Руханият

Ғасыр әуенін әлдилеген ғимарат

90 жылдық тарихы бар Қарағандының даңқын бір кезеңде облыстық радио комитетінің жанындағы қазақ хоры асқақтатқан еді. Сол өнер ұжымына да биыл 90 жыл толып отыр. Осыған орай, Бұқар жырау даңғылы бойында орналасқан 15-ші үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Бұл ғимарат 1934 жылы қазақ хор әртістеріне арнайы салынған екен. Ашылу салтанатына Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары мен облыс басшылығы қатысты.

1934 жылы Қарағанды радио комитетінің жанынан хор коллективі құрылды. Оның ұйымдас­тырушылары белгілі хормейстер Борис Орлов пен пианист, композитор Владимир Пирогов болды. Советтік музыканың беделді де, белгілі қайраткерлері жаңа коллективтің дүниеге келуін Қазақстан мәдениетіне қосылған үлкен үлес деп бағалады. Газеттер «Қарағанды хоры орындаған қазақтың халық әндері көкейімізде өзінің өшпестей ізін қалдырды», – деп жазды. Өнер ұжымының репертуарына қазақтың халық әндерінен басқа совет композиторының көптеген шығармалары ене бастады. Римский-Корсаков, Сергей Бородин, Джузеппе Верди секілді белгілі классик композиторлар шығармаларының соңында айтылатын хорларды Қарағандының хоры орындап беретін болды.

Ұжым Мәскеу, Фрунзе, Ташкент қалаларында болып, өз өнерлерін көрсетіп қайтты. Хорда Қали Байжанов, Забира Жұбатова, Кеншібай Мұстафин, Жабай Тоғандықов және тағы басқа солистер өнер көрсетті. Қарағанды хорының концерттері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шеберлігі жағынан сол кездегі Орта Азия­дағы бірден-бір алдыңғы қатарлы хор ұжымы болып саналды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ильдар Акильжанов лебізін жеткізді.

– Бүгінде мәдениеттің ордасына айналған Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің ұжымы XX ғасырдың басында қазақтың өнерлі тұлғаларынан құрылған хорды әрдайым жылы естелікпен, ыстық ықыласпен еске алып, тарих беттеріне аялап жазады. Тақтаның ашылуы – сөзіме дәлел. Қазақ хорының құрылуы – қазақ мәдениетіндегі айтулы оқиға болды. Өнерпаз бір жыл ішінде алып құрлықты шарлап, жұртты өзіне жалт қаратты. Бұл – зор мақтаныш, – деді Ильдар Акильжанов.

Салтанатты рәсімде қазақ хор ұжымында өнер көрсеткен Кеншібай Мұстафиннің қызы Сәуле Мұстафина сөз сөйледі.

Ерік НАРЫН,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button