Атама арнаған аз сөз
Атам туралы, жазушы Өмір Кәріпұлы жөнінде айтпақ ойымды «аз сөзге» сыйдырамын. Көп айтуға тілім жетпейді. Бұл кісі мұғалім болған ғой. Сөзі майда, жұмсақ кісі. Бізге, немерелеріне еміреніп тұрады. Атамның жазушылығы жөнінде тереңдеп айта алмаймын. Бар жазғандарын түгел оқыған жоқпын.
Тілі бейнелі, ойы терең, жайдақ оқырманға алдыра қоймайды. Туындыларының көркемдігі мейлінше кестелі келеді. Кітаптарының кейіпкерлері – шетінен аңыз адамдар. Қазақ халқының абыздары – Асан қайғы, Жиренше шешен, Қожанасыр, Атымтай-Жомарт, Алдар көсені жазады. Мектеп оқулығына енсе ғой осы әңгімелері…
Басқа да әңгіме-хикаяттарында ақын Сәкенді, күйші Тоқа мен Әбікенді бейнелейді. «Қайран ел» повесі Абылай ханның күйшілігіне арналған. Бұл шығармаға менің тісім батпады. Бізбен көрші тұратын ұстаз апайға оқытқан едім. «Сенің атаң Абылайдың хан тұқымынан екенін дәйектеп шыққан екен. Мейлінше кең тынысты көркем туынды» деп қуантып тастады.
Атамның осы Абылай ханға арнап жазған тарихи хикаятына әдебиет сыншылары бағасын берсе деген тілегім бар. Университетте маған сабақ берген әдебиетші ғалым Жансая Жарылғапов өткенде атамның шығармашылығы жөнінде: «Сенің атаң – қазақ прозасына ұлан-асыр лиризм дарытқан шебер жазушы», – деп төбемді көкке жеткізді.
Атам – кесек шығармалар туындатқан жазушы. «Бұрқақ» (1991 ж) романы соғыс тақырыбына жазылған екен. Ол шығармамен таныс емеспін. Одан соңғы «Тайталас» романы сыншылардың пікіріне қарағанда, ілкімді туынды боп шыққан. Бұның сыртында жазушының қаламынан жиырмаға тарта хикаят, жүзден аса әңгімелер туындаған еді.
Атамның еңбектерін түгел оқыдым деп айта алмаймын. Өлең де жазады. Кітапқа зауқы жоқ роман, повест оқудан алыстап кеткен бүгінгі оқырман әдебиет тәрбие құралы екенін түсінгісі келмейді. Біздің кішкене кезімізде әр үйде кем дегенде жүз кітап болатын. Бүгінде бөлмелері дүние-мүлікке сықалған хан сарайындай кең үйден ырымға бір кітап таппайсың.
Аудан орталықтарында, халық көп қоныстанған кенттерде, шағын қалаларда кітап дүкені жоқтың қасы. Ірі қалалардың өзінде кітап дүкені бірді-екілі ғана. Қазақша шығатын кітап тапшы. Кітапхана баршылық, алайда сол рухани игілік ордасына бас сұғатындар жылдан-жылға сиреп барады. Блогер немесе газет тілшісі емеспін. Аяқ астынан «кітап жанашыры» болып шыққаным – атамның шығармашылығына байланысты туған ой.
Атам белгілі жазушы бола тұра ауылдан ұзаған жоқ. Атақ қумайтын кісі. Жарық көрген кітаптарын қаладағы маған жібереді, «Әдебиетшілерге, оқырмандарға тарат» деп. Сондағы бір байқағаным – кітап ұсынғанда кейбір таныстар кітапты алғысы келмейді. Сонда өз-өзімнен қарадай қыстығамын. «Әлгі паң кісі кітаппен қоса менің атамды қорлап тұр-ау» деген жаман ой келеді басыма.
Жұртшылыққа кеңінен мәлім белгілі жазушы Өмір Кәріпұлының «Бастау» романы (2022 ж.) аз тиражбен (500 дана) басылып шыққан еді. Бәріміз, ол кісінің балалары мен немерелері қаржы жиып, романның жарық көруіне көмек көрсеткен болатынбыз. Кітапты тегін берсең де, алғысы келмейтін кейбір кісілердің қараулығына қынжыламын.
Әдебиет сыншыларының пайымдауынша, жазушының «Бастау» романы кең тынысты туынды боп шыққан. Атамның қартайғанда жазған романын қосымша басып шығаруға демеушілік көрсетіп, соңын шығармашылық кешке ұластырған Шет ауданының басшыларына, жұртшылығына, жазушының оқырмандары, туған-туыстары атынан шексіз алғыс айтамын!
Гүлнұр КӘРІПОВА,
немересі
ҚАРАҒАНДЫ