Ғасыр құрдасына құрмет
Қарағанды облысында жеті Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Солардың бірі Григорий Степенко биыл 100 жасқа толып отыр. Ардагердің мерейтойы және Жеңістің 80 жылдығына орай арнайы салтанатты жиын ұйымдастырылды. Салтанатта Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Досбол Құлекеев облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың құттықтауын жеткізді.
– Бүгін – тарихи күн. Олай дейтініміз Григорий Петровичтің мерейтойы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Біз сіздерді құрметтейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Астанада әскери шеру өтетінін айтқан. Осы шеруге аудандағы ардагерлер, тағдыры майдан даласымен байланысты барлық тыл ардагері қатысады, – деді аудан әкімі.
Григорий Петрович 1925 жылдың 10 сәуірінде Воронеж облысындағы Нижние Ровинка ауылында дүниеге келген. 1943 жылы Павлодар облысы Лозов аудандық әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына шақырылды. Алғашқы шайқасына 2-Украина майданында пулеметші ретінде қатысқан. Курск-Орел доғасындағы шайқасқа, Белгород, Харьков, Курск, Кёнигсберг және Варшава қаласын азат етуге қатысқан. 39-армияның 56-атқыштар полкі құрамында Қиыр Шығыста жапон әскерін талқандауға да қатысқан. Тіпті, бірнеше мәрте жарақаттаныпты. Осындай көзсіз ерлігі үшін Отан соғысы және ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Одан бөлек, бірнеше медальді де кеудесіне қадаған. Қарағанды облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұлов та ардагерге тілегін білдіріп, Қорғаныс министрлігінің Құрмет грамотасын табыстады.
– Осындай адаммен бір ортада болу – біз үшін зор құрмет. Сіздің ерлігіңіз – тірі тарих. Бүгінгі ұрпаққа батырлықтың жарқын үлгісі. Сіздер азаттық жолында жан алып, жан бердіңіздер. Сондай ерлікті біздер, яғни, болашақ ұрпақ мәңгі жадында сақтайды. Сізді мерейтойыңызбен құттықтай отырып, бар жақсылықты тілеймін, – деді Еркебұлан Серікұлы.
Ардагер 1950 жылы жолдамамен Қарағандыға келген. Сол жылдары «Шахтострой» басқармасына қарасты цемент зауытына жұмысқа орналасқан. 1951 жылдан бастап, теміржол саласына келіп, бас жолсерік болып ауысады. 1981 жылы зейнеткерлікке шығып, одан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. Ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Марат Аймағанбетов те ардагерге ізгі тілегін жеткізді. Мерейтой иесі де жастарға алғысын айтып, тілегін жолдады.
– Сол кезде соғыс даласында қолына қару ұстап жауға қарсы шыққандардың басым бөлігі – жастар еді. Қазір заман басқа. Жастар бақытты. Кездесулерге барғанымда «Сіз жау сарбаздарын талқандадыңыз ба?» деп сұрайды. Мен сонда «Егер мен бірінші болып атпасам, олар мені атар еді» деп жауап қайтарамын. Мен өте ауыр кезеңдерді бастан өткердім. Жастар, абыройлы өмір сүріп, бейбітшілік жолында жанын қиған жандардың еңбегін ұмытпаңдар. Біз сонда ғана қанмен келген азаттығымызды сақтап қала аламыз, – деді ардагер.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Айдын ТОНТАЙТЕГІ