Жаңалықтар

Ата қабіріне зиярат

Сонау бала кезімізден 9 мамыр Жеңіс күні бір ерекше мейрам екендігі, көше бойы қызыл жалау, құрметті ардагер кеудесінде орден мен медалі жарқырап, алғы шепте жүрген болса, ең соңында біз оқушылар қолымызға гүл мен қызыл жалау қармап, айбынды шеру қатарында жүрген, мәз болған кез кешегідей есімізде.

Сурет: автордың жеке мұрағатынан

Сол қан майданда, шаңырағы шайқалмаған отбасы жоқ шығар, сірә?!. Ұлы Отан соғысында әкелеріміз Отанымызды жаудың басқыншылығынан асқан батырлықпен және жанқиярлықпен қорғап, шынайы ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Олар қасық қанын ел үшін, атамекен жер үшін сан шайқаста соғысып, есіл жанын елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін пида етті. Қаһармандарымыздың

аңызға айналған ерлігі – кейінгі жас буынға өлмес өнеге.

Жеңіс күні жақындаған сайын «Кімдер қалды? Қаншасы жүр екен?» деген сауалдар санамды шырмап ала береді. Өйткені, әулетімізде мақтан тұтар атамыз Алпамыс Аманжановтың майдан даласында қаза тапқанына 81 жыл толды. Әжеміз Балкен Ахметжан қажы қызы да тылдағы ауыр жұмыста талмай, балаларын жеткізіп, ел қатарлы ғұмыр сүрді. Кіші баласы Сайлау – әскери қызметте жүргенде мұрағаттан іздеу салып жүретін, ақжарқын жан. Бір-де анасына: «Шешей, шалыңыз тірі екен, неміс әйелі мен 6 баласы бар екен», – деп қалжыңдапты. Сонда қайран әжеміз: «Е, аман болса, болады!» деген екен, қолына қара қағаз алса да күрсініп. Сол қаралы хабарды мөрлеген құжат Сатыбалды ұлының қарашаңырағындағы сандықта сарғайып жатыр. Алайда, бүгінде ұрпақ жалғасып, өмір өз арнасымен ағып келеді…

Бізге белгілісі, Ұлы Отан соғысында қайтыс болған жауынгердің көмілген жері жеке болса, мәйітті қазып елге алып кетуге болады. Егер ортақ жерде көмілсе, ескерткіш қоюға рұқсат етілген. Ресей мемлекетінің заңы сөйдейді. Алпамыс Аманжанов атамыз 1943 жылдың 22 қаңтарында көршілес елдің қазіргі Белгородск облысы, Красногвардейск ауданы, Засосна елдімекенінде қаза тапқаны мәлім болды. Оны мұрағат құжаты растайды.

Жаңарқа ауданы, Бидайық ауылында ағайын-туыс мекендейді. Неміс ұлтының өкілі Виталий Миллер жерлесіміз, өзі тұратын жерден шамамен 200 шақырымдай жер болуы керек, уақыт тауып, мұрағаттан майдангер атамыздың жатқан жерін іздеп тауып, басына естелік тақтайшасын орнатты. Сол игі ниеті үшін В.Миллер жолдасқа ұрпақтары Сатыбалды немересі Алпамыс Айдос және үлкен ұлы Жәдігер мен қызы Нағима атынан шексіз алғысымызды білдіреміз. Әке жолын қуған Сайлау Аманжанов Германияда 10 жыл қызмет етіп, өмірден озды. Ата жолын қуған Қуаныш Сайлауұлы да перзенті Алдиярды ертіп, Алпамыс атасының басына барып, Құран бағыштады. Бір уыс топырағын әжесінің басына жеткізіп, көңілінде жүрген, асыл аманатын атқарды. Қайран бабаларымыз «Өлі риза болмай, тірі байымас» деп тегін айтқан ба, шіркін! Осындай рухани азық кімге болса да, қажет! Баһадүр бабаларымыздың жатқан жері жайлы, рухы шадыман болсын! Жаратушымыз, қандай шебер? Ал, тағдырларымызды байланыстырған уақыт атты тылсымына не дерсің! «Ешкім де ешқашан да ұмытылмайды!». Елімізде береке, ақзер әлемде бейбітшілік орнасын!

Манат ЖӘДІГЕРҰЛЫ,

ұрпағы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button