Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы нені көздейді?
Былтыр «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. «Өндірістік жарақат алудың жиілеуі өте өткір мәселе болып отыр. Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауға тиіс. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек» деп нақты айтты. Сәйкесінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәселені пысықтап, Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын бекітті. Министрлік мәлімдегендей, тұжырымдаманы іске асыру жарақаттану деңгейін, еңбекті қорғау саласындағы құқық бұзушылықтар санын, еңбек жағдайлары зиянды әрі қауіпті жұмыс орындарының санын азайтуға септігін тигізбек.
Тұжырымдама мәні неде?
Тұжырымдама негізгі төрт бағытты қарастырады. Олар – тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту, жұмыс орындарында тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту, сондай-ақ, еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру. Құжат еліміздегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша проблемалық мәселелер мен еңбек әлеуетін сақтау саласындағы озық халықаралық тәжірибелерді талдау негізінде әзірленген.
Тұжырымдама Қарағанды сияқты өндірістік өңір үшін аса маңызды. Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы дерегінше, аймақтағы өндіріс ошақтарында 2023 жылы 130 жазатайым оқиға орын алған. Оның алдыңғы жылында 153 жазатайым оқиға тіркеліпті. Онда 233 адам зардап шекті, бұл 2022 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 29%-ға артық (2022 жылы – 180 адам). Қайтыс болғандар да өскен, 66 адам. 2022 жылы бұл 28 адам болған. Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі «Qarmet» АҚ (бұрынғы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ), «Теміртау электр металлургия комбинаты» АҚ, «Шұбаркөл көмір» АҚ сияқты ірі кәсіпорындарда тіркелгенін атап өту керекпіз.
Инспекцияда мәлімдегендей, талдау қорытындысына сәйкес, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері өндірісті технологиялық тұрғыдан жаңарту және жабдықтарды жаңғырту бойынша жұмыстың жеткіліксіздігі. Жерасты бейнебақылау жүйесін цифрландырудың қарқыны төмен. Біздегі сегіз шахтаның тек екеуі – «Қазақстан» және Күзембаев атындағы шахталарда ғана бейнебақылау орнатылған.
Ал, осы тұжырымдаманы іске асыру өндірістік жарақаттану деңгейін, еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар санын азайтуға сонымен бірге, зиянды және қауіпті жұмыс орындарының санын азайтуға ықпал ететін болады.
Бағыттардың бәрі қамтылады
Министрліктің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының Қарағанды облысындағы филиалы директоры Ардақ Омарова құжатқа қатысты пікірін білдірді.
– Бүгінгі күні тәуекелдерді бағалау маңызды мәселеге айналды. Жұмыс берушінің міндеті – жұмыс орнындағы тәуекелдерді азайту, жою. Ол үшін тәуекелді әуелі анықтау керек. Мысалы, жұмыс істеу қабілетінен айырылу тәуекелі. Оны бағалау әдістемесі бар, ол былтыр жаңартылды. Тәуекелді анықтау үшін жұмыс орнына сипаттама жасау керек. Кез келген жұмыс орнында ол сипаттама жасалып, зерттеліп, оның деңгейі көрсетілуі керек, – дейді ол.
Бұл ретте маман тәуекелдерді бағалау, зерттеу барлық жұмыс орнында жасалуы міндетті екенін алға тартты. Егер жұмыскер мен жұмыс беруші арасында еңбек келісімшарты жасалса, ол қатынас Еңбек кодексіне бағынады. Оған сәйкес екі тараптың міндеттері мен құқықтары бар. Ардақ Тілеужанқызы осы жайтты көпшіліктің білмейтінін айтып, қынжылды. Шағын кәсіпорындарда бұл міндеттемелер орындалмай жататынын мысалға келтірді. Оның пікірінше, тұжырымдама соның бәрін қамтуы тиіс. Жұмыс берушіні кәсіптік тәуекелді төмендету, еңбек жағдайларын жақсарту жөнінде шаралар қабылдауға экономикалық ынталандыруды көздейтін екінші бағытта сақтандыру бірінші айтылады. Бүгінгі таңда кәсіпорындардың тек 32%-ы ғана өз қызметкерлерін сақтандырып отыр. Көп жағдайда ол оқиға болғаннан кейін пайдаланылады немесе тіпті, қолданылмайды.
