоспас бұрын, цилиндрді авто-газ құю станциясында толтырып, онан соң жылытып алмақшы болған. Пештің маңында тұрған темір құты кеңейіп, қысымы күшейген. Нәтижесінде жарылыс шеңбері барак типті үйдің шарбағына дейін қамтыған. Бағына орай, өлім-жітім жоқ. Осыдан келіп, газ құрылғысын қолданбас бұрын арнайы мамандарға жүгінген абзал екендігін ескертеді аға инженер.

Газ аспаптарын мерзімді тексеру және оларға техникалық қызмет көрсету – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізі. Газ аспаптары өндірушінің нұсқауларына және қауіпсіздік нормативтеріне сәйкес орнатылуы тиіс. Газдың жиналуын болдырмау үшін үй ішінде жақсы желдетуді қамтамасыз еткен маңызды. Қолданар алдында цилиндрдің тұтастығына мән беріңіз. Цилиндрді жылу көздеріне жақын жерде сақтамаңыз.

Газ баллонын көлік станцияларында толтыру аса қауіпті. Өйткені, газ құтысына небары 80-85 пайыз көлемінде ғана толтырылғаны аса маңызды. Және ондай жерлерде газ жабдығының қауіпсіздігі тексерілмейтіні аян.

Азаматтық қорғау органдарының қызметі өкілдері өңірді жаппай газдандыру амалдары қауіпсіздік кепілі екендігін хабарлайды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button