Жаңалықтар

Ғасыр жасаған майдангердің таңдауы

Жүз жастан асқан Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Сұңғат Сәттіғұлов денсаулығына байланысты үйінен дауыс берді. Көгілдір тоғандар ықшамауданы 3 үй мекенжайы, Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте орналасқан №170 сайлау учаскесіндегі референдум комиссиясының мүшелері Сұңғат Сәттіғұловтың тұрғылықты жеріне барып, белгіленген тәртіпке сәйкес дауыс беруіне мүмкіндік жасады.

Суреттерді түсірген автор

Ғасыр куәгері ел өміріндегі маңызды саяси науқанға бейжай қарауға болмайтынын айтып, жастарды да ел тағдырына жауапкершілік танытуға шақырды.

Жүз жасты еңсерген қарияның өмір жолы – тұтас бір дәуірдің тарихы. Ұлы Отан соғысының ардагері Сұңғат Сәттіғұлов 1923 жылдың 1 қаңтарында Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген.

Жастық шағы ел басына күн туған қиын кезеңмен тұспа-тұс келген ол небәрі 18 жасында майданға аттанады. 1942 жылдың маусым айынан бастап Сталинград маңындағы сұрапыл шайқастарға қатысып, Отан қорғау жолында ерлік көрсетеді.

Майдан даласында жүріп, талай ауыр сәтті бастан өткерген жауынгер 1943 жылы жараланып, госпитальда емделеді. Бірақ сауығып шыққан соң қайтадан соғысқа оралып, жаумен шайқасты жалғастырады.

Ерлігі еленбей қалған жоқ. Соғыс жылдарында көрсеткен батылдығы үшін Сұңғат Сәттіғұлов ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталған.

Кейінгі жылдары ел дамуына қосқан үлесі үшін оған Қазақстан Республикасының «Құрмет» ордені де табысталды.

Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де қария ел игілігі үшін еңбек етіп, құрылыс саласында қызмет атқарды. Ұзақ ғұмырында ұрпақ тәрбиелеп, өмірдің талай белесін көрген ақсақал бүгінде кейінгі буынға үлгі болып отыр.

Биылғы референдумда батыр қария денсаулығына байланысты үйінде дауыс берді. Соған қарамастан, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерден шет қалуды жөн көрмегенін айтады.

– Біз соғысты көрдік, бейбіт өмірдің қадірін жақсы білеміз. Сондықтан, ел болашағына қатысты мәселеге бейжай қарауға болмайды. Әр азамат өз таңдауын жасап, мемлекетіміздің дамуына үлес қосуы керек. Жастар елді, жерді қадірлесін, Қазақстанның абыройын биік ұстасын, – дейді Сұңғат Сәттіғұлов.

Ғасыр жасаған ардагердің бұл ұстанымы – Отан алдындағы адалдықтың айқын көрінісі. Ел үшін от кешкен батырлардың аманаты – бейбітшілікті сақтау, бірлік пен тұрақтылықты нығайту.

Сұңғат Сәттіғұловтай майдангерлердің өнегелі өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлкен сабақ, елге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі болары сөзсіз.

Жәлел ШАЛҚАР
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button