Қауіп қайдан демеңіз…
Ел аман, жұрт тынышта балалар майып боп жатыр. Тал түсте терезеден құлаған баланы мына қоғам естіп отыр. Десек те, әлі есі түзу бір шешім шығарған жоқ. Мәліметтерді парақтасаңыз, жан түршігеді. Мәселен, 2021 жылғы деректе соңғы бес жылда елде 150 бала көз жұмыпты. Жас шамалары екі жас пен бес-алты жас аралығы. Мамандар бұл «нәубеттің» 2010 жылдан бері белең алғанын алға тартады. Осылайша жылына Қазақстан жүзден астам баланың жаназасын шығарады екен. Құйқаны шымырлатып, төбе шашты тік тұрғызатын ақпар.
Осындай қаралы хабар кеше тағы тарады. Дәлірек айтсақ, Қарағанды облысында тағы екі бала терезеден құлап кетті. Періштесі қақса керек. Түрлі ауыр жарақат алды. Әйтеуір, аман. Бұл арада тағы деп таусылуымыз тегін емес. Өйткені, бұл – біздің есебімізше, аймақта айналдырған бір жарым айдағы құлаған жетінші бала.
Қоғам неге қаперсіз?
Өйткені, мұнда басты жауапкершілік ата-анада. Өзі қайғыдан қан жұтқан әке мен шешені айыптау – адамшылыққа сыймас. Әйткенмен, есін білмейтін сәбидің қыршын қиылған өмірі ше? Айыптыны іздеуге себеп емес пе?
Негізі, Қылмыстық кодекстің 141 бабында «Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау» жауаптылығы қарастырылған. Бапқа сәйкес жаза салдарға байланысты тағайындалады. Егер жеңіл болса, айыппұл төленеді. Немесе екі жылға бас бостандығынан айырылады. Әрине, қай ата-ана баласын өлімге қияды? Дегенмен, бейқамдықтан бәрібір арылмай жүр.
Елде көпқабатты үйдің терезе түскірі қанша отбасын қара жамылдырғаны туралы нақты статистика жоқ. 2014 жылдан бері Ішкі істер министрлігі бұл жөнінде есеп жүргізбейді екен. Балалар жарақаты ретінде ғана тіркеледі. Қарағанды полиция департаментінде мұндай статистика жоқ боп шықты. Төтенше жағдай департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының еншісінде көрінеді. Яғни, бұл құқықтық негізде іс қозғалмайтынын көрсетсе керек.
Былтыр терезеден құлаған бала саны Қарағандыда 29 екен. Облыстың төтенше жағдайлар департаменті дерегінше, жыл басынан бері аймақта 11 баланы терезе ажалға апара жаздаған. Соңғы 2 айда қарабайыр есебіміз облыста 7 баланы санап шықты. Оның ішінде, екі жастағы бала осы мамырда көз жұмды.
Биылғы бірінші жағдай 19 наурызда Балқашта, одан кейін 29 наурыз Саранда, 23 сәуірде Қарағанды мен Балқашта, 9 мамыр Қарағандыда, ал алдыңкүні Теміртауда және Бұқар жырау ауданында орын алды. Небәрі бір жарым айдағы ахуал. Ал алда шіліңгір шілде. Қабатты үйлердің қапырықта қалатын шарықтау шегі әлі тумады. Терезелердің жаппай ашылуы енді басталады. Қауіп көбейеді. Нендей амал, қандай тәсіл бар?
Шындықтың жүзіне тура қарайық. Баланы балаға бақтыру деген «үрдіс» ежелден бар. Сол «үрдістен» ауыз күйіп, күлдіреп қалатындай болды ендігі. Себебі, осы «үрдіс» қайғыға жиі жетектеп әкеледі. Оны мойындау керек. Үлкендердің есі кірмеген баланы одан ересектеуіне тастап жүре берудің көбі көзге жас, көкірекке шер байлап жатыр.
Құрылыс компанияларына талап бар ма?
Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бар. Мемлекет басшысы құрылыс компанияларына қауіпсіздік нормаларын қатаң күшейтуді де міндеттеген-тін.
