Ауданымыз – алдыңғы орында
Жалпы, былтырғы жылы да бюджеттің орындалысы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешені мен шағын бизнесті дамыту, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, жұмыссыз азаматтарды, жастарды жұмыспен қамту бойынша ауқымды жұмыс атқарылды.
Осындай іргелі істердің нәтижесінде, Қарқаралы ауданы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша аудан, қалалар қатарында бірінші орынға шықты.
Өнеркәсіп саласында жоспарлы жұмыстар жүзеге асты. Саладағы өнімнің көлемі 3567,9 млн. теңгені құрады. Индустрияландыру картасына «Көктасжал» мыс кен орнында тау-кен кешенін салу және пайдалану» жобасы мен «Алайғыр кен орнында полиметалдық кендерді өндіру және қайта өндеу» жобасы еніп, «Алтайполиметаллы» кәсіпорыны іске қосылды.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының тиісті бағыттары аясында әлеуметтік сала, білім, денсаулық, мәдениет салаларындағы көрсеткіштеріміз айтарлықтай болды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының үш бағыты бойынша тиісті жұмыстар жасалып, жоспар артығымен орындалған.
Ауыл шаруашылығы саласында да елеулі алға басушылықтар бар. Бұл саладағы өнімнің көлемі 23 221,9 млн. теңгені құрады. Жоспар 120,8%-ға орындалды. Сүт, ет, сол сияқты жұмыртқа мен жүн өнімінің көлемі де артқан.
Ірі қара мен жылқы саны өсіп, «Сыбаға», «Алтын Асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша жүйелі жұмыстар жалғасын тапты.
2016 жыл бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15 798,7 млн. теңгеге жетіп, жоспар 105,2%-ға орындалды. Барлық инвестиция көлемінің 10,1 млрд. теңгесі «Алтайполиметаллы» ЖШС-ға тиесілі.
Сайып келгенде, ауданымыз бекітілген жоспарлар мен тиісті міндеттерді бағындыруда оң көрсеткіштерге қол жеткізіп, биік межеден көрініп отыр.
Сағыныш Әбілова
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.