Бас тақырып

Ат үстінде асқақтайды айбарым!

Арқада алты ай қыс. Аязы сақырлап, бораны ұлыған қатал мезгілде қазақ сауық құрмағаны, ауыл араламағаны мәлім. Жаны мен малы аман болып, төрт көз түгел көктемге ілігуді жаратқаннан тілейді. Ал, көктем жеткенде бір-бірін алты ай көрмеген ағайын сағынышпен қауышады. Көрісу үшін төңірегін жайлаған туған-туыс, дос-жарандарына барады. Табиғат жаңарды деп, қыстың құрсауынан басымыз аман, бауырымыз бүтін шықты деп Ұлыстың ұлы күнін атап өтеді. Дәл осы мезгілде мынау байтақта сауық-сайранның маусымы басталады. Әсіресе, дер шағына жеткен бозбалалар мен бойжеткендердің күтетін күндері бұл. Көңіліңдегі тоңды сәуірдей ерітетін ән мен айтыстың жөні бір бөлек. Ал, бойында қаны тулаған, асаумен арпалысқан білекті һәм жүректі жігіттер ерге қонады. Балуандар бозкілемге шығады. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі жаһан жұрты асыға күтетін футбол маусымы секілді, ұлттық спорттың маусымы ашылады. Ата-бабадан асыл мұра болып, ғасырлар бойы халқымыз­бен жасасып келе жатқан ұлттық спортымыз тек көңіл көтеріп, қиқулау үшін ғана керек емес.

Сурет: bigenc.ru сайтынан

Азияның қақ ортасына бекіген атамекенімізге көз тікпеген жау жоқ. Төңіректің бәрі қызықты. Қызығатындай-ақ! Осы байтақ жерді көз алартқан жаудан қорғау үшін қазақ аттан түспеді. Батыр болады-ау деген баласына тұлым қойып, атқа отырғызды. Жылқымен бірге егіз етті. Кәрі құрлықтың ауыз әдебиетіндегі, мифологиясындағы жартылай адам, жартылай жылқы кентаврлар біз едік. Көзі ашық, көкірегі ояу, әділеттілікті ту еткен жаһан оқымыстылары мұны кейінде мойындап та жүр. Кәрі тарихты ақтарсаңыз, бұған дәлел көп. «Жылқы мінез қазағым» дейтін сөзді де естіп келеміз. Кейінгі мыңжылдықта алып құрлықты ат үстінде жүріп билеп-төстедік. Ұлттық спорт деп айдарлап қойған осы көкпар, бәйге, аударыспақ, теңге алу, жамбы ату секілді ойындарының негізгі миссиясы біреу ғана: күш-қуаты толысқан жігіттерді жауынгерлікке баулу. Бозбала асауға ауыздық тағып, мінезін, қайратын қайраған.

Мысалы, жамбы ату ойынында атпен шауып келе жатып, садақ ату керек. Жебені нысанаға дәл тигізу – басты шарты. Осы ойын қазақтың ұлан асыр тойында ұйымдастырылған. Тойдың сәні. Осы ойын жауынгерлікті, ептілікті шыңдайтыны сөзсіз. Әбден бапталған, күш-қуаты толысқан жүйріктің үстінде отырып, нысаны дәл көздеу – оңай іс емес, әлбетте. Тарихымызда жау әскерінен екі есе аз болса да, алыстан ұрыс салу тактикасымен жеңіске жеткен қолбасшыларымыз көп. Өзі көз ілеспес жылдамдықпен шауып келе жатса, бір уақытта жебені жаңбырша жаудырса, қандай қалың болса да, арғы беттегілер үшін оңайға соқпасы анық. Қазан атымен жүйткіген сарбазды сұлатып түсіру мүмкін емес-ау. Бір қарасаң сайдан, бір қарасаң төбеден шабады. Сәті келсе, найзасымен түйреп, қылышымен қиып өтеді. Алыстан шалма салып, дұшпанын сүйретіп те кетеді. Сүйреткені тірі қалса, «тіл» болуға да жарар. Әріге бармай-ақ, отты зеңбірегімен қазақ даласына лап берген орыс патшалығының жазалаушы әскерін жайратып салған Кенесары ханның ұрыс тактикасын есіңізге алыңыз. Қасым ханның баласы, Төле би бойынан Шыңғыс ханның отын көрген Абылай ханның немересі хан Кене!

 

Арқа ғана емес, Қазақстанның түпкір-түпкірінде жиі ұйымдастырылатын көкпардың да мазмұны – осы. Бүгінде дүниеге шыр етіп тізгін ұстары келсе, ауылдың мерейтойы болса және басқа да қызық, қуанышы болса көкпар ұйымдастыру сән. Жөн-ақ! Қазақ баласына бұдан асқан адреналин жоқ-ау сірә?! Бұлай болуы да заңды құбылыс. Өйткені, бұл қанға сіңген. Ұлттық код! Қиқуды естісек, жылы төсегімізден ұшып тұратынымыз бар. Ұран мен бойыңды шымырлатар қиқу санамызда жаңғырып тұр.

Жүйткіп келіп жерде жатқан серкені көтеріп алып, әрі қарай шабасың. Олжаңды тақымыңа басып, тұлпарыңды да тізгіндейсің. Астыңдағы жарап тұрған атың ойыңды қолыңның қимылынан-ақ ұғады. Бейне бір аяғындағы добынан айрылмай, қарсыласын алдаған футболшы дерсің. «Көкпар – Кентаврлардың футболы» деген өрелі қалжыңды естіп едік бір ақсақалдың аузынан.

Серкені тақымына басып, жан-жағын қаумалаған қарсыластан сытылып бара жатқан балуанға қарап тұрып, көз алдыңызға қан-қасап майданның ішінде жаудың туына қарай жүйіткіген батыр елестейді.

Аударыспақтың да, теңге алудың да, күрестің де маңызы – осындай! Күрес арқылы қоян-қолтық ұрысқа шыңдалған.

Бұл күнде атқа отырып, садақ атып, найза, қылышпен отан қорғай алмайсыз. Бұның бәрі өтіп кеткен мыңжылдықта қалды. Бірақ, мәселе бес қаруда емес. Мәселенің бәрі – жүректе, мінез бен намыста. Осының бәрін қазақ қалай шыңдау керек екенін жақсы білген.

Биылғы Наурыз мейрамында ұлттық ойындарымызды ұлықтап жатырмыз. Заман қанша жаңарса да, ұлықталуы тиіс. Қазақ баласының мінезі мен қайраты кетілмей, керісінше қайраулы болуы үшін керек.

PS: Тойшыл қазақ дегенді жиі айтамыз-ау! Қазақ тойының осындай да функциясы бар екенін ескерген жөн.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button