Атбегі Анатолий
Анатолий Гуреевті шеттік ағайын аса біле бермейді. Ал, «Төлеген» десеңіз, Арқа атырабына танымал. Өйткені, жаны да, болмысы да, жүрегі де қазақ. Шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Өзі аламанға ат қосады. Ауылына жанашыр азамат.

Әлихан ауылының кәсіпкері даласына төрт түлігін өргізген. Осыдан бірнеше жыл бұрын Төлеген шаруашылығына асыл тұқымды 70 ақбас сиырын сатып алыпты, одан өскен ірі-қара саны қазір 300-ге жетіп артылады. «Сиыр малының ішіндегі қоңдысы, Арқаның шымыр аязына оңдысы осы» дейді өзі. Сиырдың бұл түрі әрі етті, әрі сүтті келеді. Сүтінен ірімшік жасап, айран ұйытады, құрт қайнатады. Келіншегі Айсұлу Санджиеваның үйге көл-көсір табыс әкеліп отырған кәсібі бұл. Сүт өнімінен шаруашылығының шығынын өтеп отыр.
Төлегеннің үйіндегі бал қымызға елдің бәрі үйір. Жары екеуі қымыз баптаудың технологиясын терең меңгеріп алған. Қымызы жаз бойы жарнамасыз да өтеді. Осылайша, шаруасын дөңгелетіп отырған отбасының берекесінің де, байлығының да кілті – есіл еңбекте.
Анатолийді алғашқыда ауылдастары «Толик» деп атапты. Кейін қазақтың сары баласына айналғанын аңғарған ел-жұрт «Төлеген» деп, ат қойыпты.
Төлегеннің әкесі – орыс, анасы – әзірбайжан ұлтынан. Ал, Анатолий, жүрегім қазақ деп соғады дейді. Оның қазақы тәрбие алып, елдің баласына айналуына белгілі атбегі, сыншы Жолдыбай Кенжеғұловтың үлесі бар екен. Анатолий ол кісіні «екінші әкемдей еді», деп ардақтайды. Жолдыбай сыншы өмірінің соңында шәкірттеріне ауылының бәйгетөбесіне жерлеуді аманаттап, «Сендердің ат жүгірткендеріңді анау биіктен бақылап жатайын», депті. Төлеген әр жұма сайын сол биіктегі ұстазының бейітіне барып, құран оқуды дәстүріне айналдырған.
Алты жасынан ат жалын тартып мінген Анатолий да ұстазы секілді ат сыншысы. Бала кезінен көрші үйіндегі биекүркеде тұрған жылқылардың жалына жармасып мінгенін, сауын биелерді талай үркітіп алып, таяқ жеген тәтті кездерін қызықтап айтады. Содан өзі де асау ауыздықтап, бәйгеге шауып өседі. Жолдыбай ақсақал бала Төлегеннің бойынан ат жарата алатын қабілетті байқап, бекзада өнерге баулиды. Алғашқы бәйгеге қосқан «Айсұлу» екен. Бие құлындаған түні ай жап-жарық болыпты. Және құлынның маңдайында айдың таңбасы бар екен. Содан өзі атын қояды. Өз дәуірінде бәйгенің алдынан келіпті.
Келіншегімен алғаш танысқан сәті де езу тартқызады. Анатолий есімінің Айсұлу екенін естігенде еріксіз күліп жіберіпті. Сонда Анатолий оған «Сен менің екінші Айсұлуымсың» дегенде, келіншегі абдырап, түсінбей қалыпты. Сонда Төлеген «Өзіңмен аттас сұлу сәйгүлігім бар» деп жүрегін басқан екен.
Сөйтіп, Төлегеннің бойынан бекзадалықты, азаматтықты аңғарған Айсұлу сол үйге келін болып түсіп, босағасын бақытқа бөлейді. Төрт бірдей сары домалақты дүниеге әкеліп, оларға да қазақы тәрбие береді. Құдай көп ұзатпай тағы да үш бала береді. Жары Айсұлудың жақын жұрағатындағы бір отбасының әке-шешесі алма-кезек дүниеден өтеді. Содан қараусыз қалған үш баланы жетімдер үйіне өткізгелі жатқанда Төлеген тоқтау салып, өз қамқорлығына алатынын айтыпты. Сөйтіп, өз балаларынан оларды кем көрмей өсіреді. Қазір Төлеген мен Айсұлу – ата мен ене. Асырап алған Жәлила есімді қыздарын қазақы дәстүрмен құтты орнына қондырған. Шаттықты шаңырақта тағы да сәбидің былдыры естіледі. Осылайша, сегіз баланың әке-шешесі бақыттың құшағында.
Төлеген – ауылының жанашыры, атымтай азаматы. Қашан да қайырымды істің қасында жүреді. Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға үнемі қарайласады. Барын басып емес, шашып жейтін болмысы байырғы сақилардай.
Өзі секілді ауылының баласы тай жаратып, бәйгеге қосыпты. Содан әлгі тай шашасына шаң жұқтырмай, қара үзіп келе жатқанында аяғы мертігеді. Әлгі бала қатты қапаланып, жаны ауырса керек-ті, екі-үш күн ас ішпей, бөлмесінен шықпапты. Осыны естіген Төлеген атқорасындағы өзі баптап отырған жүйрік тайды жетектеп апарып, сыйға тартыпты. Бұл мәрттігі ел аузында аңыз болып, біраз уақыт жүрген еді. Міне, Төлеген осындай жылқы мінезді жігіт.
«Жасыратыны жоқ, өз ұлтымның дәстүрін біле бермеймін. Жаным да, жүрегім де қазақ деп соғады. Мені қазақ қылған ол бәйгеге деген махаббатым. Атбегі Жолдыбай ағаның өнегесін көп сіңірдім. Әкем де, анам да – қолымда. Балаларым – бақытым. Ұлдарым да шабандоз. Бір ғана арманым бар. Азаматтарым қазақтың жанындай болған аламаннан алыстамаса екен», дейді атбегі, атымтай жомарт Төлеген.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»