Қатер қайда демеңіз…
Қарағанды – «қызыл аймақта». Коронавирус белең алып бара жатыр дегенімізбен, ата-аналар жұмысында, балалары – мектепте. Алаңдататын да осы мәселе. Қарағандылық ата-аналар балаларының оқуын аралас форматта жалғастыруынан қауіптенеді. Биліктің қоғамдық орындар жұмысын шектеп, керісінше, мектептердің жұмысын жандандырған әрекеті түсініксіз.
Облыс эпидемиологтарының мәліметінше, Қарағанды облысында оқу жылы басталғаннан бері барлығы 953 оқушы (оффлайнда – 609, онлайнда – 344) ауырған.
1 сәуірден бастап облыста мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының, оның ішінде топтағы балалар саны 25 адамнан аспайтын шағын орталықтардың қызметі қайта жанданғанын ескерсек, «қызыл» аймақта орналасқан Қарағанды, Приозерск, Шахтинск және Ұлытау аудандарының балабақшаларында кезекші топтар ғана жұмыс істеуде.
– Оқушылар сабағын қашықтан оқи бергені дұрыс еді. Қаламыз қазіргі таңда «қызыл аймақта» болса да мектепке барып оқып жүрген оқушылар бар. Олар карантиндік ережелерді сақтамайды, сондай-ақ, мектепте бетпердесіз жүреді. Білім ошақтарына дезинфекциялық жұмыстар жиі жүргізілмейді. Осының бәрі оқушылардың вирус жұқтыруына алып келеді. Оның алдын алу керек, – дейді қарағандылық ана Айгүл Серікқызы.
Қазіргі таңда облыстағы 505 мектепте 204 499 оқушы білім алуда. Дәстүрлі форматта оқуды құрамында 300-ге дейін оқушысы бар, сыныпта 25 адамнан аспайтын 279 мектеп жалғастыруда. Дегенмен, білім басқармасының мамандары басқа қаладан келген балалар өз ата-аналарының қалауы бойынша оқуды қашықтан білім алу форматында жалғастыра алатынын айтады.
– Оқу процесі «бір сынып – бір кабинет» қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Сабақтың ұзақтығы – 40 минут, санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізіледі. Балалар сабаққа ұқыпты және ыңғайлы киіммен қатыса алады. Мектеп формасы міндетті емес. «Жасыл» және «сары» аймақтардағы дәстүрлі оқыту форматымен білім беретін мектептерде оқушылар өз сыныптарында бетпердесіз жүре алады. Әр мектепте ыңғайлы кесте жасалғандықтан, сабақтар арасындағы өзгерістер әр түрлі уақытта ұйымдастырылған, – дейді облыстың білім саласының мамандары.
Ахуалдың күрделенуін алға тартып, облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандарына «Қызыл аймақтың» оқушылары неге қашықтан оқуға ауыспайды?» деген сауалды жолдаған едік.
– ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, егер аймақтар коронавирустық инфекцияның таралу қарқыны бойынша «жасыл» және «сары» аймақтарда болса, онда барлық оқушылар оқытудың аралас фор- матына көшеді, онда пәндердің 70%-ы штаттық режимде өтеді. Ол математика, тілдер, физика, химия, тарих, география, биология, дене шынықтыру пәндері. Ал қалған 30% қашықтан өтеді. Оған информатика, құқық негіздері, өзін-өзі тану, көркем еңбек, графика және жобалау, кәсіпкерлік пен бизнес негіздері кіреді. Сыныптардағы балалар саны 25 адамнан аспауы тиіс. Вирустан қорғану жолдары балаларда да, ересектерде де бірдей. Ең бастысы, карантин талаптары мен санитарлық-эпидемиологиялық сақтық шараларын қатаң түрде сақтау керек. Адамдар көп шоғырланған жерге бармаған дұрыс. Санитарлық арақашықтықты сақтау арқылы вирустан қорғана аламыз. Бетперде тағып жүру керек, – екенін алға тартты.
Аяулым СОВЕТ