– Сақтандыру бағдарламалары барлық әлемдегідей алдын ала жасалуы тиіс, – дейді Ардақ Омарова. – Жазатайым жағдайлардан сақтандыру 2005 жылы енгізілген. Осы жылдан бері жұмыс берушілер өз жұмыскерлерін жасатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті. Көпшілігі бұл өндірістік орындарда ғана деп есептейді, бірақ, бұл барлық жұмыс орындарына қатысты. Әрине, денсаулыққа тигізер зияны көбірек жұмыс орындар бар. Десе де, жазатайым оқиғадардан сақтандыру барлық жерде болуы тиіс. Жұмыс беруші шығындарын өтейді. Бірақ, бізде жазатайым оқиғаны тергеу жүргізілмейді, өзара келісімге келіп жатады. Мәселен, мұғалім жұмыста құлап, аяғын сындырды делік. Оның біраз уақыт жұмысқа шыға алмасы анық. Бұл кезде оны кім асырайды деген мәселе ғой мұнда. Сақтандырылған болса, ол соманың 6 пайызын қайтарады. Жол-көлік оқиғасына тап болған көлік сақтандырылған болса, шығынды өтеп алу мүмкіндігінің бар болатыны сияқты, мұнда да келтірілген залалды өтеуге мүмкіндік бар. Сақтандыру компанияларына да қатысты өзгерістер болады.
Еңбекті қорғауды басқару жүйесіндегі әр маманды оқыту арқылы үшінші бағыт – кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту жүзеге асырылатын болады. Бұған дейін екі оқыту бағдарламасы қолданылып келсе, енді тұжырымдамаға сәйкес, жеті бағдарлама бойынша оқытылады.
– Еңбекті қорғауды басқару бойынша жалпы құзыреттілік және арнайы құзыреттілік бағдарламасының орнына 7 санатқа арналған бағдарламалар келеді. Жұмыс беруші, басшыға арналған, еңбек қауіпсіздігі қызметі мамандарына және басқаларға бөлек оқытылады. Оларды оқытатын мамандарға да талап күшейеді. Бұған қатысты 2015 жылдан бастап, бар ереже енді күшейе түседі. Оқыту мен білімді тексеру міндеттері бөлінеді. Оқытатын және оның сапасын тексеретін орын бөлек болады. Оқыттым деп белгі қойып, сертификатты оңды-солды таратқан ұйымдар өздері үшін жұмысты сапалы істеуге мәжбүр болады. Бақылау тұрғысынан да өзгереді. Сыртқы бақылау жүргізетін мемлекеттік еңбек инспекторлары қазіргідей жергілікті әкімдікке емес, министрлікке тікелей бағынышты болады. Бұл да бақылау сапасын арттыруға негіз болмақ, – дейді филиал директоры.
Талқылау мен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі
Қауіпсіз еңбектің негізгі индикаторлары – өндірістік жарақат пен кәсіптік аурулар көрсеткіштері. Олар, өз кезегінде, зиянды жағдайларда жұмыс істеудің салдары. Осыны ескере отырып, тұжырымдама аясында тиісті шаралар кешені іске асырылады.
– Бастапқыда жұмыс тобында болғаныммен, қызметімнің ауысуына байланысты белсенді араласа алмадым. Жұмыс тобына шахталардағы шаң, діріл, газдарды жарылысқа, отқа қарсы арнайы құралдармен өлшеу қажеттігі туралы ұсынысымды айттым. Ол тұжырымдамаға енді. 2000 жылдардың басында ол құралдар рұқсат етілген. Одан кейін нормативтік актілер шығып, ондай өлшем құралдары қолданылмай кетті. Негізі бұл құжат қажет. Онда айтылғандарды жұмыс орындарында іске асырсақ, жұмысшылардың жағдайы жақсарады, – дейді еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығының директоры Ертай Отаров.