– Құрылыс нормаларында қауіпсіздіктің нақты параметрлерін күшейту қажет деп санаймын. Біз, әрине, құрылыс жағдайларын жеңілдетеміз. Бірақ, кейбір құрылысшылар мен кәсіпкерлер мұның бәрін теріс пайдаланады. Қосымша қауіпсіздік шараларын қолдану қажет. Балалардың терезеден құлауына алдымен, ата-аналар жауапты, әрі бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ету әкімдіктің міндеті, – деген еді Президент.
Одан соң Президенттің тапсырмасы құзырлы орындар тарапынан компанияларға тек ұсыныс ретінде ғана айтылды небәрі. Оның ешбір заңдық тетігі жоқ. Оған себеп – жоғарыда айтқанымыздай, баланың қауіпсіздігіне, әуелі, ата-ана жауапты. Нұсқаулық алған құрылыс компаниясының да оны мүлтіксіз орындайды деу де өтірік. Жүре тыңдайды. Күле шығарып салады. Заңда болмаған соң басын қатырып, босқа әуреге түспейді. Компаниялар үнемшіл. Бұл нұсқауды заңдық негізде бекітуге бола ма? Заңгердің айтуанша, ол мүмкін емес.
– Қазір құрылыс компанияларына ұсыныс ретінде айтылып жатыр. Әйткенмен, оның орындалуын қатаң қадағалаған ешкім жоқ. Немесе олардың жобаларында мұны міндетті етіп қою керек секілді. Сондай-ақ, үйді қабылдағанда терезе қауіпсіздігіне назар аударылуы тиіс. Ендігі мәселе бұрынғы ескі үйлердегі қауіпсіздікті қайтеміз? Бұған атаана ғана жауапты. Ата-ана балалы болған соң оның қауіпсіздігін ойлауға міндетті, – дейді заңгер Көкеш Кәріғұлқызы.
Ескерту есепті азайта алмай тұр
Пластик терезе салатын кәсіпкерлер жаз шыға жалпы тапсырыстың көбейетінін айтады. Қорғаныс бекіткіштерді орнатуға да өтініш арта түсетін көрінеді. Тіпті, «жау кеткен соң қылышын тасқа шабатындар да» бар екен. Ата-аналардың кейбірі жазатайым оқиға орын алған соң ғана опық жеп, орнатады екен. Әлбетте, «ештен кеш жақсы» не десек те.
– Кейінгі кезде қауіпсіздік бекіткіштеріне тапсырыстар жиі. Бағасы аса қымбат емес. Жылдам орнатылады, – дейді жеке кәсіпкер Владимир Воронов.
Оқиға орнына бірінші боп баратын төтенше жағдайлар департаменті жалпақ елді ескертуден кенде емес. Кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауды жақтары талмай жұрттан сұрап-ақ келеді. Терезелерге арнайы бекіткіштер орнатуды да өтінеді. Тек тыңдар құлақ кем.
– Балалардың терезелер мен балкондардан құлауына жол бермеу үшін қараусыз қалдырмау керек. Бала терезенің алдына шыға алмайтындай етіп, жиһаздың барлық түрін терезенің жанынан алып тастау қажет. Москит торы құлаудан қорғануға арналмаған. Сонымен қатар, терезені бірнеше сантиметрден артық ашуға мүмкіндік бермейтін арнайы бекіткіштер орнатылуы тиіс. Егер бекіткіш құрылғы орнату мүмкіндігі болмаса, терезенің тұтқасын алып тастап, оны тек қажет жағдайда қолдану керек, – дейді ТЖД баспасөз хатшысы Жанна Дәуренбекова.
Терезе екі жас пен жеті жас аралығындағы балаларға қауіпті екенін айтады мамандар.
Балаларды сақтаңыздар!
Жаманатты шақырғымыз келмейді. Десек те, бұл мәселе жеке отбасынан шығып кетті. Бүтін қоғамның проблемасы деңгейіне көтерілді. Олай болса, қоғам бұның алдын алу үшін, тоқтататын шешім шығару үшін басын тасқа да, тауға да соғуа тиіс-ті. Әйткенмен, ондай қадам күні бүгінге дейін толық жасалмады. Ендігі де оның қанша өзекті өкінішке өртерін бір Құдай ғана біледі. Бар айтар – балаларды сақтаңыздар! Әзірге басқа дәрмен жоқ.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz