Осакаров

Ата кәсіп қайта жаңғырады

Билік шаруа қожалықтарымен бетпе-бет кездесуге қашанда әзір. Екі тарап ауыл шаруашылығын дамытудың ұшан-теңіз пайдаға бастайтынын жақсы түсінеді, себебі. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниевтің бастамасымен өткізілген оқыту семинары бұл ойымызды қуаттай түсті.

Ауыл шаруашылығын дамыту – үйір-үйір жылқы қайырып, отар-отар қой баққан халқымызға жаңалық емес. Ата кәсіпті қайта жаңғырту.

Мемлекет осы мақсаттағы механизмдерді пысықтапжетілдіруде. Мәселен, Етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленді. Құжат фермерлік шаруашылықтарды қолдау, ет өнімдерін өңдеудің заманауи кешендерін құру, бордақылау алаңдарының санын арттыру мәселелерін қамтиды. Нәтижесінде, жылқы, сиыр және қой өсіретін 80 мың отбасылық шаруашылық құрылады деген болжам бар. Сондай-ақ, жайылым алаңы 100 миллион гектарға дейін ұлғаяды. Ірі қара саны 15 миллионға жетсе, 30 миллион қой өрісімізді толтыруы тиіс.

Бағдарламада шаруа қожалықтарының жеке талаптарын қолдау да ескерілген. Яғни, жер учаскелерін бөлу, төрт түлікті және қажетті техника мен құрал-жабдықтарды сатып алуға жеңілдетілген несие беру, жайылымның инфрақұрылымын құру мәселелері басымдыққа ие.

Мұндай игі бастама Президент тапсырмасын орындау мақсатында қолға алынған. Елбасы өз Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенге еңбек өнімділігін арттыруды міндеттегенін ел жақсы біледі. Мақсат – ауыл шаруашылығының қайта өңделген өнімдерін экспорттауды екі жарым есеге ұлғайту.

Бірінші вице-министр бөлінетін субсидиялардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатындағы шаралармен де таныстырды. Алдағы жылдан бастап бұл жұмыстар толығымен электронды түрде жүзеге аспақ. Ең алдымен, «бармақ басты, көз қыстының» жолын кесу үшін.

– Үкімет тарапынан шаруа қожалықтарына қолдау бар. Төрт түліктің санын көбейтіп, шаруашылығын өркендетуге ниетті азаматтарға тиімді ұсыныстар жасалуда, – деді А.Евниев.

Ашық пікір алаңындағы семинарға аудандардағы шаруа қожалықтары, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты. Олар өзара командаларға бөлініп, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жолдары төңірегіндегі ойларын ортаға салды. Нақты мысалдар келтіріп, күтілетін нәтижелерді алға тартты. Жеңімпаз топ әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы дауыс беру жолымен анықталды. Және 300 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Әр топтағы үздік ойыншыларға бизнесті сәтті жүргізу тақырыбын қамтыған кітаптар сыйға тартылды.

Семинар барысында шаруалар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ведомство өкілдерінің кеңестеріне құлақ түрді. Қазақстан фермерлері одағының басшысы Әуезхан Дарынов та сөз алып, өзара тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды.

Басқосудың сәтті өткенін айтқан облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығына алғыс білдірді.

Осакаров ауданындағы осынау шараға жиналғандар ауданға қарасты «Есіл» селосындағы С.Магамадовтың шаруашылығымен де танысты. Шаруа қожалығы ірі қараның тұқымын асылдандыруды қолға алған. Мемлекеттің қаржылай көмегімен қазақтың ақбас бұқаларын сатып алыпты. Еншісінде әзірге 60 сиыры бар екен. Болашақта тағы да несие рәсімдеп, етті ірі қараның санын екі есеге арттыруды көздеп отыр.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button