Аты аңызға айналған өнер ұжымы
Ақтоғайлық «Тоқырауын толқындары» 13-15 қыркүйекте Түркия елінің Анталия қаласында өткен Йөрүк-Түркімен фестивалінде өнер көрсетіп қайтты. Бұл – жарты ғасырлық тарихы бар халықаралық, фольклорлық ансамбльдің шетелде алғаш рет өнер көрсетуі. Аты аңызға айналған өнер ұжымы бүгінде қазақ халқының мерейін өсіріп, мәртебесін арттырып жүр.
Әлем елдеріне ұлтты танытып жүрген «Тоқырауын толқындарын» жерлестері әсем әнге салып, шашу шашып, Кеншілер мәдениет сарайының төрінде қарсы алды. Ұлт дәстүрін, тарихын, мәдениетін дәріптеген өнер иелері ерекше қошеметке бөленді. Кездесу барысында фестивальдің қалай өткені жайлы, ондағы түркітілдес халықтардың салт-дәстүрі өнерпаздардың алған әсері жөнінде әңгіме өз жалғасын тапты.
«Тоқырауын толқындары» ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі қатысушысы Әлібек Имашов өз ойын білдірді.
– Дүниежүзілік түркі халықтарының фестивалі үшінші рет ұйымдастырылып отырғанымен, Қазақстан алғаш рет қатысты. Фестивальге «Тоқырауын толқыны» ансамблінің қатысып, өнер көрсеткені біз үшін – мәртебе. Әлем елдеріне қазақ халқының ұлттық тағамдары мен киімдерін, салт-дәстүрін паш етіп, еліміздің мерейін асқақтатып келдік. Сонымен қатар, 20 елден қатысқан ұлт өкілдерінің салт-дәстүрімен етене танысып қайттық. Біз бұл фестивальде Тәттімбеттің «Көкейкестісін» күмбірлетіп, халық композиторларының әндерін орындадық, – дейді Әлібек Имашов.
Келесі сөз кезегін Ақтоғай ауданының мәдениет бөлімінің басшысы Қанағат Асылбекқызы жалғастыра кетті.
– Бұл барша түркі халықтарының бірігуіне себеп болған, ауқымды маңызы зор фестивальдің бірі болды. Біздің ансамбльдің басты ерекшелігі ұлттық киімінде болды. Барлық түркітілдес халық өкілдері таңқалып, ұстап, тіпті киіп те көріп, суретке де түсіп жатты. Оның ішінде, сәукелеге деген сұраныс пен қызығушылық басым болды. Кештің көзайымы болған киіз үй, оның ішіндегі, ою-өрнектерімен құрылысы өзге ұлт өкілдеріне ерекше әсер қалдырды. Фестиваль әрбір халықтың ұлттық құндылығын, мәдениетін жоғалтпай көрсете отырып, болашаққа мұра ретінде қалдыру, жастарға насихаттау мақсатында өтті, – дейді Қанағат Асылбекқызы.
Елу жылдық тарихы бар «Тоқырауын толқындары» үшін бұл сапар ерекше әрі рухани, мәдени құндылыққа бай тарихта қалар сәт болды. Шетел, шекара асып, ұлт намысын қорғаудың өзі – үлкен ерлік.
Аружан СЕРІКБАЙ.