Тұлға

АТЫНА САЙ АЗАМАТ

Жаны сұлу адам жан-жағына жылу себер емес пе! Біз білетін бұл кісінің кім-кімді де баурап алатын тартымдылығы содан ба дерсің. Жүріс-тұрысының өзі көзге сүйсіністі түсіп тұратын ол бір қарағанда аса салмақты, салқынқандылау көрінгенмен көңілі жарасқанға ашылар пейілі шексіздей.

Жақсылық Елеусізов! Облысқа белгісіз есім емес. Әсіресе, Нұра, Осакаров аудандары аймағына жап-жақсы танымал. Бүткіл өмір, еңбек жолы осы өңірлер өсіп-өркендеуімен тығыз байланысты өрбуі соған бөлеген. Бір жағынан жұртқа өнеге етілген бекзатты сырбаздық, келісті кербездік міндетке жауапкершілік пен адалдыққа жарасым тауып, абырой асқақтатқан, мәртебе биіктеткен. Көп жылдар бойы мал шаруашылығының бел ортасындағы істе бола жүріп жұмыста үсті-басына қылшық қондырмаған сыпа сипаты ел аузындағы әңгіме әлі де.

Өнеге демекші, Қайып Айнабеков, Абдолла Асылбеков, Сәкен Сейфуллин жары Гүлбаһрам апамыз, Бүркіт Ысқақов, Сауық Тәкежанов сынды асылдарды жаратқан топырақта туып-өскен еді. Осы аяулы адамдардың көзін көріп, үлгісін үкілеген әкесі Тоймағамбет, анасы Нәзипа берекелі шаңырағына тән мұнтаздай тазалықтан, әдемі сәнділіктен сіңген қасиет деп айтуға болар мұны. Жемісті еңбегі арқасында Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатысқан, бір өзі бір шежіредей болып тоқсан жастан асып барып дүниеден өткен Тоймағамбет әкей ел ақсақалы, Нұра жұртшылығына сыйлы есім Дүйсебайдың Қасымының қарындасы Нәзипа шешей айналасы бәріне қамқор кең жүрегімен, ақылгөйлік даналығымен ел анасы атанған кісілер-тін.

Ол еңбек жолын Целиноград ауыл шаруашылық институтын бітіргеннен кейін «Маржанкөл» бөлімше зоотехнигінен бастады. Бұрыннан да оншалықты таңсық емес істе жас маман ретінде нағыз ысылу мектебінен өтіп, адамдармен жұмыс істей білудегі ұйымдастырушылық қабілетін ұштауы әрі қарай қанат қатайтуына мықты тірек қалады. Ал “Восход”, “Заря” кеңшарларының бас зоотехнигі кезінде мүмкіндікті ұдайы дамытып әкететін талапшыл басшы екені танылды. Сондықтан, Молодежный аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі болып тағайындалады. Ол уақытта аудан жаңадан ашылып жатқан болатын. Білікті маман аз, мал басын сақтау, өсіру іс-шаралары шаш етекте уақытпен санаспай еңбек ету жеңіл болмады. Негізінен көкөніс, картоп егуге бейімделген ауданды мал шаруашылығы саласына да басымырақ көңіл бөлуге ұмтылдырды. Осылайша іске үлкен талпыныспен кірісіп, табандылықпен жалғастыру аймақтың мал шаруашылығы жағынан да озаттар қатарына қосылуына ықпалын тигізді.

Өзі де бастамашыл, талапшыл басқарма басшысы М.Шаекиннің қамқорлығы аясында жұмыс істеу жігер жанып, белсенділік күшейтті. Жаңашыл, ізденгіш мамандарға деген қолдауы бөлек, ықыласы кең Михайл Шаяғзамұлы кадрды таңдай, іріктей білуші ретінде ортақ іске бас мал дәрігері Абдолла Төребеков, бас есепші Мирасбек Махатов, бас инженер Қазақстан Ахтанов ,бас агроном Файк Фазилянов сияқтылы іскер мамандарды жұмылдырды. “Жас келсе іске” деген. Өңкей осындай алғыр азаматтарды алға ұмтылдыру арқылы аудан экономикасының бар саласы оң өзгерістерге бет түзеді.

Ж.Елеусізовтің бұдан кейінгі еңбек ізі тереңдеген орны “Донской” және “Қазақстан” кеңшарлары. Мұнда да шешімін күтіп тұрған мәселелер мен қиындықтарды жүзеге асыруға дағдысынша белсене араласты. Диқандарға қарағанда малшыларға енжарлық көзқарас тағы алдынан шыққанда жайбарақат қарап қала алмады. Өзіне бір табан жақын еңбеккер қауымның мүддесін қорғау мен қамқорлық жасаудан аянбай жұмыс, тұрмыс жағдайларын жақсартуға күш салды. Мал өнімдерін арттыру тәсілдеріне озық әдістер кеңінен енгізілді. Соның арқасында ет пен сүт өндіру жөнінен аудандағы, қала берді облыстағы таңдаулы шаруашылықтар сапынан көрінді. Одан соң ауыл шаруашылығындағы құрылымдық өзгерістер, өтпелі кезеніңде алғашқылардың бірі болып, жеке қожалық құрды. Жерлестерін жаңа істі үйренуге жол бастады. Туған ауыл Шұңқыркөл қайта тартып, зейнетке шыққанға шейінгі он жылда мемлекеттік ветинспектор және статистика бас маманы ретінде қалаулы кәсіптен қол үзілмеді.

Жақсылықты бала кезден білемін. Біраз жылдар бір салада қоян-қолтықтаса еңбек еттік. Қай буында да болмасын қажырлы қызметімен, іші-сырты мәдениеттілігімен өз ортасына қадірлі бола білді. Ісіне нық беріктігі, жоғары жауапкершілігі бәрімізге үлгі тұтылды. Тәлім-тәрбиесін алған ізбасарлары болсын, біз болайық ұлағатты ұстаз, тұғырлы тұрғылас ретінде мақтаныш санайтын азамат. Әлі де сыры кетсе де, сыны кетпеген қалпында қалуын тілейміз, – дейді байырғы әріптесі Садуақас Тамашинов.

Зымыраған уақыт-ай десеңізші. Алпыс алыс, жетпіс жер түбінде көрініп жүруде Жақаңның өрелі белеске көтеріліп отыруын аңдамай да қалыппыз. Жақсы қартаю бір ғанибет болса, соған жетуге бұйыртуды зор мерей санайды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондыруға жазған өмір сыйын бақыт тұтады.Жарысып, асыр салып немерелер өсіп келеді. Үлкені азамат қатарына қосылған, кішісі тәтті қылықты бүлдіршін бүгінде мәуелі бұтақты шаңырақ шаттығы.

А.Несіпбай.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button