Министрліктің дерегінше, тұжырымдама жобасын әзірлеу үшін министрлік жанындағы салалық ғылыми-зерттеу институтының базасында жобалық кеңсе құрылды. Құжатты әзірлеумен мүдделі мемлекеттік органдардан және әлеуметтік серіктестерден құралған 210 сарапшы маман еңбек етті. Десе де, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының бас техникалық инспекторы Андрей Лукин құжатты әзірлеуде теориядан гөрі, іс жүзінде айналысатын мамандардың пікірі жетіспейтінін айтады.
– Менің жеке пікірім, тұжырымдама біздің заңнамалық базаға сәйкес келмейді. Бірінші заңнамаға өзгеріс енгізіп, сосын тұжырымдама дайындау керек. Қауіпсіздік мәселесінде басты орында – адам. Бізде еңбек нормасын реттейтін, мына жұмыста осынша адам, мында мынша деп айтатын орталық жоқ. Қазір кез келген жұмыс беруші нормативті өзі өзгерте береді. Жұмыс берушіге төрт адамға емес, екі адамға төлеген тиімді. Бірақ, бұл сол екі адамның жүктемесі екі есе артық дегенді білдіреді. Мұндай жағдайда қауіпсіз еңбек қайдан болады? Жұмыс беруші жеке қорғаныс құралдарын қолдануға міндетті, бірақ, егер кем дегенде ең төменгі мемлекеттік стандарт бекітілмесе, олар жабдықтарды уақытында жаңартпайды. Әртүрлі мамандық иелерін бірдей киіндіруге болмайды. Мәселен, аккумулятор орнататын маманның жұмысы, іс жүзінде, денсаулығына қауіпті. Ол қышқыл сілтілерді қолданады, яғни, оған бет маскасы қажет. Тұжырымдамада берілген есептеуге сәйкес, оған қарапайым медициналық маска жеткілікті сияқты. Құжатта әр мамандықтың жұмыс ерекшеліктері ескерілуі тиіс. Сонымен қатар, тұжырымдама бойынша жұмыс орындарын аттестаттау алынып тасталады. Ал, аттестаттау нәтижесі бойынша еңбек жағдайы зиянды және қауіпті болып саналса, ондағы жұмыскерлерге қосымша өтемақы мен жеңілдіктер беріледі. Сонда жұмыскерлер қосымша қолдау шараларынан қағыла ма? – дейді Андрей Лукин.
Ардақ Омарованың айтуынша, жұмыс орындарын аттестациялау кезінде берілетін мүмкіндіктер тұжырымдамаға сәйкес тәуекелдерді бағалау нәтижесі бойынша енгізіледі.
– Жұмыс орнын аттестациялау – ескірген әдіс, оның орнына тәуекелді бағалау келеді. Жұмыс орнын аттестациялау аясындағы қызметтер мұнда да бар. Олар – келтіретін зиянды бағалау, жұмыс істейтін құрылғылардың жаңаруын бағалау, сондай-ақ, жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету формалары. Бұған аурушаңдылықты бағалау ғана енгізіледі жаңадан. Жұмыс орнын аттестациялау жоғалған жоқ, ол жаңарды. Оның өзегі жоғалған жоқ, ол маңыздырақ, нақтырақ бола түсті, – дейді Ардақ Омарова.
Қазіргі таңда тұжырымдама оны іске асыруға бағытталған ғылыми, әдістемелік және нормативтік-құқықтық негіз дайындау кезеңінде. Бұдан кейінгі екі жылда қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етудің қолданыстағы тетіктерін реформалау және түрлендіру кезеңі басталады. 2028-2030 жылдарға белгіленген үшінші кезеңде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесінің тәуекелге бағдарланған модельге көшуі бойынша түпкілікті өзгерістер енгізілуі тиіс. Тұжырымдаманы әзірлеушілер берілген уақыт ішінде зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарының санын азайту керектігін айтады. Сондай-ақ, 1000 жұмысшыға шаққанда өндірістегі жазатайым оқиғалар жиілігінің коэффицентін 0,30-ға дейін төмендету нәтижесіне қол жеткізу міндеті тұр.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz