Руханият

Атадан қалған игі салт

Өмірі мен қызметін ұлтының тағдырымен біріктірген, атақ-даңқы ру мен тайпа шегінен асып кеткен ата-бабалардың рухына құрмет көрсету, алыс-жақынға сауын айтып, ас беру – халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан жақсы дәстүрлерінің бірі. Ұлан-асыр астың үстінде ортақ әулеттен тараған адамдар өздерінің туыстық байланыстарын қайта жаңғыртып, жөн сұрасады, тонның ішкі бауындай араласып, танысады. Жақын ағайындылар бір-біріне жанашырлық танытып, қиын жағдайға тап болған бауырларына көмек береді. Туыстық жөнін білгендер жеті атаға дейін қыз алыспайды, қан тазалығын сақтайды. Ұлттың болашағы үшін мұның маңызы зор. Дербес руға айналып кеткен алыс ағайындар сүйек жаңғыртып, құдаласады.

Суреттерді түсірген Ерасыл БАЗЫЛОВ

Балқантаудың баурында ескерткіш белгісі ашылып, республика көлемінен қонақтар шақырылған Жарылғап батырға келетін болсақ, бұл жиынның орынды да мәнді себептері бар. Біріншіден, өз дәуірінің танымал тұлғасы, есімі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектерінде Абылай ханмен қатар аталатын адам. Екіншіден, рулы елге есімі берілген батырдың кіндігінен ел тұтқасын ұстаған Ақайдың Қасені сияқты көсемдер мен Нығмет Нұрмақов тәрізді қоғам қайраткерлері, Балта мен Айтбай сынды аузы дуалы ақындар мен Ғаббас пен Қуан Лекеровтей көмекейіне бұлбұл ұялаған әншілер, беріде ғалымдар мен қаламгерлер тарады. Мөлдір бұлақтың бастауында тұрған сол аруаққа құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың парызы. Үшіншіден, қазақ жұрты ру-тайпалардан құралса да, бағзы дәуірлерден бастап, Ресей империясының отарлығы өрістегенге дейін әулет-әулетімен бірге қоныстанып, туыстық бірлігін берік сақтаған еді. Орыс патшалығының отарлығымен бірге келген түрлі апаттар, әсіресе, қазақтарды күштеп отырықшыландыру, аштық нәубетін ұйымдастыру, саяси қуғын-сүргін, қолдан жасалған басқа да тозақтар салдарынан халқымыздың басынан адам санасына сыймайтын қиындықтар өтті. Кеңес билігі шаруалардың күнкөрістік малын тартып алып, қазақты аштан қырған, саяси қуғын-сүргінге ұшыратқан жылдары Ағыс Қудың батыс бетін қоныстанған Жарылғап ұрпақтарының аман қалғандары да босқынға түскен елмен бірге жан сауғалап, жер бетіне тарыдай шашылып кетті. Солардың бәрі болмаса да біразының осы жиын болатынын естіген ұрпақтары бастарын қосып, шұрқырай табысты. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы тұсында, әсіресе Қазыбек би атындағы аудан жабылғаннан кейін кәсіп іздеп кеткен туыстар бір-бірімен қайта танысып, білісті. Сондықтан, Жарылғап батырға берілген ас сауабы мол шара болды деп сеніммен айта аламыз.

Ас іс-шарасы Ағыс-Қудың батыс бетіндегі Жарылғап ұрпақтары үш ғасырдан бері қоныстанып келе жатқан өңірге қарай Егіндібұлақ ауылынан шыға берістегі Ақкезеңге батырдың құрметіне белгі тас қоюмен басталды. Оның лентасын қию құрметі осы әулеттің қадірлі өкілдері Серік Әлімов, Рымбала Омарбекова мен Санабек Шошаевқа берілді.

Егіндібұлақтың шығыс бетіндегі негізгі шаралар Абылай хан мен Жарылғап батырдың кездесуі арқау болған театрландырылған қойылыммен жалғасты. Асқа жиналғандарды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова, облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, бокстан әлем чемпионы Серік Сәпиев, халықаралық жарыстардың жүлдегері Ризабек Айтмұқанов, асты ұйымдастыруға мұрындық болған қоғам белсендісі Амантай Дәуіпбаев, басқа да танымал адамдар құттықтады. Оның ізін ала «Шаншар Жарылғап Тілеукеұлы және ұрпақтары (тарихи-деректік жинақтың)» таныстырылымы болды. Көпшілікке арналған кітапқа Жарылғап Тілеукеұлы туралы архив құжаттары, тарихи очерктер, естеліктер, батырдан тараған ұрпақтардың жетістіктері туралы ақпараттар мен шежірелік деректер топтастырылыпты. Осыдан кейін басталған концерттік бағдарлама ұзақты күнге жалғасып жатты. Оған республика көрермендеріне танымал Ержан Базарбеков, Қазыбек Әдікей, Медет Осатаев, Нұрлытаң Саятқызы, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі сияқты кәсіпқой өнер шеберлерімен қатар жергілікті көркемөнерпаздар ұжымдарының мүшелері, Жарылғап ұрпақтары да қатысты. Гала-концертте Айнұр Әбдуәлиева, Тамара Асар, Нұржан Мәстура, Балауса Әбдуәлиева, Нұрболат Еренғайып, «Үш жүз» тобы, «Алатау серілері», басқа да өнер шеберлері Егіндібұлақ аспанын әнге бөлесе, кешті Амангелді Ахметжанов түйіндеді.

Астың алдында Егіндібұлақ ауылының имамы Рүстем Ғаббасов батыр бабаның аруағына дұға бағыштады.
Ас пен тойдың сәні – ұлттық спорт ойындары. Оны көкпаршылар бір күн бұрын іріктеу жарысымен бастаған еді. Екінші күні финалдық кездесулер өтіп, І орынды Қарағандының СМК, ІІ орынды Қарағайлы кентінің, ІІІ орынды Баянауылдың (Павлодар облысы) «Қызылтау» командалары иеленді.

Кейінгі жылдары дәстүрге айналған қой көтеру жарысында Темірлан Отанұлы мен Жұмат Апашев ерледі. Кір тасын көтеруде жүлделі орындарды Арсылан Құсайынов, Ернат Отыншин, Танат Бердалин бөлісті. Қол күресінде алғашқы төрт орынды Азат Қарашолақов, Нияз Рысбай, Алексей Сазанов, Елдос Бағыт иеленді. Арқан тартыста Қасым Аманжолов ауылынан келгендер қарсылас шыдатпады. ІІ орынды «Егіндібұлақ-2», ІІІ орынды Қарағайлы темір жолы, ІV орынды Ақбай-Қызылбай ауылының командалары алды. Садақ тартуда астаналықтар Ербол Тапенов пен Жангелді Өрен алғашқы екі орынды бөліссе, үшінші жүлде қарағандылық Қуан Ақшолақовқа бұйырды.

Күрес 66 және 74 келіге дейінгі салмақтарда өтті. Алғашқысында Қаражал қаласынан барған Қалыш Еренғайып – І, басталдық Санжар Қанафин – ІІ, Босағадан барған Мадияр Қарғұлов ІІІ орыннан көрінді. 74 келіде жаңаарқалық Әбілқайыр Мәденин жеңімпаз болып, кенттік Әділет Құсайын – ІІ, қарқаралылық Нұрхан Қуатбек ІІІ орын алды. «Түйе балуандар» белдесуінде Бұқар жырау өкілі Ерғанат Молдағұлов жеңіс тұғырына көтерілді. Шымкент шаһарының балуаны Қайсар Шамшидинов – ІІ, шеттік Ақжігіт Оралов ІІІ орын иеленді.

Тай жарыста Тоғызқұдықтан барған Боран Тергеубектің «Айзасы» озып келді. Шабандозы Сабалақ есімді бала. Екінші орын өсібайлық Асылназдың «Сәулешкасына» бұйырды. Шабандозы – Әмір. Ынталы ауылының «Көкжидесі» үшінші орыннан көрінді. Ат иесі – Жаңбырбай, шабандозы – Мейіржан.

Аламан бәйгеде алдыңғы бес атқа жүлде берілді. Нұраның Ақмешітінен барған Намыс Нуриннің «Көкшоқайы» 26 аттың алдында келді. Шабандозы – Сабалақ. Маңғыстаудан ат арытып жеткен Нұртас деген азаматтың «Тастүлегі» – ІІ (шабандозы – Айдар), астаналық Бақыт Торғаевтың «Манчестрі» – ІІІ (шабандозы – Жоламан), бұқаржыраулық Бейімбет Смайловтың «Алтын қасқасы» – ІV (шабандозы – Мұхаммед), егіндібұлақтық Дулат Төлеубаевтың «Қанторысы» V (шабандозы – Жани) орын иеленді.

Тойдың болғанынан боладысы қызық» дейді халқымыз. Осыншама дайындық жұмысы жүргізілген мереке бір-екі күнде дүркіреп өте шықты. Тек соның қазіргі жастарға, келер ұрпаққа беретін жақсы өнегесі көп болғай!

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button