Білім

Қауіпсіздік қаперде болсын!

Еліміздің жолдарында жыл сайын жол-көлік оқиғаларының саны, оның ішінде, балалардың қатысуымен болатын апаттар саны артуда. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы» деген еді. Сонымен қатар, жазда балалар демалыс орындарына, лагерьге, ауылға барады. Осындай кезде оларға қауіпсіздік шараларын қалай сақтауы қажеттігі туралы кеңінен мәлімет беру үшін Қарағанды қаласындағы №19 мектепте «Абай бол, балалар!» акциясы өтті.

Суретті түсірген автор

Акцияға мектептің жоғары сынып оқушылары түгел қатысты. Акцияны жазғы демалыс кезеңінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті облыс әкімдігі, полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып ұйымдастырды.

– Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы акцияны қолға алдық. Акция барысында оқушыларға жол жүру ережелерінің негізгі талаптары, өрт қауіпсіздігі ережелері, алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері және төтенше жағдай туындағанда қайда жүгіну, қандай шешім қабылдау, қалай әрекет ету керектігі көрнекі түрде қажетті құрал-жабдықтар және арнайы техникалар арқылы көрсетілді. Балалар жазда суға түсуге барғанда, самокатпен жүргенде және басқа жағдайларда қалай дұрыс жүріп-тұру қажеттігі жөнінде мол ақпарат алды, – деп атап өтті Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің прокуроры Сұлтанбек Акбар.

Дерекке сүйенсек, жыл басынан бері Қарағанды облысында 163 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 200 адам түрлі жарақат алған. Олардың ішінде 29-ы кәмелетке толмағандар болса, қаза тапқан 34 адамның арасында бір бала бар.

2023 жылы Қарағанды облысының әкімі бекіткен қаулысымен құқық корғау және уәкілетті органдар қызметкерлерінен тұратын жол-көлік оқиғаларының себептерін зерделеу, сондай-ақ, жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шаралар мен ұсыныстарды әзірлеу мақсатында ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған еді.

талған жұмыс тобының отырыстары нәтижесінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында әзірленген ұсыныстар негізінде жергілікті атқарушы орган автожолдардың аса қауіпті учаскелеріне қосымша жол белгілерін, бағдаршамдар мен бейнекамераларды орнатты.

Бір айта кетерлігі, шара барысында 5-11 сынып оқушыларына күнделікті өмірде жиі кездесетін қателіктер де көрсетілді. Атап айтсақ, телефонды қуаттағышқа қыстырып, ұйықтап қалу, тозығы жеткен тоқ шәйнекті немесе үтікті пайдаланып, қараусыз қалдыру сынды күнделікті өмірде кездесетін жағдайлардың салдарынан өрт болуы ықтимал екені мұқият түсіндірілді.

Одан бөлек, соңғы кезде терезеден құлап кетіп, ауыр жарақат алып немесе мертігіп жатқан балалардың да саны артуда. Осы жайттың алдын алу туралы да кеңінен ақпарат берілді. Мамандар терезеге балалар аша алмайтын жеке кілті бар құлып орнату қажеттігін айтады. Сонымен бірге, терезеге масадан қорғану үшін ілінетін торға күш салып сүйенбеу қажеттігі, оның бала салмағын көтермейтіндігі мұқият түсіндірілді.

Оқушылардың қауіпсіздік мәселесіне қызығушылығын арттыру үшін акцияда ойын элементтері мен арнайы костюмдер пайдаланылды. Балаларға арнайы қызметтердің техникасы да көрсетілді.

Оқушылар төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері ұсынған қауіпсіздік құралдарының қыр-сырымен танысты. Қалай пайдалану қажеттігін де жаттап алуға тырысты. Ес-түссіз жатқан адамға алғашқы көмек көрсету, суға шомылғанда құтқару желетін кию сынды көптеген ереже таныстырылды.

Сондай-ақ, адамның иісі арқылы тез тауып алатын ақылды итпен де танысып, балалар мәз болды. Демалуға шыққанда, сөмкеге артық жылы киім, қуатталған телефон, сулы майлық, тамақ қоры, фонар сынды ең қажетті деген бұйымдардың міндетті түрге салып шығу қажеттігі де айтылды.

Бұдан бөлек, оқушылар арнайы жол белгілері арқылы би билеп, ерекше қимыл-әрекеттер арқылы достарына жол ережелерін есте сақтауға болатынын ескертті.

Тіпті, балалар өрт сөндірушілердің арнайы техникасын пайдаланудың ережесімен де танысты.

Іс-шараның тиімділігін арттыру мақсатында оқушыларға алдын ала «Жол қозғалысы ережесін сақтаңыз!» тақырыбында «Жүргізушіге хат» жазу ұсынылды. Акциядан кейін бұл хаттарды полиция қызметкерлері көлік жүргізушілеріне табыстады. Көлік жүргізушілері бұл бастаманы оң бағалап, ұйымдастырушыларға алғысын жаудырды.

Акция соңында оқушыларға «Төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмдері», «Жазғы маусымда суда жүріс-тұрыс (тыйым) ережелері», «Жолда жүру ережесін ұмытпа», «Өртті болдырмау үшін», «Ашық терезенің қаупі» сынды пайдалы буклеттер таратылды.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button