АймақШет

Атамның ерлігі

Шет ауданының оңтүстік-­шығысында, аудан орталығынан отыз шақырымдай жерде орналасқан Кеншоқы ауылы 1965 жылы Нұра, Байназар бөлімшелері негізінде Кеншоқы совхозы болып құрылған. Биыл ауылымызға – 60 жыл.

Сурет автордан

Мал өсіру, егін егу шаруашылықтарымен айналысатын ауылда бүгінгі күні 200-ден астам шаңырақ бар. Он бір жылдық Нұра орта мектебінде 200-ге тарта оқушы оқып, 40 шақты мұғалімдер қызмет етеді.

Өр ауылда өнерлі жастар, мықты спортшылар, атақты жазушы, журналистер шыққан.

Осы Кеншоқы ауылында, 1986 жылдың маусым айы, егін егу науқаны аяқталып, шөп шабуды бастауға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде оқыс оқиға орын алған екен. Совхоздың орталығында орналасқан МТС-те (Машина-трактор станциясы) жанар-жағармай таситын автокөлігіне дәнекерлеу жұмыстары жүргізіліп жатқанда, абайсызда от тұтанып өрт шығады. Өрттің салдарынан жанар-жағармай таситын автокөліктің сұйық отынды цистернасы жарылады.

Түскі ас кезінде шыққан қатты дүмпуден ауыл адамдары селк етеді. Өрт шыққан жаққа ауыл тұрғындарымен бірге атам мен әжем балалары Қайыржан, Мейіржан (менің әкем), Айдын тұра жүгіреді. Елдің бәрі абыр-сабыр. Үстіндегі киімі жанған дәнекерлеушіні көріп үрейленген тұрғындар. Көлік жарылса мертігесіңдер деп балаларды шегіндіріп жүрген үлкендер.

Жанып жатқан көлік кабинасының ашық тұрған есігін көрген атам, кабинаға қарғып мінеді де, кілтті ашып, бірінші кезекте бактағы бензиннің мөлшерін қарайды (бактағы бензин толық болса, бірден жарылмайды екен). Осыны байқаған атам көлікті от алдырып, ауыл шетіндегі Нұра өзеніне жеткізуге мүмкіндігі барын ескереді. Жанып жатқан көліктің орнынан қозғалғанын көрген жұрттың зәрелері кетеді. Жүріп бара жатқан көліктің ішінен атамды көрген әжем «Өлді-ау Рақыш!» деп айғай салады. Анасының қасында тұрған 14 жастағы Айдын ағамның қолындағы шелегі жерге түсіп, талып қалады. Оты жалындап, өзенді бетке алған көліктің соңынан ауыл тұрғындары да жүгіреді.

Атам екпіндете келген көліктің жылдамдығын түсірмей өзен ортасына түсіп, ағысқа қарсы жүріп барып тоқтайды. Көліктің бел ортасынан асатын өзен суы шашырап, жанып жатқан отты лезде басып қалады да от сөнеді. Сол жылы әскери борышын өтеп келген Қайыржан аға велосипедпен өзенге елден бұрын жетеді де, аман-есен сәл жымиып жағаға шығып келе жатқан әкесін көріп, құшақтай алады. Атам өзі де қатты қорқып кетсе керек, түрі бозарып, күн ұзақ үнсіз қалыпты.

Қалың техниканың ортасында жанып жатқан көлікті алып шықпағанда, келтіретін залалы айтпаса да түсінікті. Кезіндегі саясаттың немесе ішкі тәртіптің әсері болар, бұл оқиға ауыл арасынан ұзамай бірте-бірте ұмытыла бастайды. Атамның өзі де көзі тірісінде бұл жөнінде көп қозғағысы келмейтін.

Атам Рақыш Жүнісов 1940 жылы қаңтар айында Кеншоқы ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке ерте араласып, төрт түліктің де, техниканың да бабын жақсы меңгерген. Совхоз кезінде жылдың төрт мезгілінде бір тоқтамайтын ауыл еңбегіне етене араласып, көктемгі егісте жер жыртып, жазда шөп шауып, күзде егін жинаса, қыстай басқарманың жылу жүйесіне жауапты болған.

Бойы сұңғақ атам спортқа да бейім екен. Волейбол ойынынан ауылдың намысын қорғаған. Боз кілемге де шығып, талай мықтымен белдескен. Бір додада қарсыласы аяғын сындырып алған соң күреске көп жуықтамапты. «Кел, күресейік» дегендерге «Бірінші қолхат жаз, бір жерім мертіксе, кінә тақпаймын деп» дейді екен. Әдеби кітап, журналдарды көп оқығаннан болар, атам ақын, жазушылардың өлеңдерін, олардың өміріндегі қызықты оқиғаларын жатқа айтып отыратын. Әсіресе, орыстың белгілі жазушысы А.Бектің Бауыржан Момышұлы туралы жазған «Арпалыс» («Волоколамское шоссе») повесін ұнататын.

Бес ұл, екі қыз туып өсірген атам мен әжем совхоз тараған жылдары жеке шаруа қожалықтарын құрып, Кеншоқы ауылының жанындағы «Жас қанат» елдімекенінде мал шаруашылығымен айналысты. Бүгінде балалары ер жетіп, отбасын құрып, әрқайсысы өз жолдарын тапқан.

Кеншоқы ауылының үлкен-кішісі «Әтәй» деп атап кеткен атам 2017 жылдың 11 қаңтарында, мен 12 жасқа толып жатқанда дүниеден өтті. Араға үш жыл салғаннан кейін әкем де өмірден озды. Қазір сол «Жас қанатта» әжем, анам, ағам Жасұлан және мен ата кәсібімізді дөңгелетіп, шаруашылықпен айналысудамыз. Саналы ғұмырын елдің дамуына, туған жердің өсіп-өркендеуіне арнаған атам мен әжемді үлгі тұтып, ерен еңбектерін мақтан етемін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауы барша еңбек адамдарына шабыт бергендей. «Еңбек – бәрін де жеңбек», яғни, маңдай тердің жемісін әлі де талай көре беруімізді нәсіп етсін!

Аслан РАҚЫШ
Шет ауданы

Басқа материалдар

Back to top button